«Кітапқұмарлық жас талғамайды, ол – шексіз еркіндік. «Кітап – тілсіз мұғалім» деп бекер айтылмаған. Көп оқыған адамның санасы сергектеніп, ойы ұшқырланып, өмірдің ағы мен қарасын шынайы сезініп, алдынан кездескен қиындықтарды ақылмен шешуді үйренеді. Оқуға төзімділікті жастайыңнан бойыңа сіңіре алсаң, өмірде ұтарың да көп». Бұл – біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Шалқар аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы, зейнеткер Кеулімжай Досовтың пайымы.
Бастауыш сыныпта оқып жүргеннен-ақ том-том кітаптарды оқып тауысуға талпынған ардагердің негізгі мамандығы – теміржолшы. Болат жолдың бойында табан аудармастан жарты ғасыр бойы еңбек еткен кәнігі еңбек адамы. Жетпіс бес жастың желкенін керген Кеулімжай Ідірісұлы қазір де көп уақытын кітап оқуға арнайды.
– Жалпы, ауыл баласының арман-қиялы асқақ болады ғой. Мен теміржол бойында туып-өстім. Соғыстан кейінгі елдегі тұрмыстың қоңырқай кезеңінде өмірге келген буынның қатарынан болғандықтан, кішкентайымыздан ауылдың қара жұмысын істеп үйрендік. Туған мекенім – Тоғыз стансасының үстінен ол кезде де артында асықтай тізілген вагондары бар жүк құрамалары ерсілі-қарсылы өтіп жатушы еді. Біз ойын балалары сол созылған вагондар анау қырдан асып, көкжиекке сіңіп кеткенше артынан қарап тұратынбыз. Жаңашыл дүниенің бәріне қызығамыз, бойымызда оқуға, ізденуге деген құштарлық басым. Осы қасиеттерді байқаған мектептегі Жандаулет Бердімұратов деген бастауыш сынып мұғалімі бізді кітап оқуға баули бастады. Алғаш ауылдағы шағын кітапхананың есігін 2-сыныптан бастап аштым, онда Аманша есімді үлкен ағай кітапханашы болып жұмыс істеді.
Мектеп жасында жүріп-ақ Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің «Жас партизандар», әйгілі орыс жазушысы Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Сәбит Мұқановтың барлық шығармаларын, әсіресе «Ботагөз», «Мөлдір махаббат» сынды романдарын жастана оқыдым. Ауыл балалары болып кітапқа кезекке тұрып, ең қызықтыларын бір түнде шамның жарығымен оқып тастайтынбыз. Ең көп кітап оқыған тұсым — 20 мен 30 жастың аралығы. Сол кездерде айына 10 кітапқа дейін оқып, жылына 100 кітапты тауысқан кездерім болды, деп, жастық шағын есіне алады ардагер.
Кеулімжай аға теміржол саласында он алты жасынан бастап жұмыс істеген. Он тоғыз жасында машинист көмекшісі болып, үлкен міндет арқалайды. Осы теміржол саласы бойынша кейіннен білімін жетілдіріп, 1977-1985 жылдар аралығында жүк пойызының, 1985 жылдан жолаушылар пойызының машинисі тізгінін де ұстап көрді.
Тепловоз тізгіндеудің өзіндік қиындықтары жетіп артылады. Жүздеген жолаушының тағдыры мен артыңда аманат арқалаған жүк вагондары тұрғандықтан алдымен тізгіншіден үлкен жауапкершілік талап етіледі. Күн-түн демей, жол мұратын мақсат еткен тепловоз машинисі Кеулімжай аға қандай қиын жұмыс болса да қалта-қоржынына сүйікті кітаптарын сыйғызып, өзімен бірге алып жүруді дағдыға айналдырады.
— Кітапты атүсті парақтап оқудың еш пайдасы жоқ, әу бастан түсініп оқуға үйреніп, түсініксіз дүниеге уақытыңды құртпауға бейімделу қажет. Мәселен, бұрын оқыған кітабыңды жылдар салып қайта көз жүгіртсең ондағы мазмұнды бөлек қабылдайсың, оқиға да өзгеше суреттелетін сияқты болып көрінеді. Меніңше бұл сол уақытпен бірге өзіңнің де ой-өрісіңнің дамып келе жатқанының белгісі деп ойлаймын.
1970 жылдары Шалқар қаласында кешкі мектепте оқыдым. Сонда орыс тілі пәнінен Қуанышбай Жантурин есімді мұғалім сабақ берді. Ағай бізге үнемі «Көп оқу сауатты жазудың жолын ашады» деп, жадында жатталған мына бір мысалын бізге жиі айтатын-ды. «Аса қауіпті қылмыскерге шығарылған соңғы үкімдегі «Казнить, нельзя помиловать» деген сөзді «Казнить нельзя, помиловать» деп, жазып жіберген. Қате қойылған бір үтір, адам тағдырын оңай шеше салды», сондықтан сауатты жазуға осы бастан дағдыланыңдар дейтін-ді.
Бұны айтып отырған себебім, қазіргі жазбаларда грамматикалық қателіктер жиі кездесіп жатады, кейде оқып отырып, оқырман ретінде қынжыласың, дейді ол.
Кеулімжай аға еліміздегі аты алты Алашқа мәлім, зиялы қауым өкілдерінің шығу тегін, арғы ата-бабасын, қазақ халқының ру-шежіресін тарқатудан бір кісідей хабары барын әңгіме барысында аңғардық. 1971 жылы Мәскеуге жолаушылап бара жатқан әйгілі жазушы Сәбит Мұқановпен №7 пойызда Орал қаласына дейін бірге сапарлас болғанын, көрнекті тұлғаның барлық кітаптарын жастайынан оқығасын онымен әңгімелесу өзіне өте жеңіл тигенін мақтанышпен айтады. Ардагердің көбіне іздеп оқитыны – көркем тілмен жазылған махаббат хикаялары, шытырман оқиғалы шығармалар мен детектив жанрындағы кітаптар. «Абай жолы» роман-эпопеясын бірнеше қайтара оқыған ол: «Жалпы, көп оқу арқылы адамның азаматтық парасат-пайымы да ерте қалыптасады», дейді.
Өзінің өмірлік серігі де – ауданымызға есімі аян зейнеткер ұстаз, салалық «Шалқар географиясы» оқулығының авторы Дәмеш Төлебаева. Жалпы кітап, оқу мәдениетін отбасында да берік ұстанған зерделі қос зейнеткер талай мәрте келелі басқосулардың төрінен табылып, өлке жастарына тағылымды сөздерін, оқу, білім жолында лайым ізденісте болу адамдық биігіне жетелер баспалдақ екенін айтумен келеді.
Ардагер қазір жазушы Сапарғали Бегалиннің «Қыран туралы аңыз» кітабын оқып жүр. Шалқар аудандық орталық кітапхананың мәліметінше, Кеулімжай Досов жыл басталғалы он сегіз кітап оқыған. Аталған кітапханадан ол 2023 жылы — 55, 2022 жылы 37 кітап алып оқыпты.
Күндіз көзілдіріксіз оқып, кітаптан қол үзбеген Кеулімжай ағаның кітапқұмарлығы жайында айтылар әңгімеміздің бір парасы, міне, осылай...
Мұхтар МЫРЗАЛИН
Ақтөбе облысы,
Шалқар қаласы