«2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-орынға тұрақтаған Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктесінің бірі екенін көрсетті. Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айналымының 57%-дан астамы Өзбекстанға тиесілі. Кейінгі 5 жылда екіжақты тауар айналымы 29%-ға өсіп, 2022 жылы 5 млрд доллар көлеміне жетті. Бізге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу және сауда айналымының жаңа өсу нүктелерін табу қажет. Осылайша, мемлекеттеріміздің басшылары қойған мақсат – ортамерзімді кезеңде 10 млрд долларға қол жеткізуге талпынуымыз керек», деді С.Жұманғарин.
Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев мұндай іс-шаралар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қуатты серпін беретінін атап өтті. Ол Қазақстан Өзбекстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
«Әлемдік қауымдастық біздің өңірлерге біртұтас нарық призмасы арқылы қарайды. Сіздерді ірі жаһандық брендтерді тиімді тарту үшін күш-жігерімізді біріктіруге шақырамын», деді ол.
Екі ел арасында өнеркәсіптік кооперация белсенді түрде дамып келеді. Бұл 3,1 млрд доллар сомасына 69 жоба, 14,7 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейді. Қазірдің өзінде 217 млн доллар сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды. Бұған тұрмыстық техника, жүк және жеңіл автокөліктер, тракторлар өндірісі кіреді. Белсенді фазада 178 млн доллардан аса сомаға үш инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Тараз қаласындағы қуаты 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электр металлургиялық зауыт пен Шымкент қаласында инфузиялық ерітінділерді өндіру бар.
Өзбекстан Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізушісі саналады. Әлеуметтік маңызы бар агроөнеркәсіптік өнімдерді Өзбекстаннан жеткізуді дамыту үшін тез бұзылатын тауарларды тасымалдау кезінде «UZKAZTRADE» бірлескен кәсіпорнына қозғалыс басымдығын беру мүмкіндігі қарастырылады.
«Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумына екі елдің ұлттық компанияларының, іскер топтары мен мемлекеттік органдарының 450-ден аса өкілі қатысып жатыр.