Аймақтар • 30 Шілде, 2024

Бөтелке тапсырып, балмұздақ алды

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облысымыздың жер-жер­­дегі жеткіншектері рес­публикалық «Таза Қа­зақ­стан» экологиялық акциясы аясында 110 мың­нан аса пластик бөтел­кесін бал­мұздаққа айырбастады.

Бөтелке тапсырып, балмұздақ алды

Кемі бес бөтелке әкеліп тапсырған әр балаға балмұздақ берілді. Әсіресе, бүлдіршіндердің бел­сен­ділігі жоғары болды. Ар­найы бөтелке қабылдау пунктте­ріне отбасымен келгендерде көп. Майқұдық саябағында бүл­дір­шіндер 50 мың бөтелке табыстап, 10 мың балмұздақ алыпты. Осы арқылы аулада шашылып жатқан бос бөтелкелер жиналып қалды.

Балаларға арналған мұндай акция аймағымыздың басқа қала-аудандарында жалғасты. Мә­селен, Теміртаудың кішкентай тұрғындары 45 мың бөтелке жинап, 4 500 балмұздақ алды.

– Қала тұрғындары, әсіресе, бала­лар белсенді қатысты. Алдағы уақытта осындай акцияларды тұрақты негізде өткізуді жоспар­лап отырмыз. Бір жағынан бала­ларға базарлық болса, екінші жа­ғынан тазалыққа үлес қостық, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев.

Мұндағы акцияға қатысқандар 10 бөтелкені балмұздақ алатын та­лонға ауыстырып отырды. Ал Шахтинскінің балалары 12 500 бөтелке тапсырыпты. Бұл жақтың бүлдіршіндері де аталған акцияға білек сыбана кіріскен көрінеді. Өздері мәре-сәре болып, мерекелік көңіл күй сезініпті. Аз ғана уақыттың ішінде қала тазарып қалды дейді ұйымдастырушылар. Қарқаралылықтар 4 500 бөтелке жинады. Саран қаласы, Ақтоғай және Абай аудандарының тұрғын­дары да есте ерекше қалатын тазалық эстафетасын жалғап әкетті. Олар да сәйкесінше 2 400, 3 000 және 2 000 бөтелке жинап тапсырған. Акция бастау алған бетте де Бұқар Жырау, Нұра және Шет аудандарының тұрғындары 2 500-ге жуық бөтелке жинаған.

Аймақ тұрғындары, әсіресе балалар пластмаст, шыны бөтелке жинау арқылы қалдықтарды қайта өңдеуге, осылайша өлкемізді таза ұстауға үлесін қосты. Бастысы, балалар экологиялық мәдениет дағдыларын үйренді.

 

Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар