Саясат • 06 Тамыз, 2024

Екі ел арасын жалғаған алтын көпір

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерлан Қарин «Zakovat» зияткерлік клубы ұйымдас­тырған іс-шараның ашылуында сөз сөйледі.

Екі ел арасын жалғаған алтын көпір

Мемлекеттік кеңес­ші Ерлан Қарин Өзбек­стан Республикасы Прези­ден­тінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен бірге «Zakovat» зияткерлік клубы ұйым­дас­тырған іс-шараға қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Ерлан Қарин «Zakovat» жобасы екі ел арасын жалғаған тағы бір алтын көпірге айналғанын және екіжақты мәдени-гума­нитарлық байланыстарды нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда прог­рессивті құндылықтар мен ұстындарды, білім куль­тін, кәсіби шеберлікті құр­мет­теу дағдысын орнықтыру қажеттігі туралы ұдайы айтып келе жатқанына назар аударды. Соңғы жылдары Қазақстанда педагогтердің, дәрігерлердің, мәдениет және өнер қайраткерлерінің мәртебесін көтеруге, креа­тивті индустрияны қолдауға қатысты нақты шаралар қабылданғанын, жас ғалым­дардың зерттеулері мен тағылымдамадан өтуіне ар­налған грант саны арт­қа­нын, Президенттік жастар кадрлық резерві құрылғанын айтты. Аталған құндылықтар мен бастамалар «Zakovat» клубының идеологиясымен үндеседі.  

Бұдан бөлек, Мемлекет­тік кеңесші Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды өз­герістер жолында сенім­мен қадам басып келе жатқа­нын жеткізді. 

Ерлан Қарин сөзін қоры­тындылай келе, екі мемлекет арасындағы көпжақты ынтымақтастық бауырлас халықтардың игілігі үшін ал­дағы уақытта да нығая түсе­тініне сенім білдірді.

Саида Мирзиёева өз сө­зін­де жастар әрдайым жа­сам­паздық үдерістерінде маңызды рөл атқарып, өрке­ниеттің басты қозғаушы күші болатынын айтты. Осы­ған байланысты ол «Zakovat» жо­басының екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық се­рік­тес­тікті кеңейтудегі маңыз­дылығын атап өтті. Саида Мирзиёеваның айтуынша, мұндай жобалар Ор­талық Азия елдерінің адами капиталының сапасын арттыруға оң ықпал етеді.

Сонымен қатар өзбек делегациясының басшысы Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің белсен­ді саяси диалогі Орталық Азия­ның қауіпсіз, өркен­деген аймақ ретіндегі мәр­тебесін нығайтуға септігін  тигізетінін айрықша атап өтті.