Туризм • 09 Тамыз, 2024

Биыл «Бурабай» ұлттық паркіне 580 мыңға жуық турист барған

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - туристер жиі баратын жерлердің бірі. Жыл басынан бері Ұлттық паркке 578 мыңнан астам адам ат басын бұрды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15%-ға жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл «Бурабай» ұлттық паркіне 580 мыңға жуық турист барған

Фото: «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

Әдетте туристердің көптеп келуі жаз айларымен тұспа-тұс болады. Әсіресе Бурабай, Шортан, Қатаркөл, Үлкен Шабақты көлдерінің жағасында демалғандардың қарасы қалың. Ал спорттық балық аулауға әуестер Жөкей көлін жағалайды екен.

«Парктің туристік жүктемесі артып барады. Демалушылар негізінен мамыр-қыркүйек айлары аралығында, әсіресе шілдеде көп болады. Маусымда олардың саны жүз мыңнан асты. Ұлттық парктің бірегей табиғаты, санаторлық-курорттық мекемелердің, оңалту және сауықтыру орталықтарының алуан түрлілігі туристердің жыл бойы келуін қамтамасыз етеді. Осы орайда Ұлттық парк ұжымы рекреациялық жүктеме тепе-теңдігін сақтап, табиғи кешенді қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өткім келеді», дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нұғманова.

Жеті айдың ішінде саябақ аумағына кірген көлік саны 175 347-ге жетті. Әрбір үшінші жолаушылар көлігі саябаққа орта есеппен кемінде 3 рет кірген.

Директор орынбасарының айтуынша, келушілер санының артуы саябақтың экожүйесіне айтарлықтай әсер етеді. Бұл, ең алдымен, тұрмыстық қалдықтардың көбеюіне қатысты. Жыл басынан бері Ұлттық парк аумағынан 440 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды. 

«Ұлттық парктің экожүйесіне түсетін рекреациялық жүктеме мен биопроцестердің әсерін тереңірек түсіну үшін өткен жылы біздің ғылыми қызметкерлер Қазақстанның география және су қауіпсіздігі институтының ғалымдарымен бірлесіп, кешенді ғылыми зерттеулерді қолға алды. Зерттеу гидрология, орман шаруашылығы, рекреация, териология, климатология сынды бағыттар бойынша жүргізіледі. Орман шаруашылығындағы қатерлер зерттеледі. Біз су жинау бассейндерін қайта құру, айыртұяқты жануарлар санын реттеу бойынша ұсыныстар күтеміз. Туристік жүктеменің артуы экожүйеге қаншалықты әсер ететінін түсінгіміз келеді. Толық диагностика Ұлттық паркті одан әрі дамытуға қатысты ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деді В.Нұғманова.

Туристер ағынының артуы жергілікті инфрақұрылымды дамыту қажеттілігін де туғызады. Демалуға жайлы жағдай жасау үшін Ұлттық парк қызметкерлері көлдердің жағалаулары мен басқа да туристер жиі баратын жерлерді абаттандырып отырады.