Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Оқырмандардың есіне сала кеткен жөн, бұрын «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриатта оқуға мүмкіндік бар еді. Алайда әлі буыны қатаймаған жастардың шетелге бірден кетуіне теріс көзқарас көбейді, одан да бұрын шетелден магистр және доктор дәрежесін алып келген жастардың отандық университеттерді сапалы кадр даярлауға жұмылдыру мақсаты алға шығып, бакалавриат бағдарламасы «Болашақтан» алынып тасталды.
Соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасына қандай өзгерістер қажеттігі туралы талқылауларда бакалавриатты қайтару жөнінде жиі айтылды.
Мысалы, 2022 жылғы талқылауда білім саласындағы әлеуметтанушы Камила Ковязина «Караван» сайтына берген пікірінде: «Егер «Болашақ» бағдарламасын реформалау туралы сөз етсек, онда бакалавриатты қайтару мәселесін көтерудің мәні бар. Себебі бұл – ең алдымен, ақшасы жоқ адамдарға да керемет білім алу мүмкіндігі. «Болашақ» студенттерінің бір бөлігі жасына байланысты оқуға байсалды қарамағанын жоққа шығармаймын, бірақ мұны шешілмейтін мәселе деуге келмейді. Стипендияға үміткерлердің моральдық жетілуін алдын ала бағалауға, дайын емес адамдарды тізімге қоспауға болады», деген болатын. Кейін 10 жылдан аса уақыт бұрын жабылған бакалавриат бағдарламасын қайтару туралы шешім шықты. Жақында өткен баспасөз жиынында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек толығырақ айтып берді.
«Бұл шешімді Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия былтыр қабылдады. Бұл өз кезегінде кейбір заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді, сондықтан біз өткен жылдың соңында Парламентке тиісті заң жобасын ұсындық, депутаттар қолдап, өз ұсыныстарын енгізді. Парламенттің жаңа сессиясы бастала салысымен, біз аталған жұмысқа белсенді түрде араласуды жоспарлап отырмыз. Өзгерістерді биыл қабылдап, «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалаврлар санатын қалпына келтіреміз. Көп адам осы мәселеге қатысты мықты, білімді жастар тағы шетке кететіні туралы ой айтады. Бұл шешім керісінше ең үздік мектеп түлектерін маман болғанда елге әкелу мақсатында қабылданды. Себебі байқасаңыздар, жыл сайын әлемнің бірнеше елінен, небір беделді университеттерден оқуға шақырту алған мектеп түлектері туралы жиі естиміз, оқимыз. Олар шетелге кетсе, келуі екіталай. Оның үстіне кейбіріне толық грант берілмейді, толық грант берілсе де жатақханасы төленбейді. Ал «Болашақ» бағдарламасымен аттанса, барлық жағдайы жасаулы, ата-анасы да көп алаңдамайды, ең бастысы, оқуын бітірген соң елге келуге міндеттеледі. Біздің де көздеп отырғанымыз – осы», деді министр С.Нұрбек.
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа заңнамаға дәл осы бағдарламаға қатысты енгізген депутаттардың түзетулері туралы жазды. Оның пікірінше, «Болашақ» бағдарламасы аясында дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға жаңа түзетулер дайындалды. Бұл – мемлекетіміздің жас таланттарды қолдау саясатының логикалық жалғасы.
«2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 5 млн теңгеге дейін бірреттік ақшалай сыйақы, еліміздің кез келген университетінде тегін оқуға гранттар алады. Ендігі ұсыныстар қандай? «Болашақ» бағдарламасын кеңейту. Біз республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын «Болашақпен» бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуға мүмкіндік беретін нормаларды ұсындық. Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистратура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша оқуға болады. Негізгі шарттар мынандай болмақ: олимпиадалар мен конкурстардың тізімін республикалық «Болашақ» бағдарламасы комиссиясы бекітеді; оқу жеңімпаз жеңген профиль бойынша ғана жүргізіледі. Бұл шешім неге маңызды? Олимпиада жеңімпаздары қазіргі уақытта Қазақстан университетіне грант алу құқығына ие. Алайда шетелдік жетекші университеттер оларға бакалавриатта оқуға өз гранттарын үнемі ұсынып отырады және осы дарынды балаларымыз шетелге кетіп, сосын көбіне елге оралмайды. Мемлекет балабақша мен мектептен бастап, осындай талантты балаларға инвестиция жасағаннан кейін, бұл дарынды балаларды басқа мемлекеттің экономикасына жұмыс істеу үшін беріп қоймай, әрі қарай қолдап, еліміздің дамуына жұмыс істету маңызды. Сондықтан шетелде кадрлар даярлау бойынша республикалық комиссиясының осы жұмысты жүргізу туралы хаттамасы шыққан болатын. Маусым айында біз Үкіметтен осы түзетулеріміз бойынша оң қорытынды алып, қазір жұмыс тобында қарастырылып жатыр. Әріптестеріміз келесі сессияда бұл түзетуді қолдайды деп сенемін», деді А.Аймағамбетов.