Статистиканы сөйлетсек, жыл басталғалы екі ортада 30 жол-көлік апаты тіркелкен. Салдарынан 29 адам қаза тапқан. 44 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алып, ауруханаға түскен. Қорқынышты көрсеткіш!
14 шілде күні ғана жан түршігерлік тағы бір оқиға орын алды. Ақшатау кентінің маңында автобус пен жеңіл көлік қақтығысып, 5 адам дәл сол жерде тіл тартпай кетті. Осы секілді қанша ғұмыр қыршыннан қиылып жатыр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз болды, осы бір бағытта орын алған жол апатынан көз сүрінеді. Жағаңызды ұстайсыз…
Иә, бұл бағыт тек Балқашқа ғана апармайды. Астана мен Алматыны жалғайтын үлкен күретамыр. Сол себепті, күніне мың сан жүк көлігі қатынайды. Жеңіл көлікте тіпті есеп жоқ. Өкінішке қарай, Қарағанды мен Балқаштың арасында жол-көлік оқиғасы жиі тіркеледі. Ел-жұрт оның себебін сағызша созылған жолдың құрылысынан көреді.
Жақында ғана Қарағандыдан Ақбастау ауылына дейін 4 жолақ пайдалануға берілді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сүйіншіледік. Ал Ақбастаудан әрі қарайғы жол екі-ақ жолақ. 15 тамызға дейін Балқаш қаласының жолайрығынан Бектау ата турбазасына дейін жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 2 жолақ ашылады. Құқық қорғау органының өкілі 4 жолақтың толықтай ашылуы қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз етеді дейді.
Бұл мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖолдың» да өз айтары бар. Олардың мәлімдеуінше, Қарағанды – Балқаш жол учаскелерін кезең-кезеңімен жоспарлы іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта асфальт жабынының жоғары қабатын төсеу жұмыстары тиянақталып келеді. Сәйкесінше, құрылыс жүріп жатқан жол учаскесіне тиісті жол белгілері, жылдамдықты шектеу белгілері қойылған. Бірақ оны елеп жатқан жүргізуші жоқ, тіпті жабық жолға да шығып алып, зулайтындар бар екен. Содан соңғы бір сорақылық – жылдамдық шектеулері ескерілмейді.
Жалпы, Қарағандыдан бастап, Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жол 513 шақырым. Ал Қарағанды мен Балқаштың арасы 363 шақырым. Биылға дейін осы екі ортада айналма жол көп болды. Олардың бәрі жабылып, автобанның екі жолағы ашылып, жағдай әлдеқайда жақсарды дейін десек, жоғарыдағы көрсеткішке қарап, тағы да ойымыз тұсалады.
Құрылысы басталғалы бері қанша көлік қақтығысып, қанша адам қаза тапқанын есептеудің өзіне жүрек бармайды. Сөйтіп, ел күткен автобан ажал тасжолына айналып шыға келді. Жолды қысқартамын деп қарсы бағытқа шыққандар, уақыт ұтамын деп жылдамдықты асырғандар өзіне де, өзгеге де қиянат келтірді. Бала – жетім, жар жесір қалды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін облыстағы полиция департаменті патрульдік көліктердің санын күрт көбейткен. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайырбек Шәкенов бұл тасжолмен күніне 33 мың көлік қатынайтынын, патрульдік полиция қызметкерлері күніне 3500 көлікті тоқтататынын айтты.
«Республикалық маңызы бар жолдардағы апаттылықты тұрақтандыру үшін мамыр айынан бастап, кезекшілік саны 17-ден 37-ге дейін ұлғайтылды. Қызмет өткеру кезінде патрульдік полиция қызметкерлері апатқа әсер ететін бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жүргізушілермен ұйқы және демалыс режімін сақтау туралы профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Полиция қызметкерлері бір тәулікте 3,5 мың жүргізушіні қамтиды. Бұл учаскедегі көлік ағыны тәулігіне 33 мыңға жуық автокөлікті құрайды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың басынан бері автомобиль жолдарына, қалалар мен аудан орталықтарының көшелері мен жол желісіне 1217 тексеру жүргізілді. Нәтижелері бойынша жол-коммуналдық органдардың басшыларына автожолдардағы кемшіліктер үшін 1170 ұйғарым берілді. Кейінгі 6 айда мердігерлік ұйымдарға («СинеМидасСтрой» ЖШС, «СитикКонстракшн» ЖШС, «Колинс СМС» ЖШС) қатысты 40 хаттама толтырылды. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖолға» биылдың өзінде 36 920 теңге айыппұл салынды», дейді Қайырбек Шәкенов.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды мен Алматыны жалғап жатқан тасжолда байланыс желісінің жоқтығын көтерген еді. Бұл да – күйіп тұрған мәселенің бірі. Неге десеңіз, жолда апат орын алған жағдайда бірден хабар тарату қиынға соғады. Содан алғашқы көмек көрсету қызметі кешеуілдейді.
«Қалааралық жолдарда шешілмей келе жатқан үлкен мәселе бар. Алыс сапарға аттанған жолаушы мобильді байланыстан мүлде ажырайды. Мәселен, Қарағанды мен Алматының арасындағы 500 шақырымдық жолда апатқа түскендер дер кезінде көмек шақыра алмайды. Цифрландыруға жауапты ведомство осыны басты назарға алуға тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйесі жоқ», деді О.Бектенов.
Облыстық полиция департаменті жалпы аймақ бойынша жол-көлік оқиғасы 55 пайызға өскенін, ал одан көз жұмғандардың үлесі 44,7 пайызды құрағанын айтады. Бұған қатысты сараптама нәтижесі жол апатының басым бөлігі жылдамдықты шектен тыс асырғаннан деп отыр.
Қарағанды облысы