Фото: senate.parlam.kz
Сенатор алдымен Тұрар Рысқұлов ауданында болды. Қайыңды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің, Ақыртөбе ауылындағы мәдениет үйінің, Малдыбай ауылындағы мектептің, сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен мәдениет үйінің құрылысымен танысты.
Б.Орынбеков жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Ол жаңа медициналық, білім беру, мәдени және спорттық нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қызметтердің қолжетімділігін жақсартуда шешуші рөл атқаратынына тоқталды. Бұл жобалар халықтың денсаулығын нығайту, білім деңгейін арттыру және мәдени дамуды қолдау арқылы аймақтың жан-жақты дамуына зор ықпал етеді.
«Сенат депутаттары ел өмірінде шешуші рөл атқаратын маңызды заңдарды қабылдап келеді, сондай-ақ бұрын қабылданған заңнамалық актілерге түзетулер енгізеді. Заңдар мен өзге де құқықтық актілердің іске асырылуына мониторинг жүргізу мақсатында олардың қажетті стандарттарға сәйкестігіне көз жеткізу үшін құрылыс жұмысының барысын зерделейміз. Құрылыстың сапалы жүргізілуі және жауапты тұлғалардың осы жобалардың орындалуына бақылауды күшейтуі аса маңызды. Ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін мұқият ескеріп, оларға берілген уәделерді сақтау керек», деді Б.Орынбеков.
Депутат Меркі ауданында болып, Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің, Мыңқазан ауылындағы №30 мектептің, Ойтал ауылдық округіндегі №48 мектептің құрылысымен танысты. Ол сондай-ақ Рысқұлов ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысын да көрді.