Фото: zabota.azpp.kz
57 жастағы азаматтың еңбек жолы еліміздің тәуелсіздік алған кезеңімен сабақтасып жатыр. Ол «Қазақстанның қызмет саласы мен кәсіпорын сауда нарығының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің өңірлік филиалына 2004 жылдан бері жетекшілік етеді. Қоғам белсендісі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде түрлі түйткілдерге араласып, сауатты кеңес береді. Базар – ел экономикасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі көрсеткіші. Бүгінде өңірде заманауи талаптарға сай отыз базар мен сауда орындары болса, олардың арасындағы сәулеті, сауда жасаушыларға қолайлылығы және тазалығы жағынан үздік шыққандары республикалық сауда желілері арасындағы сайыстарда озық шығып жүр.
Дмитрий Довматенко Ақтөбе қаласындағы орта мектепті аяқтап, кеңес армиясында әскери борышын өтеп келген бойы рентген зауытына слесарьдың көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Сол уақытта кеңес одағына рентген құрал-жабдықтарын шығаратын кәсіпорында 4 мың адам еңбек етті. Кеңестік қорғаныс саласының жабық кәсіпорны тарихы соғыс жылдарына барады. 1941 жылдың қазанында Мәскеу рентген зауыты 136 маманы, құрал-жабдықтарымен теміржолмен Ақтөбеге көшіріледі. 1954 жылы осы зауыт медициналық құрал-жабдықтарын шығаратын өндіріс болып қайта құрылды.
Осы жерде слесарь көмекшілігінен бастап бригадирлікке дейін көтерілген Дмитрий Адамович Мәскеу политехникалық институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығы бойынша диплом алып, елге оралды. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен 25 жастағы жас инженерді әріптестері 1982 жылы Ақтөбе қалалық кеңесіне депутаттыққа ұсынды. Өйткені оның үлкен өндірісте еңбеккердің сөзін сөйлеп, істің көзін таба білетіні әріптестеріне ұнады. Ол заманда кәсіподақ ұйымының да ықпалы күшті еді. Одақтағы ең жабық кәсіпорындардың бірі 90-жылдардың тоқырауына ұшырап, бастапқыда зауыттың 4 мың жұмысшысы кезек-кезек ақысыз еңбек демалысына жіберілсе, кейін қысқарту келді. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, өнім өткізу аясы да тарылды. Инженер-техник мамандар тарихи отандарына қоныс аудара бастады.
Жұмыссыз қалған ақтөбеліктер бала-шағасын асырау үшін ала дорба арқалап, базарға шықты. 1997 жылы Дмитрий Адамовичке қаладағы 250 адам еңбек ететін сауда кәсіпорнын басқару туралы ұсыныс түсті. Бөлшек саудадан гөрі бөлшек жасаудың қыр-сырын жақсы білетін инженерге сауда-саттықпен айналысу қиынға түсті. Сол жылдары Ақтөбеде орталықтандырылған сауда желісіне түскен тауарды тікелей дүкендерге тарататын жабдықтау мекемелері жұмыс істеді. Директор Довматенко қоймаға түскен тауардың тез сатылымға шығуы үшін тер төкті. Алайда түбегейлі құрылымдық өзгеріске түскен экономикада ескі қатынастарға орын да қалмайды. Кәсіпорынның табысты болуы жақсы менеджментке байланысты болатынын сол кезде ұғынған ол 1997 жылы құрылған Қазақстанның базарлар және кәсіпкерлер қауымдастығына иек артты. Ол жабайы базар саудасына балама көздерді іздеуден қашпады. Алайда қауымдастықтың сауда жолдарын заңдық тұрғыдан реттеуге қауқары болмады. Соған қарамастан қалада да, далада да қаптаған қара базарларда еңбек күші мол шоғырланды. Азық-түлік, киім-кешек, шаруашылық бұйымдары, жиһаз, көлік құралдарын сататын сауда нүктелерінде жұмысқа қабілетті азаматтар еңбек етті. Қытайдан, Түркиядан тауар тасу жолдары жақсы жолға қойылды.
«Мені инженер, сауда мекемесінің басшысы, қоғамдағы өзгеріске бейжай қарамайтын адам ретінде базарлар жүйесін өркениетті сауда жүйесіне алмастыру жолдары алаңдатты. Жасыратыны жоқ, елімізде сауда орындарының жұмысын реттеу жөнінде Үкімет қаулысы алғаш рет 2003 жылы шықты. Оған дейін елімізде көпшілік сауда нүктелері мемлекеттік бақылаудан тыс, ашық аспан астында, жаймабазарлар түрінде шоғырланды. Оларға жағдай жасалмады. Жас қыздар, әйел адамдар аязға тоңып, күнге қақталып сауда жасады. Базар басшылығы, ең алдымен, салығын уақтылы төлеп, отбасын асырап жүрген еңбеккердің жағдайын жасауы керек. Қауымдастық филиалы сауда жасаушылардан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кассалық аппаратты сатып алуға ұсыныс тастады. Салық төлеушілерді заңдастыру ұсынысы алғашқы кезде қатты қарсылыққа тап болды. Мұнымен бір кезде жергілікті өнім өнірушілері тауарларын делдалсыз сататын сауда қатарларын құру туралы мәселе көтердім. Саяжай тұрғындарының қаланың әр жерінде жеміс-жидек, көкөністерін сататын шағын сауда павильондарын құру туралы ұсындым. Бұл сатып алушыға да, сатушыға да пайдалы емес пе? Алайда осы жоба әлі күнге дейін толық іске аспады», дейді Анатолий Адамович. Мұнымен бір кезде ол жалдау құны өте төмен коммуналдық базар салуды ұсынды. 2006 жылы облыстық мәслихат депутаттығына сайланған күннен бастап «Табыс» сауда нүктесінің жобасын өзі әзірледі. Қазіргі кезде қаланың оңтүстік-батыс шетінде, Ақтөбе – Қобда тасжолының бойында орналасқан «Табыс» базарында Ақтөбе аудандарының шаруалары өсірген картоп, сәбіз, қырыққабақ, қауын-қарбыз сатылып жүр.
Дмитрий Довматенко облыстық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты болған жылдары кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасындағы әріптестік қатынастарды жолға қоя білді. Халық ең көп тұтынатын азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сату жолдарын жасады, өнім шығаратын кәсіпкерлер мүддесін әртүрлі мінбелерде қорғай білді. Сол еңбегі үшін ҚР мәслихаттарының Құрметті депутаты атағына ұсынылды. Кәсіпкерлікті дамытудағы еңбегі үшін «Шапағат» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері атанды. Қазіргі кезде Дмитрий Адамович Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде әдеп жөніндегі комиссия мүшесі, өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық әкімдіктегі үшжақты комиссияны басқарады, азық-түлік базарындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі штаб мүшесі.
Ақтөбе облысы