Таным • 07 Тамыз, 2024

Қайдасың, қымызмұрындық?

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан бес жыл бұрын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойында Жаңаарқа топырағында бір мезетте мың күбі пісіліп, 10 мың литр қымыздың исі даланы алып кеткені ұмытыла қойған жоқ шығар. Аталған ауданның тоқсанжылдық тойы үстінде ел ардақтысы Ақселеу Сейдімбек жатқан Қарауылтөбенің бауырында гүрп-гүрп пісілген мың күбінің қызығын Гиннес рекордтары ұйымынан Юделькис Диас Кубадан келіп тіркегені есімізде.

Қайдасың, қымызмұрындық?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бала күнімізде ауылда бие байлар күн кәдімгідей мерекеге айналатын. Көк көтеріліп, күн қыза «жылқыны қашан әкеледі екен?» деп мазасыздана бастайды үлкендер. «Құлындар қарақұлақтансын, әлі ертерек емес пе?» дейді келесісі. «Құралай өткен соң да үлгереміз ғой» деп кергиді енді бірі. Бұлардың сондағы ойы – тезірек бие байлап, мамырдың уыз қымызын қанып ішу. Мамырдың ортасынан ауа соңына дейін құралайдың салқыны өтеді, оны күтсе, ар жағында екі-үш күннен соң уыз қымыздан қағылып қалады. Құралай өтісімен байлағанымен де, ол ашып, қымыз бабына келгенше екі-үш күн уақыт керек дегендей. Табиғатпен үйлесіп далада өскен ақсақалдар бәрінің уақытын біліп, қапысын табатын, бірақ.

«Ертең жылқы келеді» деген хабар дүңк ете қалатын ауыл ішіне. Ол бір керемет уақиға. Бұрқыраған жусан, шұрқыраған жылқы. Бірінші күні ел құлынды биелерін үйінің маңындағы көлеңкелі орындарына әшейін байлап қана жіберіп, бойын үйретеді. Келесі күні де сөйтуі мүмкін. Әдетте даладан келген жылқының бойын әбден үйреттіріп алған соң, бірер күннен соң құлындарын матай бастайды. Тіпті кейбір ақсақалдар ырымдап бай дүйсенбіде байлап жататыны есте. Неге бай дүйсенбі, біле бермейміз.

Басын әнтек шұлғып, әр нәрсе­ден секем алған жібек жал құлын­дарды құлақтан басып, шыңғыртып байлағанда... Олар атқып секіріп, шылбырға шалынып, өліп кете жаздайды. Мама биелер тұра береді. Қулық құлындағандар (тұмса) кә­дімгідей қайырылып, оқыранып, алаңдаушылық білдіреді. Содан екі-үш күн өткен соң құлындар да бастығыңқырап, қымыз бабына келіп, ауылда «қымызға құран» оқыту бас­талады. Қымыздың үлкен дәм екені осыдан білінеді. Ет асылып, ауылдас­тар бір-бірінің үйінен кезегімен қы­мыз ішеді. Сөйтсек, бұл үрдіс баяғы қымызмұрындықтың жұқанасы ғана екен ғой, дейді қу ішім. Бертінде ол да үзіліп тынды. Біздің ауылдан әрі Ақадыр кентінде жазушы Өмір Кәріп бастап, қымызмұрындық кәдімгідей кең көлемде тойланып, дабысы біраз жерге жетіп жүретін. Қазір естілмейді. Демек бұрындары қымызмұрындық­ты ел болып тойлайтын болса керек. ­Ат шаптырып, балуан күрестіріп, түр­лі ұлттық ойын ұйымдастырып деген­дей. Кейін сол дәстүр жіңішкеріп, біз­дің ауылда әр шаңырақта құран оқы­ту деңгейінде ғана қалған да, бертін­де тіптен естілмейтін болып бара ма, қалай өзі? Мүмкін басқа аймақтар­да әлі де өте ме екен?

Қайдасың, қымызмұрындық?