Фото: gov.kz
Жүлде қоры 24 900 000 теңгені құрайтын жарыс құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге мен жорға жарыс сияқты 4 түр бойынша өтеді.
«Қазір бәйгеден Қазақстан командасын жасақтау процесі жүріп жатыр. 3 және 11 тамызда Павлодар мен Алматы қалаларында іріктеу өтеді. Солардың нәтижесі бойынша 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бәйге жарысына Қазақстаннан қатысатын жылқылар анықталады. Астанадағы көшпелілер ойындарының бәйге жарысына шамамен 10 елдің өкілі қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей Федерациясы мен басқалар бар», деді «Бәйге федерациясы» РҚБ вице-президенті Жомарт Сайболатов.
Еске салсақ, республикалық бәйге федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар қауымдастық құрамында көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» және тағы басқа федерациялар бар. Қауымдастықты танымал кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.