Денсаулық • 03 Тамыз, 2024

Мүмкіндігі мол орталық

81 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары төрткүл дүниеде ревматикалық ауруға шалдыққандардың қарасы арта түскен. Ғалымдардың айтуынша, бұл патологиядан көбіне егде жастағы азаматтар зардап шегетін көрінеді. Содан да болса керек, қазіргі таңда ревматикалық дерттің алдын алуға басымдық беріліп отыр.

Мүмкіндігі мол орталық

Расында аталған дертке шал­дық­қандардың басым бөлі­гі егде жас­тағы адамдар болғанына қара­мастан, ішінара бұл дертке душар болған жастар да кездесіп жатады. Олардың қатарында дер кезінде емшара қабылдамағандықтан мүгедек болып қалғандар да бар. Бүкіл әлемнің бас ауруына ай­налған дертпен күресу мақ­са­тында Жамбыл облысында ревма­то­логия орталығы ашылды.

Жаңадан ашылған орталық Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың базасында орналасқан. Медициналық мекеме қызметкелері ревматикалық дертке шалдыққан азаматтарды тәулік бойы емдеуге дайын көрінеді. Ол үшін барлық мүм­кіндік қарастырылған. Білікті мамандар жеткілікті.

«Бұл орталықта өңір тұрғын­дарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін негізгі дәрі-дәрмектерді уақты­лы тағайындау үшін емделу­ші­лердің динамикалық мони­то­рингі ұйымдастырылады. Мұнда мамандар физиотерапия және жаттығу терапиясының әдіс­терін қолданып, науқастарға мүге­дек­тіктің алдын алу бо­йынша көмек көрсетеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі ста­ционарлардан бөлек, емделу­шілерге тексерілу, кеңес алу және емдеу мүмкіндігін беретін амбулаториялық қызмет кеңейе түседі. Бір сөзбен айтқанда, орта­лықта жұмыс істеуге қа­жетті мүм­кіндіктің бәрі қарас­ты­рылған», дейді облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.

Басқарма басшысының айтуынша, орталықта инженерлік биологиялық терапия кабинеті, буын­ішілік манипуляция­лар каби­неті, капилляроскопия, ден­­­сито­метрия кабинеттері ор­на­­лас­қан. Төрт дәрігер дер ке­зінде меди­циналық көмек көр­сетеді. Сондай-ақ өңір тұр­ғындары тегін ме­дициналық кө­мектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік сақ­тандыру шеңберінде емхана жолдамасы бойынша тексеру және емдеуден тегін өте алады.

Ж.Оспанова келтірген дерекке сенсек, облыс бойынша ревматологиялық диагнозбен 4 825 науқас диспансерлік есепте тұр екен. Оның ішінде құры­лы­мында негізгі бөлігі бойын­ша остеоартроз – 1 656, серонегативті ревматоидті артрит – 1 142, серо­по­зитивті ревматоидті артрит – 985, жүйелі қызыл жегі ауруымен және басқа реактивті артропатия дертімен 142 емделуші тіркелген.

 

Тараз