Дәстүрге айналған халықаралық физика олимпиадасы жыл сайын жоғары сынып оқушылары арасында өтеді. Биыл үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан командасының құрамында Астана қаласы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әмір Пішенбаев, Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инноация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Артур Ким, Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Досжан Бейсенбі, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Марғұлан Нұрсағатов және Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек бар. Ал құрама команданың жетекшілері – SDU University доценті, PhD доктор Самат Мақсұтов пен SDU University физика пәні мұғалімі Назарали Айтжанов.
«Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Соның бірі – халықаралық физика олимпиадасы. Аталған білім бәйгесі алғаш рет 1967 жылы Польшаның Варшава қаласында өтті. Ал Қазақстан құрама командасы бұл сайысқа 1997 жылдан бері қатысып, 113 медаль иеленді. Нақтырақ айтсақ, 14 алтын, 45 күміс, 29 қола, 25 құрмет грамотасына қол жеткіздік», дейді Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Айта кетейік, халықаралық олимпиадаға әр мемлекеттен тек бір команда ғана қатыса алады. Ал бір командада әрі кетсе бес оқушыдан болуға тиіс. Сайыс екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – теориялық, екіншісі – эксперименттік. Осы екі кезеңнен де сүрінбей өткен оқушылар жеңіс тұғырынан көрінеді.
Құрама команданың жетекшісі Самат Мақсұтовтың айтуынша, сайысқа қатысушы әр оқушы кемінде төрт-бес жыл дайындалады.
«Бұл білім бәйгесі халықаралық деңгейде болған соң, сайыс өте тартысты өтті. Жарыстың шарты бойынша барлық қатысушының сегіз пайызына алтын, он жеті пайызына күміс, жиырма бес пайызына қола медаль беріледі. Жалпы алғанда қатысушылардың тең жартысы жүлделі болады. Аталған бәсекеге жыл сайын 80-нен аса мемлекет қатысатын. Ал осы жолы ұйымдастырушы Иран мемлекеті болған соң, саяси жағдайларға байланысты қатысушылар жылдағыға қарағанда әлдеқайда аз болды. Нақтырақ айтсақ, 46 мемлекет қатысты. Бұл – сәйкесінше медальдар саны да өте аз болады деген сөз. Соған қарамастан еліміздің құрама командасы төрт күміс, бір қола медальға қол жеткізіп, айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетті. 2-орынның тұғырынан көрінген төрт үздігіміз – 11, 12-сынып оқушылары. Ал қола медаль иегері Ілияс Қазымбек 9-сыныпта оқиды. Демек бұл да – мақтануға тұрарлық нәтиже».
– Бәрекелді! Осы бес оқушыны қалай іріктедіңіздер?
– Әуелі республикалық олимпиадаларда оза шауып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылған үздік 15-20 баланы оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз. Мәселен, құрама команда биыл 12-19 шілде аралығында Мәскеу физика-техникалық институты базасында оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Солардың ішінен іріктелген 8 баланы кейін Азиялық олимпиадаға апарамыз. Сол сегіздің ішінен суырылып шыққан бес мықтыны Ирандағы халықаралық олимпиадаға алып келдік. Мінекей, сенім артқан сайыпқырандарымыз ел үмітін ақтай білді.
– Сайыс әлемдік деңгейде болған соң, тапсырмалар ағылшын тілінде болған шығар?
– Иә, бірақ қатысушылардың ағылшынша білуі шарт емес. Біздің оқушылар жауаптарын орысша жазды. Кейін олардың жазғанын біз, яғни жетекшілер шет тілінде қорғаймыз, – деді С.Мақсұтов.
Айта кетейік, қазақстандық оқушылар 2024 жылы 12 халықаралық олимпиадада 361 медаль жеңіп алды, оның ішінде: 41 алтын, 134 күміс және 186 қола. Сондай-ақ оқушылар Сингапур, Қытай және АҚШ-тағы роботты техника бойынша халықаралық чемпионаттарда ерекше жетістікке жетті. Лос-Анджелестегі Дүниежүзілік ғылыми және инженерлік көрмеде, Өзбекстандағы Авиценна атындағы халықаралық математикалық олимпиадада және биология олимпиадасында, Грузиядағы қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиадада, Қытайдағы химия бойынша Халықаралық Менделеев олимпиадасында 100 пайыз нәтиже көрсетті. Еліміздің оқушылары Балқан түбегінің ең мықты жас математиктерінің үштігіне енді.