Отбасы • 02 Тамыз, 2024

Таңатар отбасы топ жарды

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңір­лік кезеңі мәресіне жетті. Облыстық байқауға өңірдің барлық ауда­нынан үлгілі отбасылар қатысып, өнерін ортаға салып, рес­публикалық кезеңнің жолдамасын жеңіп алуға тырысты.

Таңатар отбасы топ жарды

Іс-шараға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы қа­ты­сып, жүлделі орындардан көрін­ген мерейлі шаңырақ иелерін марапаттады. Сондай-ақ ол ұлт­­тық бай­қау­дың тағылымы мен маңызы туралы айтып, жеңімпаз отба­сыға сәттілік тіледі.

«Өнегелі отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәр­бие­сінің бастау бұлағы. Отанға деген кіршіксіз махаббат пен қылау­сыз құрмет үлгілі отбасыдан бас­­­талатыны ақиқат. Дәстүр­ге ай­налған ұлттық байқау еңбе­гі­мен еленген, дәстүрге деген адал­ды­ғымен дараланған шаңы­рақ­тар­дың мерекесіне айналғаны анық. Сан салада табысқа жеткен отбасылар осы байқауда бақ сынайды. Олардың жарасымға толы сыйластығы мен шы­найы отбасылық қарым-қа­ты­­насы бар­ша­мызға үлгі», деді об­лыс басшысы марапаттау рәсі­мінде.

Он жыл бойы үздіксіз ұйым­дас­тырылып келе жатқан бай­қау­­дың өңірлік кезеңдерінде күні бүгінге дейін 2 мыңнан аса отбасы бақ сынапты. Ал осы жылы Тараз қаласы мен аудандық деңгейде топқа түскен 218 отбасының 22-сі облыстық кезеңге жолдама алған.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Таңатаровтар отбасына бұйырды. Бұл әулеттің үш буыны, яғни әкесі, балалары мен немерелері – спортты жанына серік еткен оғландар.

Шаңырақтың үлкені Достық Таңатаров үш ұлын спортқа баулып өсірген. Ол – еркін күрестен спорт шебері, аға жаттықтырушы. Ұлы әйгілі еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон қаласында өткен Жазғы Олимпия ойын­дарының қола жүлдегері болса, Ақниет Таңа­та­ров бокстан республикалық жа­рыс­тардың жеңімпазы атанған. Үшін­ші ұлы Едіге Таңатаров та спорт­пен айналысады, бүгінде «Бір­лес» көкпар клубының капитаны.

Ата жолын немерелері де жары­­сымды жалғастырып жүр. Есугей мен Әділ еркін күресті жа­ны­­на серік етсе, Айзере көркем гим­­настикамен тұрақты түрде шұ­ғыл­­данады.

Байқауда бақ сынаған меркілік Ешетовтер отбасы бірінші орынға лайық деп танылса, екінші орын­ға шулық Баймағанбетовтер, құ­лан­дық Өмірбаевтар отба­сы ие бол­ды. Жамбылдық Абса­та­ровтар мен сарысулық Шынба­ты­ровтар әу­леті үшінші орынды қанағат тұтты.

Байқау жеңімпаздарына дип­­лом және қаржылай сертификаттар табысталды.

Тараз