Құқық • 01 Тамыз, 2024

Заңсыз кәсіптің жолын кесті

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбылдық полицейлер «Қарасора–2024» іс-шарасы аясында ауқымды жұмыс атқарып, заңсыз кәсіпке тосқауыл қойып жатыр. Біршама уақыт бұрын құқық қорғау органы қызметкерлері заңсыз марихуана сақтаған меркілік азаматты құрықтаса, енді электронды темекі сатумен айналысып келген жерасты дүкенінің қылмысын әшкереледі.

Заңсыз кәсіптің жолын кесті

Тараз қаласындағы «Smoking shop» жерасты дүкенінен 113 электронды вейп табылған. По­ли­ция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында құны бір миллион теңгеден асатын электронды темекі тәркіленді. Осылайша, тағы бір заңсыз кәсіп­тің жолы кесілді.

Облыстық полиция депар­та­ментінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, қуаты 8 000 мәрте тартуға арналған «Waka» маркалы электронды темекісінің бір данасы тұр­­ғындарға 10 000 теңгеден өтке­­­рілген екен. 

Қазіргі кезде 45 жастағы тараз­дық азаматқа қатысты вейп­ті ел ішінде тарату дерегі бо­йынша сотқа дейінгі тергеу амал­дары басталған. Күдікті өз кін­ә­сін толық мойындап отыр. Жалпы, вейпті заңсыз сауда айналымына шығарғандар бұған дейін де анықталған болатын. Бірақ заңсыз кәсіппен айналысатындардың қарасы әлі де сирейтінге ұқсамайды. Заң жүзінде тосқауыл қойылса да, электронды темекі тұтыну­­шыларын көшелерден жиі көріп қаламыз.

«Электронды темекі саудасымен айналысқан азаматтар ойлануы керек. Бұрын мұндай өнімді сатқан кәсіпкерлер ендігәрі тауарды жою бойынша іс-шара жүргізіп, жеке бизнесін қайта қарағаны жөн. Өйткені бұл – заңсыз кәсіп. Заң жүзінде тыйым салынған кәсіппен айналысуға болмайды», дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлім Бажықбаев.

Облыстық полиция департа­­ментінің баспасөз қызметі кел­тірген дерекке жүгінсек, осы жылдың 20 маусымынан бас­тап ел ішінде электронды темекі, яғни вейпті сатуға, таратуға заң жүзінде тыйым са­лынған. Заңсыз кәсіппен айналысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай заңсыздыққа жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ 50 тәулікке дейінге мер­­­зімге қамауға алу түріндегі жаза көзделген.

 

Жамбыл облысы