Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы» ШЖҚ РМК филиалының бас директоры К.Төрегелдиев пен жеке компанияның басшысы Д.Озықбаевқа қатысты үкім шығарды. Біріншісі алаяқтық, пара беруге итермелеу және немқұрайдылық танытқаны, екіншісі пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған.
К.Төрегелдиев аталған орталықта жүргізіліп жатқан аудиторлық тексеруде оң шешім шығару үшін лауазымды тұлғаларға пара беру деген сылтаумен Д.Озықбаевтың 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды. Сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне «орындалды» деп қол қойып, мемлекетке 2,2 млн теңге көлемінде залал келтірген.
Сот үкімімен К.Төрегелдиевке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, Д.Озықбаевқа 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар бұл адамдар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да орын алған. Медеу ауданының №2 соты «Алматы тазалық» ШЖҚ МКК директоры А.Тоқтасынов пен «Қала көркейту» ЖШС жеке компаниясының директоры С.Байжановты жемқорлық жасады деп соттады.
А.Тоқтасыновтың нақты айыбына тоқталсақ, ол Алматы қаласының көшелері мен тротуарларын күтіп ұстау бойынша қосалқы мердігерлік қызметтер шарттарын жасасқаны және орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 2,7 млн теңге сомасында пара алған. Сот үкімімен оған 81 млн теңге сомасында айыппұл, ал С.Байжановқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Түркістан облысында Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы мен оның сыбайласы сотталды. Қалалық сот аталған департамент басшысы А.Мырзаевқа, оның сыбайласы А.Балтабаевқа және осы департаменттің бөлім басшысы Б.Жетпісовке үкім шығарды. Мырзаев пен Балтабаев алаяқтық пен пара беруге итермелегені, ал Жетпісов пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып отыр.
Нақтырақ айтсақ, А.Мырзаев пен оның сыбайласы А.Балтабаев жер учаскесін ресімдеу үшін кәсіпкердің 18 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденгені анықталған. Сонымен қатар А.Мырзаев лауазымды тұлғаларға жалпы қамқорлығы үшін пара беру сылтауымен бұрын келісілген Б.Жетпісовтің 5 млн теңгесінің 70 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолымен иемденген.
Сот үкімімен А.Мырзаевқа – 8 жыл, А.Балтабаевқа – 7 жыл, Б.Жетпісовке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Үкімді жария ету Түркістан қаласының Жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық департаменті мен жер қатынастары бөлімі ұжымының қатысуымен өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасау бойынша соттың үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам кінәсіз деп есептеледі.
Бұл келтірілген мысалдарда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасап, ұсталған адамдар туралы айтылып отыр. Ал ұсталмай жүргені қаншама? Мәселен, таяу күндері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген ауыр қылмыс жасаған ел тұрғынының іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат таратқан еді.
Агенттіктің мәліметінше, ол – Қарағанды облысының тумасы, Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің бұрынғы жедел уәкілі, 24 жастағы Бақыт Әділ Есенжолұлы. Бұлтартпау шарасы – «Қамауда ұстау». Іздеу салынған адам анықталған жағдайда немесе оның болуы ықтимал орны туралы қандай да бір ақпарат болса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне хабарлауды өтінген. «Іздеуде жүрген адамды ұстауға ықпал ететін ақпарат бергені үшін сыйақы және анонимділік тұрғысынан кепілдік беріледі» делінген ақпаратта.