Экономика • 02 Тамыз, 2024

Кәсіпорын өніміне сұраныс көп

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жол ережесіне қатысты белгілер Қарағандыдағы «Өрнек НС» өндірістік компаниясында шыға­ры­лады. Тапсы­рысты тек Қарағанды аумағынан ғана емес, бар­л­ық өңірден қабылдайды.

Кәсіпорын өніміне сұраныс көп

Кәсіпорын 2009 жылы құ­рылған. Нарықта 15 жыл бойы сәтті жұмыс істеп келе жатыр. Темірді, қажет материалды алпауыт «Қармет» компаниясынан алады. Ал қаңылтырды «МеталлСбыттан», жол белгісі­нің бетіне жарық шағылыстыра­тын таспаны Германиядан жеткі-
зеді.

– «Өрнек НС» өндірістік компаниясы тек өнім шығарып қана қоймайды, сонымен қатар оны орнатып беру қызметін де ұсынады. Облыс аумағынан сыртқа шығамыз дедік қой. Ең ұзақ істеген тапсырысымыз Қордай ауданы мен Түркістан облысында болды. Олардың тапсырыс берген жол белгілері көп еді. Соларды жеткізіп, орнату бойынша көмек көрсеттік, – дейді кәсіпорынның бас маманы Жансая Бекенқызы.

Компания жол бойындағы белгілерден бөлек, өзен, көл жағалауындағы ескерту тақталарын, теміржолдағы белгілерді де шығарады. Мәселен, «Қазақмыс» компаниясы қауіпсіздік ережелері жазылған бірнеше тақтаға тапсырыс берген.

Өндіріс орнының бәсекелестері нарықта жоққа тән. Болған күннің өзінде де кәсіпорынның сапалы қызметі көп тұтынушының көңілін баурап отыр. Тапсырысты дер уақытында орындайтыны, сапалы әрі төзімді металдарды пайдаланатыны осыған себеп.

Кәсіпорын жол жөндейтін корей фирмасымен, Балқаш-Қарағанды тасжолындағы мердігерлер – қытайлық «CITIC Construction Co., LTD» ұйымымен, түріктердің «SINE MIDAS STROY» мекемесімен тығыз байланыс орнатқан.

– Осы кәсіпорын ашылғалы, яғни 2009 жылдан бас­тап осында темір кесуші болып еңбек етіп келемін. Темір кесетін, басқа да қажетті станоктарды алып келуге де атсалыс­тым. Гельятинамен темір шабамыз, ал мына құрылғымен дөңгелек белгілерді әзірлейміз. Жұмысқа қажетті станоктың бәрі бар. Тапсырыс көп түссе күніне екі жүз белгіге дейін дайындаймыз, – дейді кәсіпорынның еңбеккері Сырым Ибадилдин.

Станоктың тілін әбден меңгеріп алған Сырым ұжымына сыйлы. Білгенін жастармен бөліседі, темірмен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеді. Мәселен, Бақтияр Сұлтанбеков ол кісіні ұстазы санайды.

– Өндіріс саласындағы еңбекке де ұстаз керек. Сырым ағамызды нағыз ұстаз дер едік. Бұл кісі мұндағы станоктарды сонау 2009 жылдары Челябіден әкеліп, орнатып, іске қосты. Бүгінде білгенін, түйгенін бізге үйретеді. Қазір мен де біршама төселіп алдым. Компанияда әрі дәнекерлеушімін, – дейді Бақтияр.

Кәсіпорынның өніміне тапсырыс көп. Оның үстіне қазір қалада жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соған байланысты қызметкерлердің де бір уақ ты­ныстап отыруына да уақыт тапшы.

 

Қарағанды облысы