Алайда Сәрсенбай ақсақал 2023 жылы Атырау қаласынан бастаған сапарын Кавказ елдерін басып өтіп, Ыстанбұл қаласында аяқтап, айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Ақсақал өзінің басты мақсаты – «барған еліме, жүрген жеріме ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, ас-суын, тарихын насихаттау», дейді. Ол заманауи ақпарат тарату құралдарын, яғни әлеужеліні жақсы меңгеріп алғаны соншалық, Instagram парақшасында @ulytaumen, YouTube, TikTok @ulytauman аккаунттары арқылы танымал. Бұлар арқылы ол өзінің саяхаты туралы әсерлерімен, бейне-фото материалдарымен бөлісіп, жариялап отырады.
Биылғы 2 тамыз күні С.Қотырашов әлемді жаяу аралаудың екінші кезеңін бастады. Өскемен қаласынан бастау алатын сапар Бейжің қаласында мәреге жетеді. Барлығы – 3000 шақырым жол. Нақтырақ айтқанда, Ресей арқылы – 650 шақырым, Моңғолия, Қытай елдерінде – 2350 шақырым. «Үш мың шақырымды 3 айда жүріп өтемін», дейді ақсақал.
«Біз ақсақалдың алдына қойған мақсатына жететініне сенімдіміз. Өйткені өткен жылы Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия сапарында да 3000 шақырымды 100 күнге жетпей жүріп өтті. Сәрсенбай Оспанұлы – кішкентайынан еңбекпен шыңдалған кісі. Қолынан келмейтіні жоқ. Ол – металл өңдеудің хас шебері, қолөнерші, сәулет ескерткіштерінің реставраторы. Алғашқы сапарынан бастап қазақ қолөнершілерін насихаттап келеді.
Қазақ географиялық қоғамы атамызға саяхатқа шыққан сайын қолдау көрсетеді. Жаңа сапарға шығар алдында да «QazaqGeography» қоғамы, «Alloff brands», «Argymaq» компаниялары, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының өкілдері ақсақалға сәттілік тіледі. Ішкі туризмді насихаттаушы, саяхатшы, блогер Алия Хайруллақызы саяхатшы атамызды қолдап, құрметтеп, «Кафе Целинников» мейрамханасында арнайы дастарқан жайды, ұлттық «Qyzyl Saia» (Қызыл сая) ет өнімдерімен таныстырған әрі ұсынған мейрамхана қызметкері Әсел Шүленбаева туристерге арнайы дайындалған, алыс сапарға жарамды жылқы еті қазы салынған вакуумделген пакеттерін ақсақалға ұсынды. Сөйтіп, «Ulytaumen» атауымен танымал Сәрсенбай Қотырашов ақсақал жаңа сапарына аттанды. Ол өзінің биылғы сапарын VДүниежүзілік көшпелілер ойындарына арнайтын болады», дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері Баян Шайгөзова.
Ақсақалдың арманы асқақ. Ол биылғы сапармен шектеліп қалмақ емес. Сәтін салса, 2025 жылы Болгария – Сербия – Мажарстан – Аустрия – Германия – Франция бағытын, 2026 жылы АҚШ жерлерін аралауды көздеп отыр.