ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытай мен Ресей патшалығы арасында жүргізілген бірқатар келіссөзден кейін екі империяның арасындағы шекара сызықтары айқындалып, мұның өзі халықаралық сауданың өріс алуына жол ашты. Ресейге қараған қазақ елінің шығысында Майқапшағай кеден бекеті пайда болып, ол Зайсан бекінісі аз жылдың ішінде шағын қалаға айналуына үлкен ықпал етті.
Ресей мен Қытай арасындағы сауданың дамуына байланысты бұрын негізінен әскери адамдар мен олардың отбасылары тұрып жатқан бекініске орыстармен қатар сауда мен бау-бақшаға ебі бар татар, өзбек, сарт және жергілікті қазақтар, басқа да халық өкілдері ағылып келіп, қоныстана бастады. Олар сауданың арқасында аз жылда байып шыға келді. Қызыл кірпіштен ою-өрнекті еңселі сәнді үйлер тұрғызды. Осылайша, шағын ғана әдемі Зайсан қаласы пайда болды.
Қала ішінде орыс және мұсылман балаларына арналып мектептер ашылды. Сұранысқа байланысты тері илейтін, сабын, сыра қайнататын, кірпіш шығаратын зауыттар, жүн жуатын фабрика, қалаға ағып кіретін Жеменей өзенінің бойында 3 ұн диірмені пайда болды. Кітапхана, бірнеше сауда орны мен дүкен жұмыс істеді. Зайсан қаласына жақын маңайдан көмір кені табылып, одан көмір қазылып алына бастады. Қала кәсіпшілері басқа жақтан әкелінген темір рудасын өңдеп, оны Қытай, Тибет, Моңғолияға шығарып отырды. Қалада қолөнершілер мен шеберлер де көп тұрды. Өңірге танымал құрылыс жүргізуші, сәулетші Баязит Сәтбаевтың басшылығымен сәнді үй салатын құрылысшылар кәсібі қалыптасты. Сөйтіп, Зайсан қаласында сауда мен өнеркәсіп қатар дамыды.
Қала шетінде Никольский жәрмеңкесі жылма-жыл мамыр айында жұмыс істеп, оған бір шеті Сібір мен Моңғолия, екінші шеті Қытай мен Тибет және Қазақстанның өз ішінен саудагерлер ағылды. Қалада мешіттер мен шіркеулер пайда болды. 1896 жылы Семей мен Зайсан қаласын байланыстыратын телеграф желісі іске қосылды. Дәл осы жылы қала байларының күшімен аурухана ашылды.
Тағы бір қызықты жайт, Қазақстандағы ең алғашқы кинозал еліміздің шығыс шетіндегі шағын ғана Зайсан қаласында Сорокин деген бай өнеркәсіпшінің қаржысымен ашылған екен.
Осы қалада қазақтың алғашқы саудагерлері мен көпестері, ұлттық буржуазияның бірқатар ірі өкілі өсіп жетілді. Соның бірі кедейден шыққан Бидахмет Бобкин (Бәбікенов) бала жасында татар саудагерлеріне жалшылықта болып, пысықтығының арқасында татар, орыс тілдерін қатар меңгеріп, ержете келе өзі де іс жүргізді. Татар саудагерлерінен үйренгені бойынша Сібір мен Ресейдің ірі қалаларында болып, орыстың атақты байы Савва Морозовпен сауда әріптестігін орнатуға қол жеткізді. Қалада өз басына әдемі тұрғын үйлер және бірқатар дүкен мен сауда орталығын салды. Ресей сауда гильдиясына кіріп, есепке тұру үшін оған фамилиясын Бобкин деп өзгертуге тура келді.
Зайсандағы сауда мен тұрмыстың, ағартушылық білім мен мәдениеттің күрт дамуы нәтижесінде тез жетіліп, ауқаттанған тағы бір бай азамат Бекмұхамет Сатыбалдыұлы Ташкенттегі медреседе 7 жыл білім алып, онан кейін Уфа қаласындағы бас мүфтиге сынақ тапсырып, патша жарлығына сәйкес «указной молда» атағын иеленіп, елге оралысымен Серғазы өзенінің жағасынан айнымас досы Бидахмет Бобкиннің көмегімен мешіт және 6 бөлмелі үлкен де еңселі медресе-мектеп салып, бала оқыту ісіне белсене кіріседі.
Бұл кезде Столыпин реформасына сәйкес жері құнарлы, бау-бақша өндірісіне сұранып тұрған Зайсан өңірінде орыс шаруалары күрт көбейіп, сулы да нулы жерлерді солардың пайдасына алып қою әбден белең алған еді. Жерді алып қоймаудың бір шарты – қазақтардың өз қоныстарында тұрақтап тұруы еді. Осыны түсінген көзі ашық Бекмұхамет бала оқытумен қатар қазақтарды отырықшылдандыру ісін де қолға алады. Орыс мұжықтары қоныстанған Мұжықсу селосына қарама-қарсы Жарлы өзенінің жағасына саман кірпіштен үйлер тұрғыздыртып, отырықшы ауылдың негізін қалап, мешітті, медресе мен мектепті осында көшіреді. Өзінің жаңашыл бейнесіне сәйкес бұл ауыл Қуаныш деп аталады. Осындағы мектепте Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы сабақ береді.
Бекмұхаметтің отбасында 1898 жылы Адамбек, 1900 жылы Ғаділбек атты екі ұл дүниеге келген. Бұлар алғашқы білімді Міржақып Дулатұлынан алған. Бекмұхамет кейіннен де Міржақыппен хат-хабар алысып, Алаш қайраткерлерін қолдаушылардың бірі болады және Міржақыптың кеңесімен Адамбекті Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясына түсірсе, Ғаділбекті Түркияға оқуға жіберді. Өкінішке қарай, Ғаділбек сонда оқып жүргенде көкірек ауруына шалдығып қайтыс болады. «Қарағым Міржақып, көзімнің нұры, тірлігімнің гүлі Ғаділбектің хабарын естіп, есімнен айырылып отырмын. Оны өз пайдам үшін жіберген жоқ едім. Жұртқа қызмет қылсын деп едім. Бақытқа қарсы мезгілсіз ажал келді. Ішім күйіп, жүрегім жанып жүр» деп жазады молда Міржақыптың газетке шығарып жолдаған көңіл айтуына орай.
Адамбек те қазақтың сол кездегі алғашқы оқығандарымен бірге жақсы білім алып, ел ісіне араласты. Алаш қайраткерлерінің қатарынан табылды. 1921 жылы әкесінің досы, қазақтың ірі саудагер көпесі Бидахмет Бобкиннің Санкт-Петербургта оқыған қызы Айшаға үйленген Адамбек олардың көмегімен Зайсан байларын Алаш қозғалысына қарай тартып, қозғалыстың Зайсан тарапынан көптеген көмек алуына қол жеткізді. Қазақтың оқыған, ел мүддесі жолында қайраткерлік іс бастаған азаматтарына өздері де үйір Зайсан саудагерлері мен байлары Әріп Тәңірбергенов, Тайыр Жомартбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатұлын бастарына іс түскенде елге шақырып, олардың осында бала оқытуына, қайраткерлік қызметтерімен шұғылдануына жол ашып отырды. Ғұлама ойшылымыз Мәшhүр Жүсіп Көпеевтің де Зайсанда бірнеше ай тұрғаны туралы деректер енді ашылып жатыр.
Патша өкіметі құлап, империя шегінде әртүрлі идея өріс алып, ұлттық қозғалыстар ұлғайған кезде қазақтың тәуелсіз ел болу қамын ойлаған Алаш қайраткерлері атқа мінді. Олар сол тұста өздерін қолдаған қазақ халқының ауқатты адамдарының материалдық көмектеріне мұқтаж болғаны түсінікті. Міне, осындай мұқтаждықты өтеуге зайсандықтар да белсене үлес қосты. Ел шетінде жатқан Зайсанда алғашқы қазақ газеттерін жаздырып алушылар көп болды. Зайсан жеріне Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымбек Мәрсеков, Отыншы Әлжановтардың табаны тиіп, Алаштың уездік бөлімшесінің үш үлкен басқосуы осындай елге танымал үлкен қайраткерлердің қатысуымен өтті. Қазақтың тағы бір саудагер байы Жүніс Татановтың үйі олардың штабына айналды.
Алаштың алғашқы атты әскер жасақтарының бірі Зайсанда жасақталып жабдықталуында, оның командирі болып осы өңірдің тумасы, Алаш қайраткері Адамбек Бекмұхаметовтің тағайындалуында да осындай сыр болса керек.
Бекмұхамет ауылындағы мектепте бала оқытқан Міржақып Дулатұлының кейін осы елдің басты адамы Жапабай қажыға жолдаған хатында:
«Ел қайда Төртуылдай өр Найманда,
Бір кезде болып жүрдік біз сайранда.
Ол елдің салтанатын
айтып болмас,
Тұрғандай басын шайқап
ел қайранда.
Қажыға еш адамды тең көрмедім,
Молданы өз әкемнен кем көрмедім.
Ғайни мен Сақыпжамал,
Ғазез бауырларым,
Туғандай бір анадан сендер деймін» деп жазады.
Мұндағы Молда деп отырғаны – Бекмұхамет.
Ғайни, Сақыпжамал, Ғазез – Жапабай мен Бекмұхаметтің балалары.
Өкінішке қарай, қазақ жеріндегі ел тізгінін большевиктер алып, енді ғана еңсе тіктей бастаған Алаш қозғалысының күйреуіне орай осы мақалада аттары аталған адамдардың қай-қайсысының болсын тағдыры қайғылы аяқталды. Мұны Адамбектің қызы Халима Бекмаханованың «Мен – бес жасымнан қудалау мен қуғын-сүргінді көріп, соның азабын арқалаған адаммын. Құдайға тәуба, жасығам жоқ! Жасым 86-да. Ұрпақ өсіріп, шөбере сүйіп отырмын. Бес жасымда әкем Адамбекті «Алаштың офицерісің, Кеңес үкіметіне қарсы ақтың әскерімен бірге соғыстың» деп Семейдің түрмесінде өлтірді. Анам Айша балаларын, әкесінің отбасын қосып, Ташкентке барып тығылды. Осы жерде оны «Алаш офицерінің әйелісің» деп 1938 жылы 26 мамырдан 1939 жылы 5 мамырға дейін түрмеге қамады. Ал нағашы атам – анам Айшаның әкесі Бидахмет Бобкинді 1937 жылы 74 жасында «сен Алаш әскеріне көмектестің, бай, саудагерсің» деп Ташкентте ұстап, содан хабар-ошарсыз кетті. Қайда, қай жерде қайтыс болғанын білмейміз. Атам Бекмұхамет, әкем Адамбек, анам Айша, нағашы атам Бидахмет, жолдасым Ермұхан – барлығы халыққа қызмет еткен адамдар» деген сөзі еңбек ардагері, Зайсаннан шыққан белгілі ұстаз, қаламгер Көкенай Матжановтың «Бекмұхамет «Указ» молла» мақаласында берілген. Халима – қазақтың атақты тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың жары.
Үйін Алаш қозғалысының штабына айналдырған Жүніс Татановты большевиктер өз үйінің ауласында заңсыз, сотсыз атып өлтірген.
1918 жылы Алаш партиясы мүшелері Зайсанда құрған «Теңдік» атты ұйымының мүшесі және Алаш әскеріне командир болып қызмет еткен, Алаштың екі полк әскерінің бірін соғыс өнеріне жаттықтырған Адамбек Бекмұхаметовтің есімі Зайсаннан шыққан алғашқы офицердің бірі болып тарихта қалды. Ал енді оның Алаш қозғалысына қосқан мол үлесі енді ашылып, әйгілене бермек.
Соның алғашқы қарлығашындай болып, жуықта Зайсан қаласында осы өңірдің тарихын жинастырып, хатқа түсіріп жүрген шежіреші, жазушы Қалибек Алтыбаевтың бастама көтеруімен Адамбек Бекмұхаметов тұрған, қайын атасы Бидахмет Бобкин салдырған ғасырдан астам тарихы бар үйге ескерткіш тақта орнатылды. Мұны біз Алаш қозғалысының тарихына қосылған үлкен бір ескерткіш ретінде қабылдадық.
Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі,
Зайсан ауданының құрметті
азаматы