Екі жылдан бері, Ауыл шаруашылығы министрі С.Мамытбековтің көтеріп жүрген мәселелерінің бірі де бірегейі, ол ауыл шаруашылығының өнім өндірушілеріне мемлекеттен материалдық және қаржылық жәрдем берудің оңды да тиімді жолдары, оларға тікелей қаржылай жәрдем бергеннен, шығындарының едеуір бөлігін мемлекеттік субсидия есебінен төлеп беру болатын. Енді міне, былтыр осы мәселе оңды шешімін тауып, «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің қаулысы қабылданды, сөйтіп, ауылшаруашылық кешендері субъектілері шығындарының біраз бөлігін мемлекеттік субсидия есебінен төлеп берудің жаңа ережесін бекітті. Бұл қағидалар «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі заңға сәйкес әзірленген және жаңа өндірістік қуаттарды құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталған инвестициялар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру (инвестициялық субсидиялар) тәртібін айқындайды.
Инвестициялық салынымдар кезінде АӨК субъектiлepi жұмсаған шығыстардың бip бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялаудың негізгі мақсаты капитал сыйымдылығын төмендету және салынған инвестициялардың өтемділігін арттыру жолымен АӨК-тің басым бағыттарында (секторларында) инвестициялық жобаларды icкe асыру шеңберінде тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру болып табылады. Егерде осы қаулы іс жүзінде орындалса, онда, ауыл шаруашылығының тамырына қан жүріп, шаруашылықтар шаруасы дами бастайды, себебі, осы субъектілердің өнім өндіруге кеткен шығындарының 20-дан 80 пайызға дейінгі қаражатын субсидия есебінен жабу қарастырылған, бұл жағдайда өнім өндірушілер аздап болса да пайдаға кенеліп, олардың өндіріске деген қызығушылығы артады.
Мемлекет бірінші рет агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне, шығындарын жабу үшін 20-дан 80 пайызға дейін субсидия бермекші. Бұл шаруаларға өте тиімді, нақтылай жәрдем болады. Мұндай тәсілдер дамыған мемлекеттерде бұрыннан бар. Енді біздің мемлекетте де қолданысқа енбегі өте құптарлық қуанышты жағдай, яғни мемлекет ауыл мәселесіне де толық көңіл бөле бастады деп айта аламыз. Мұның барлығы да жалпы ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлеміне байланысты. Мәселен, Ресейде ауыл шаруашылығына бөлінетін жалпы қаржының көлемі, ішкі жалпы өнімнің 16 пайызын құраса, ол көрсеткіш Белоруссияда – 24 пайыз, ал Қазақстанда қазіргі күні әлі де 5 пайызға жетпей отыр.
Қаулының қағидаларында орындау жолдары нақтыланып, қосымшаларында жобаның паспорты, мақсаты айқын анықталып, фермерлік қожалықтарға техника мен жабдықтар сатып алуда, олардың атауы және техникалық сипаттамалары көрсетіліп, бір бірлікке барынша рұқсат етілген құндарына дейін нақты жазылған.
Бұл ауыл шаруашылығының негізгі түрлерін дамытуға, ауқымын кеңейтуге, алға жылжуына үлкен мүмкіндіктер туғызудың бірден-бір тиімді жолдары. Осы мүмкіндіктерді енді өнім өндірушілер дұрыс және тезірек тиісті құжаттарын дайындап, мемлекеттің субсидия үшін бөлінген қаражатын тиімді пайдаланып қалуы керек.
Мен өзім ауыл шаруашылығына елу жылдан астам уақыт еңбек сіңірген азаматпын, әлі де еңбек етудемін. Одақ кезінде кеңшарда маман болып жиырма жылға жуық қызмет жасадым, ал енді егемен ел болып еңсемізді көтергелі бері де аянбай еңбек етіп, осы саланың дамуына қызмет жасап, мүмкіндігімізді сарқа пайдаланып, білімімізді, тәжірибемізді тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне, жұмсап, шама-шарқым келгенше атсалысып келемін. Менің бұл жерде қадап, нақтылап айтпағым, дәл мұндай мемлекеттік қамқорлық егемендік алғанға дейін де, одан кейін де, ауыл шаруашылығында бұрын-соңды болмаған еді. Еліміздің экономикасы дамып, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында, осындай салмақты, салиқалы, ауқымды, ең бастысы, тауар өндірушілерге өте тиімді қаржылық жәрдем беретін қаулының қабылдануы, ауыл шаруашылығында еңбек етіп, оның қиыншылықтарына төзіп, ата-баба кәсібін тастап кете алмай қиналыста жүрген ұлтымыздың жанашырлары, қайтпас қажырлы халқымыздың өкілдері үшін үлкен серпіліс береді.
Ол үшін Елбасымызға рахметімді айта отырып, ағайынды ауылдық жерлерде ата кәсібімізді дамытуға үлес қосуға шақырамын.
Нұрмаханбет АЙТУҒАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты.
АЛМАТЫ.