Экономика • 27 Шілде, 2024

Берекелі саланың мерекесі

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасын­дағы мерекелер туралы» заңға сәйкес біздің елде ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелер атап өтілетіні белгілі. Осының ішінде ұлттық һәм мемлекеттік мерекелер арнайы іс-шаралармен республика деңгейде қамтылады. Ал кәсіби мереке­лердің жөні бөлек. Мемлекеттік мерекелер мәртебесі берілмегенмен, бұл – аты айтып тұрғандай, әр кәсіп­тік салада еңбек етіп жүрген аза­мат­тардың атап өтетін арнайы күні. Демек, мұндай арнаулы күнде әріптестеріңізді, таныстарыңыз бен жақын­дарыңызды құттықтауға әбден болады. Қош, алдағы жексенбі, яғни 28 шілде – Сауда қызметкерлері күні. Кәсіби мерекенің уақыты өзгер­мелі, өйткені жыл сайын шілденің төр­тінші жексенбісіне белгіленген.

Берекелі саланың мерекесі

Мереке тарихы ілгеріде жатыр. Деректерге сүйенсек, кеңестік кезеңде сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және ком­муналдық шаруашылық қызмет­кер­лерінің күні болды. 1966 жылдан бастап шілде айының соңғы жексенбісінде аталып өткен. Ал 1988 жылы наурыздың үшінші жексенбісіне көшірілген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл кәсіби мереке Сауда және интеграция министрлігінен бұрын құрылған. 2017 жылы 31 қазанда Үкіметтің №689 қаулысымен шілденің соңғы демалысы – Сауда қызметкерлерінің күні болып белгіленген. Биыл кәсіби мереке 28 шілдеге сәйкес келіп отыр. Демек 2018 жылдан бері сала қызметкерлері мерекені 7-рет қатарынан атап өтпекші. Сондай-ақ бұл мереке ТМД елдерінде де бар. Мысалы, Беларусь пен Украинада шілденің соңғы жексенбісіне келеді.

Сауда – экономиканың маңызды саласы. Аталған сала мемлекет бюджетіне түсетін салықтың көп бөлігін қамтып отыр. Әрі жұмыссыздыққа тосқауыл қоюда да өте маңызды рөл атқарады. Сау­да және интеграция министрлігі берген мәліметке сүйенсек, еліміздегі сауда саласында 1,5 миллионнан аса адам қызмет етеді. Сондай-ақ 80 мыңға жуық сауда нысаны бар. Бұның ішінде 700-ден астамы – түрлі сауда базарлары.

«2019 жылы құрылған Сауда және интеграция министрлігі 5 жыл ішінде ауқымды жетістіктерге қол жеткізді. Осы аралықта ішкі сауда айналым 60 па­йызға артса, сыртқы тауар айналым 43 пайызға өсті. Тауарлар экспорты был­тыр 35 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ ұлт­тық сауда секторын дамытуда айтар­лықтай жетістіктерге ие болдық. Ауқым­ды жұмыстар нәтижесінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде саладағы көптеген ке­дергі жойылды. Бұл халықаралық саудада мәртебемізді жоғарылатып, экономикалық байланыстарды кеңей­ту­­ге ықпал етті. 2019 жылдан бастап қа­зақстандық компаниялар экспорт арқы­лы Alibaba, Wildberries секілді халық­ара­лық электрондық алаңдарға шыға ­бас­та­ды. Аталған бастама жаңа жұмыс орын­дарын көбейтіп, бүгінгі на­рыққа шығуға мүмкіндік берді», дейді министрлік­ке қарасты Сауда комитетінің төр­ағасы Айдар Әбілдабеков.

Төрағаның сөзінше, еліміз Иран, Син­гапур және Сербиямен маңызды еркін сауда келісімдерін жасаған. Бұл ел бойын­ша экспорттаушылар мен импорттау­шы­лар үшін жаңа мүмкіндік туғызып отыр. Сондай-ақ Қытаймен сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, біздің еліміз әлемдегі жетек­ші экономикалық ойыншылардың бірі­мен қарым-қатынасымызды нығайтуға ма­ңызды қадам басқанын баса айтқан жөн.

Сауда қызметкерлерінің мақсаты – ха­лық­тың тауарлар мен қызметтерге сұра­нысын қанағаттандыру. Расымен де, өмір сүру дағдымызды дүкендер мен басқа да сауда орындарынсыз елестету тым қиын. Адамзаттың түрлі қажеттілігін өтейтін нысандардың маңызы ерекше. Екіншіден, сауда кәсіпорындары жыл сайын дамып, заманауи технологиялық қызмет көрсету стандарттарын енгізіп жатыр. Өйткені тұтынушылардың да өнім мен қызмет көрсетуге қойылатын талаптары артқан.

Айта кетейік, кәсіби мерекеде сала қызметкерлерін министрлік және өзге де мемлекеттік құрылымдар құттықтайды. Жыл сайын оларды диплом және арнайы сыйлықпен марапаттап, құрмет көрсетіп келеді.