Жобаның идеологиясы жалпыұлттық құндылықтарға негізделсе, оның мақсаты – қоғамда сенім мәдениетін дамыту.
Лугмар Буларов жақында Шу, Меркі, Байзақ аудандарының, сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданының мемлекеттік қызметкерлерімен, денсаулық сақтау мекемелерінің, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарының, «Қазпошта» қызметкерлерімен кездесті. ҚХА Хатшылығының өкілдерімен және этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен бірге бірқатар кездесу мен семинар-тренинг өткізілді.
Лугмар Буларов «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасының мақсатына тоқталып, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мәдениетін, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға баса назар аударды. «Адал азамат» ұғымына сай болу ұсақ-түйек тірлік пен кішкентай мәселелерден басталатынын атап өтіп, халыққа қызмет көрсетуге күнделікті атсалысып жүрген мекеме қызметкерлерін азаматтармен қарым-қатынаста барынша байыпты болуға, әрбір өтінішке мұқият қарап, сұраулар барысында туындаған мәселені шешуге, болмаса шешу алгоритмін ұсынуға шақырды.
Аудан әкімшілігі, халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау жүйесі және мобильді жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерімен кездесулер сындарлы диалогке құрылып, қатысушылар еркін форматта пікір алмасты.
Семинар-тренингтерде қоғамдық келісімді нығайту мәселелері, ҚХА ХХХІІІ сессиясының басымдықтары, ҚХА отырыстарында көтерілген өзекті мәселелер де талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Жамбыл облысында «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы қанатқақты режімде жүзеге асырылып жатыр. Оны барлық өңірлерге тарату жоспарланып отыр.