Ертеде осы өлкені мекендеп, кейін жойылып кеткен Балқаш жолбарысы бас рәміз ретінде таңдалыпты. Ауқымды іс-шара аясында көкшекөлдің жағалауында туризм кластерін дамытудың негізгі бастамалары жүзеге асып отыр. «Көкше теңіздің» суына түсіп, құмына қыздырынғысы келетін саяхатшылардың қатары кейінгі үш жылда артып отыр. Бұған «Balkhash TourFest» фестивалінің де ықпалы бар дейді туризм мамандары.
Фестивальда су қоймасын тазартатын құрылғы іске қосылды. Құрылғы көлдің бетіндегі қалдықтарды тазалайды. Мұның көмегіне айына 7-10 мәрте жүгінеді. Құрылғы Балқаш қаласы әкімдігінің балансына берілді.
Ежелден желкенді қайықпен елге белгілі Балқаш желкенді регатасының ашылуы да үлкен қуаныш сыйлады. Көл бетіндегі жарысқа Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарының, Балқаш, Шардара қалаларының кіл мықтылары қатысты.
«Регата Балқаш көлінде жаңа желкенді спорт түрінің күш алуына септігін сөзсіз тигізеді», дейді республикалық деңгейдегі бас төреші, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Юрий Пасынков.
Ашық аспанның астындағы кинотеатрдан еліміздің және шетел режиссерлерінің үздік фильмдері көрсетілді. Батут аймағында «Жасыл ел» жастарының арасында Ninja Battle, Byroglaz events ойындары өткізілді. Үлкендерге таңғы фитнес, гимнастика, тыныс алуға арналған жаттығулар, йога жасауға мамандар нұсқаулық берді. Жағажай волейболы, жағажай күресі, ондағы арқан тарту және «Көңілді старттар» бойынша жағажай драйв турнирі думанды дүбірге бөледі. Жаппай жүзу де жұрттың көңілінен шығып жатты. Футболкаларға суреттер, балаларға аквагрим салынды. Волейбол, кір тасын көтеру спорты және армрестлинг бойынша жарыс ұйымдастырылды. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ секілді тақта ойындары да тартысты өтті.
Фестиваль кезінде аумақты таза ұстауда үлкен күшті қажет етеді. Ұйымдастырушылар оның жолын оңай тауыпты. Үш бос бөтелкеге 1 балмұздақ үлестірген. Бұған халық белсенді қатысты.
– Балқаш көлін туризмнің темірқазығына айналдыруға зор мүмкіндік бар. Бұл үшін алдымен қаржылық және заңнамалық тұрғыдан қолдау қажет. Осы бағытта жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Жақында ғана өткен фестивальда этномузыка мен ұлттық ойындарға, оның ішінде арқан тартыс, қолкүрес, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ойындарға басты назар аударылды. Келушілерге арнайы ұлттық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды. Фестивальға екі күнде 30 мыңға жуық адам келді. Келушілер үшін жағалауға дейін тегін тасымалдау ұйымдастырылды. Автобустар әр 15 минут сайын 09.00-ден 00.15-ке дейін халыққа тегін қызмет көрсетті. Ақысыз көлік тұрағы, полиция бекеті, жедел жәрдем қызметі мен құтқарушылар тобы жүйелі жұмыс істеді. Мұның барлығы – демалушыларға жасалған қолайлы жағдай, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Фестивальды өнерімен қыздырған Азамат Бақия және «Жошы» этнофольклорлық тобының әндері мен шеберлік сабағы жұртшылыққа рухани азық болды. Қазақ өнертану ғылымының өркендеуіне үлкен үлес қосып отырған топтың шеберлік сабағында ұлттық аспаптарды жасап көрсетті. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры балаларға «Керік пен мүйізтұмсық» ертегісін сахналады. «Dance battle», «timur’s team» секілді заманауи би топтары мен «Ivory live band» кавер тобы қонақтардың көңілін көтерді. Ал еnergy шынығу жаттығулармен zumba биі, «Аспазшылар байқауының» әсері тым басқа. Облыстың қала, аудандарындағы хореографиялық ансамбльдердің концерті Көкше көлдің жағасындағы мерекенің көрігін қыздырды. Қас қарайған соң үлкен сахнада DJ Никита Филатов ән айтып, көбік кеші өтті.
– Осындай қадаммен Балқаштың Біріккен Араб Әмірліктері, Дубай, Түркия сияқты туризмді дамытқан елдердің қатарына енуге талпыныс жасап жатқанымыз қуантады. Болашақта оған жететінімізге сенімдіміз, – дейді Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ізбасар Шәкенов.
Қолөнершілердің кәдесыйлары мен зергерлік бұйымдары сөреге қойылған көрмені де көпшілік қызыға тамашалады.
Фестивальдың хэдлайнері Дастан Оразбеков шырқаған әнге жастар қосылды. Фестивальдың жабылу салтанатындағы отшашу келушілердің көңіліне шуақ сыйлады. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген қонақтар фестивальдан қимай тарқасты.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы