Құрылтайда Президент отандастарымызға елдігімізді бекемдейтін тұста қашық болуға тиіс бес тұсауды атады. Оның біріншісі – нашақорлық. Елімізде мыңдаған адам есірткіге еліріп, тонналап тәркіленіп жатса да, кеселдің кесірі азаймай тұр. Әсіресе синтетикалық есірткі айналымы шарықтап, жастар арасында тез таралып барады. Бұл – қоғамдық қасірет.
Негізі есірткі нашақордың өзіне ғана емес, өзгенің өміріне де қауіпті. Есірткінің кесірінен есінен танғандардың қолымен қаншама қылмыс жасалып жатыр. Сол себепті Мемлекет басшысы Парламентке есірткі заттарын өндірушілердің жазасын барынша қатайтуды ұсынды.
Бала кезінде компьютерлік клубтардан шықпай, ойын ойнап, от басып, өз тағдырына өзі балта шауып, енді өкініп жүрген жас жігіттердің алды сотталып та кеткен. Маңдайға тиген таяқтан тоқтаған адамнан айналасың. Ал қой дегенге қоймайтын, құмар ойынға тоймайтындар әлі де көп. Соның салдарынан талай шаңырақ шайқалып, жарты миллиондай отбасы ойран болыпты. Түйткілдің түйіні бір-ақ шешіммен не мәселемен тарқамайды. Тізбекті жалғағандай, олқылық бірінен соң бірі ашыла береді.
Қайда қарасаң да құмар ойынның жарнамасы жар салып, менмұндалап тұрады. Түркістанда өткен жүздесуде парасатты жастар көшелердегі құмар ойындардың жарнамасын алып тастауды және тыйым салуды ұсынды. Жастардың жақсылыққа бастауы – қуантарлық әрі құптарлық жайт. Мемлекет басшысы лудоманияны ең қауіпті әлеуметтік кесел ретінде атап өтіп, құмар ойынға тәуелділік ойынқұмарды қарызға батырып, отбасын оңдырмайтын, тіпті суицид пен ұрлық, кісі өлтіру сияқты қылмыстарға итермелейтінін айтқан еді.
Сарапқа салсақ, елдегі ажырасудың 40%-ы осы құмар ойындардың кесірінен. Тағы бір дерекке жүгінсек, лудомандардың ресми саны 400 мыңнан асып жығылады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке лудоманияға қарсы күрес жоспарын қабылдауды, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды. «Amanat» партиясының бастамасымен лудоманияға қарсы заң жобасы әзірленіп, қабылданды.
Жалпы, букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллионнан асып кеткен. Оны жеңіл табысқа еліккендер бала-шағасы мен ата-анасының аузынан жырып, өз қолдарымен апарып беріп жатыр. Тіпті мемлекеттік қызметшілер арасында да шамамен жарты миллион долларын бәске тігіп жібергендер бар. Сондықтан жаңа құжат аясында енді мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер бәс тігетін болса, қызметінен қағылады. Сондай-ақ 21 жасқа толмағандарға құмар ойындарды ойнауға тыйым салынады. Онлайн казино мен букмекерлік кеңселердің жарнамасы бұғатталады.
Айта кетерлігі, eGov порталы арқылы да онлайн бәс тігуге кез келген азамат өзіне 10 жылға дейін шектеу қоя алады. Ал бұған дейін ұтыс ойындарынан ойыны осылғандар букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіргізілмейді. Интернеттегі деректерге сүйенсек, 3,5 миллион отандасымыз қара тізімде екен. Жаңа заңның жетістіктері мұнымен шектелмейді. Десе де меніңше, әр ата-ана өз баласын телефонмен жұбатуды доғарса, ойынқұмар болмайды.
Екі жылдай талқыланған заң турасында Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретінін айтып, орайлы сәтте заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс білдірген еді.
Құрылтайда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия. Дана бабаларымыз ұрпағын ешкімнің ала жібін аттамауға, қиянат жасамауға баулыған. Ол тұста жаумен күресетін батыр тәрбиелеу, елді қорғау мен азаттықтан артық арман болмады. Ал қазір еріккенде пайдасыз істі ермек қылатын жас та, кәрі де көбейіп кетті. Яғни «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген белең алып барады.
Отбасын асырау, қорғау – ердің ісі. Өкінішке қарай, қазір отбасы мүшелерінің функциясы шатасып кетті. Мұның соңы сананы тұрмыс билейдіге жеткізіп, отбасылық құндылықтар ескерусіз қалды. Зорлық-зомбылық тұрғысынан қарағанда әйел мен баланың құқы жиі тапталатыны жасырын емес. Қанша бала зорланып, қанша ананың қорланғаны белгілі. Жаңалықтардан күнде бір сұмдықты естиміз. «Ұят болады» деген ұғым ұмыт қалғандай. Мәселен, көрші елдің телеарналары жамандық пен ұятсыздықты жария етпейді. Тіпті әлемде әлеуметтік желісіз өмір сүріп жатқан елдер бар.
Телеарна мен әлеуметтік желі – үлкен идеологиялық құрал. Адам психологиясы «көрсем, білсем» деген қызығушылыққа құмартып тұрады. Елдегі БАҚ беттерінде зорлық-зомбылық, қылмыс, суицид деректері еркін таралып жатыр. Яғни «біреуді зорлап, біреуді қорлап кетіпті» деген ақпаратқа халықтың еті үйреніп, бәзбіреулердің сондай қылмыс жасауға бойы үйреніп кеткен секілді көрінеді. Жалпы, шариғатта тез жайылып кететіндіктен, кез келген жамандықты жария етпеуге шақырған. Меніңше, қылмыстық іс-қимылдарды «дәріптеуді» доғарып, Президент айтқандай, сананы түзеу үшін идеологияны реттейтін уақыт жетті. Заң күшейтілгенімен адам өз-өзіне шекара қоймаса, темір торды бір рет көрген адамның тағы да сол қылмысты қайталауға ықтималдылығы жоғары болады.
Қазақстан бала мен әйел құқын қорғау ісінде де қалыс қалып жатқан жоқ. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіске айналғанын жеткізді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе», деді Мемлекет басшысы.
Байқап, бағдарласақ, қазір қоғамдық мүліктен бастап мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрі-бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналып кеткен. Көшелерді жарықтандырып, орындықтар орнатып, ойын алаңқайларын қанша салса да, қиратып тастай беретіндердің қарекетіне сөз де шығын. Біреулердің әупірімдеп салған үйлерінің терезесін шағып кететіндерге не дерсің? Олар өздерінің бұл әрекеттерін елге қиянат деп те санамайды. Сондықтан вандализмге де қылмыстық жауапкершілік тағайындалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген өзекті мәселелер бойынша заң әзірлеуді тапсырып, біразы қабылданып, күшіне еніп үлгерді. Мәселен, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Яғни адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттер қамтылған. Енді мұндай қылмысты жасағандар татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Себебі адам – мемлекеттің басты капиталы.
Сондай-ақ кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғандарға да алғаш рет қылмыстық жаза қатаңдатылды. Себебі құжатта кәмелетке толмаған қызды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге және ондай бейәдепті насихаттау немесе жарнамалауға тарту да қылмыс деп танылады. Заңда алғаш рет вандализм қылмысы сараланды. Яғни айқындалған құрамына қарай әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен бір топ адам немесе алдын ала сөз байласқан топ жасаса да, әсіресе әдейі әрі бірнеше рет вандализм жасаса сипатына байланысты жауапкершілік ауырлайды. Қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды, құжаттарды қасақана жойғаны не бүлдіргені үшін ауыр жаза тағайындалады. Вандализмге барған 14 жастағы жасөспірім де жазаға тартылады. Сондықтан әр отбасы баласына қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек екенін ескертіп, үйретуге тиіс.
Мемлекет басшысы тоқталған жағымсыз әдеттің тағы бірі – ысырапшылдық. Негізі бұл – тек қоғамға емес, Құдайға да ұнамсыз іс. Бүгінде дүние жарысы өзекті болып тұр. Шамасы жетсе де, жетпесе де көрпеге қарай көсілмейтіндер де, тарта жесе тай қалатынын ескермейтіндер де көбейіп кетті. Халық арасында қарызға батып қалды деген сөз жиі айтылады. Шынтуайында, біз бизнесті де кредитке бастап, әлі күнге несие төлеп жүрміз. Банктен алған қаржыны бизнес бастауға бұрдық. Одан қалды үйі тозып тұрса да, қыруар қаржыға телефон алатындар да бар. Тойдың да түрі көбейіп кеткен. Бірінен бірі озғысы келеді. Осының бәрі «пәленше не дейді, түгенше не дейді» дегеннен басталған.
Қазір көрпеге қарай көсілу – уақыт талабы. Теңге тиыннан құралады. Қысқа жібі күрмеуге келмей жатса да, қарызданып, банктерге жем болу қаржылық сауаттылыққа жатпайды.
«Amanat» партиясының бастамасымен екі жылдан бері мыңдаған адам қаржылық сауаттандырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жөн сілтеген таза дінде ысырапшылдыққа, адам саудасына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге, құмар ойындардың барлық түріне, жалпы адамға жақпайтын барлық жаман әрекетке тыйым салынған.
Уақытты әлеуметтік желіде текке өткізіп, теледидар арқылы тықпалап жатқан әркімнің құйтұрқы идеологиясын сіңіріп, жамандығын жиғанша, елде қабылданып жатқан заңдармен танысып, жан-жақты білімді әрі табысты болуға талпынып, ғылым тауып мақтануға, бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болған пайдалы.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты