Экономика • 01 Тамыз, 2024

Кенттегі кондитер кешені

101 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақадыр кентіндегі «Cara­mel» кондитер кеше­ні­нің дәмі тіл үйіретін тәт­ті өнімдеріне сұраныс жо­ғары. Алғашында кәсібін үйде бастаған Әсел Ер­бол­­қызының ісі бүгінде өр­ге домалаған. Үлкен цех­­тың жұмысы өнімді. Қо­мақ­­ты тапсырыстар қабылдайды.

Кенттегі кондитер кешені

Кәсіпкер Әсел бала кезінен асүйге жақын өсіпті. Қолы қалт етсе, шайға түрлі торт, бәліш пісіруді әдетке айналдырып алған. Алғаш «Бал» мен «Ха­нымның саусақтары» тортын әзірлеуді үйреніпті. Ол кезде қазіргідей кондитер өнімдерін әзірлейтін цех жоқ. Қазақтың той-қуанышы көп болған соң, тапсырыс төпелеп түсе бас­тайды. Әрмен қарай мәзірін молайтқысы келеді. Содан орыс тілінде шығатын «Люблю готовить» («Тағамды дайындау­ды ұнатамын») деген шағын журналды іздеп жүріп сатып алып отырған.

Кейіннен интернетке қол жеткен соң түрлі тәтті тоқаштардың құрамын, жасалу жолын содан алады. Сөйтіп, торттың, тәтті десерттің түр-түрін пісіруді үйренеді. Бірте-бірте асүйінен шағын цехқа ауысады. Кәсібі одан сайын дөңгелеген Әсел Ерболқызының қарамағында 24 адам жұмыс істейді.

Сатылымды ұйымдастыратын менеджерлер, аспаздар, кондитерлер, дүкенші-кассирлер, салат, нан қамырларын дайындаушылар, бәліш, печенье пісірушілер, әлеуметтік желіге жауап беретін маман, мобилограф бәрі цехтағы жұмыс көрігін қыздырады. Екі көлік жүргізуші жеңіл көлі­к­терімен тапсырыстарды тегін жеткізіп береді. Соның арқа­сында кәсіп өркендейді.

Кондитерлік цех пен жылдам тамақтану бөлімінде торттың 35, пирогтің 25, рулеттің 9, чизкейктің 10, пирожныйдың 35, пиццаның 6 түрі пісіріледі. Мұнымен қоса мәзірінде бургер, кекс, хот-дог, самса, чебурек, бәліш, тоқаш, тағамдардан манты, тұшпара, вареник, лағман, думляма, қазан-кебаб, фри бар.

«Кулинарлық тәттілерге, ыс­тық астарға тапсырыс өте көп. Үл­гер­мей жатамыз. Тіпті кейбір тапсырыстан бас тартуға тура келеді. Кеңірек етіп кофехана ашсақ деген ой бар. Өйткені халық, әсіресе жастар сондай жердің болғанын қалайды. Отба­сымен, балаларымен келіп тәтті бә­ліш­пен кофе, шай ішкілері келеді. Туған күн, басқа да мереке күндері жи­налады», дейді кондитер цехының басшысы.

Білікті аспаз арнайы курс ашып, кенттің жастарына шеберлік сабақ­та­рын жүргізеді. Одан дәріс алған жиырмаға тарта жас үйлеріне кент тұрғындарынан жеке тапсырыс­тар алып, кәсіптерін жалғастырып жатыр. Кәсіпкер қайырымдылық шараларын да назардан тыс қалдырмайды. Ол жағдайы төмен отбасыларға, мүм­кіндігі шектеулі жандарға қаржылай көмек көрсетеді. Кент ішінде өтетін мәдени және спорттық іс-шараларға үнемі демеушілік жасайды.

Аудан экономикасының өркен­деуіне айтарлықтай үлес қосып жүр­ген, халықтың той-қуанышына тәтті өнімін ұсынып жүрген «Caramel» кон­дитер цехы әлі де дамып, жетіле түсуді көздеп отыр.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Ақадыр кенті