Ибраһим Құнанбайұлы барлық адам секілді анадан туып, ақ сүт емді. Сәбилік, балалық кепті бастан өткерді. Ибраһим есімі тілге ауырлық етті ме, әлде қайта-қайта Пайғамбар есімін ауызға алуды сөкет көрді ме, шешесі Ұлжан баланы Абай деп атап кетіпті. Абай 10 жасынан 13 жасына дейін қырда мұсылманша хат танып, 13 жасында Ахмет Риза медресесіне аттанады. Міне, осы тұстан адам Абайдың өмірінде елеулі бетбұрыс басталады. Абар-парсы, шағатай, өзбек тілдерін үйреніп, түркі ақындары Науаи мен Физулиді сіңіре оқиды. Білім жарығы санадағы жұмбақ жасушаларды оятып, көкірек көзін ашады. Әуелі бас білімін емес, жүрек білімін меңгерген бала санасының іргетасы дұрыс қалыптанды, туралыққа ту тікті. Бұдан соң 3 ай орыс тілін меңгеріп, білімқұмар бала әкесінің шақыртуымен елге қайтты. Артықша берілген тума ақыл 3 айдың ішінде орысша жақсы сауаттанды, дүниені өзге қырынан көрді, ашылмаған мол қазынаға ұшырасты. Бәлки, Абайдың талмай білім ізденуіне де осы 3 ай себепкер болған шығар. Өйткені ол өзінің апан ішінде ғана жүргенін, оның ширегінде, сыртында қаншама әлем барын, өзінің әлі ештеңе білмейтінін санаулы айда түсінген еді. Ендігі тұста Байтұрсынұлының жазбасынан мысал етсек: «15 жасында-ақ балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдерінің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен».
Осылайша, ғылым нәріне қанбаған бала білім жолын шорт кесіп, әкімдікке ауады. Қай жерге енсе де, көрігін кіргізер толағай таланты бұл жолда да табысты іс атқарады. Бірақ... Ол әлі өмірдегі өз жолына түспеген-тін. Сондықтан ба екен, жүрегі тыныш таппайды, сол тынышсыздық мінезіне шығады. Себебі «мінез – жанның айнасы» еді. Тұрағұл Абайұлы естелігінде әкесінің қатал мінезін сөз етеді. «Бала кезімде әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, қытығына тисе ашуы тез келгіш мінезінен ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді, ойнаған болса, қорқыныш кеуделерінен кетпей қымсынып жүруші еді». Осы тынышсыз сарсаңдықпен, надандықпен алысу, сауыққа ілесіп салтанат құру, жүйесіз тірлік шылбырымен заманға ілесіп, ережесіз өмірді ғана білген топ-топ ортаға ілесіп адам Абай 35 жасқа дейін өмір сүріпті. Жүріпті де, сол келмеске кеткен, жылап өткен уақытқа өкініп, баянсыздыққа бас шұлғығанына, ақиқат жолға бастаудың орнына елдің бәрі секілді өмір сүргеніне жаны күйіп, жүрегі егіліпті. Ашуы ашыған уға айналып, ойы кермек татыпты. Қалт оянған санасы осы уақытқа дейінгі мәнсіз тірлік толқынымен бірге ағып келгенін анық сездіріп, аһ ұрғызыпты. Көкірегі ашылғанда көп шуылдақтан бой тартып, адам деген даңқы туралы ойланып, ақыл азабымен жалғыз қалыпты.
Әдетте, ақындық дерт ерте қонады. Байрон небәрі 17 жасында әлемге мәшһүр жырларын жазса, Пушкин жиырмадан асып-ақ «Руслан мен Людмила» секілді іргелі поэмаларын өмірге әкелді. Ал Лермонтов он бес жастан-ақ өрнекті жыр мұнарасын соғып, жиырма жеті жасында даңқы жер жарды. Адам Абайдың оянуы 35 бестен асып, 40-қа таяғанда орын алыпты. Құдай Тағаланың өз жоспары бар десек, мұның бәрі кездейсоқ болмаса керек.
Хош, Паскаль «Ойлар» атты философиялық трактатында адамға ақымақ кезінде, білімсіз кезінде адамдардың бәрі бірдей, «кімді көрсе бәрі дос» болатынын, ал білім жинай келе әрбір заттың өз таңбасымен айқын көрінетінін жазады. Шын мәнінде, Абайды күйзелткен осы дүние еді. Ол ояна келе айналасының соншалық қараңғы екенін, ғылым-білімнен алыс, тән үшін ғана тағат тауып тірлік кешіп жүргенін ұғынды. Түкті түсінбесе де, ауыз қайшысын кескілеуге ынтық, қатаң үкім кескіш тоғышар, Чацкийше айтқанда, «махаббатқа опасыз, өсекке жаны құмар, бірді бірге ұтыстырғыш өңшең қулар, жарым ақыл, зымиян жадыгөйлерді» анық аңғарып, өзінің солармен бірге риза қалыпта өмір сүріп келгенін ұғынып, қайғының құрдымына батты.
«Жүрегім, ойбай, соқпа енді!
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең — сол шикі».
Өкініш – жүректі шерлі етіп, мінезді бұзар ауыр хал. Абай осыны кешті. Кеше жүре өзін тәрбиеледі. Мінезіне көңіл бөлді. Осы сәттен бастап өзімен шындап айналысуға бекінді. Бекінген сайын кемелдене түсті. «Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсартуды өзі еңбек қылып тапты. Әкесі қажының қайтпайтын қатты, суық мінезін сөгіп отырушы еді», дейді ұлы Тұрағұл.
Жігерлі қарқынмен адам Абай өмірінің соңына дейін ізденіп, кемелдік қақпасына қол созды. Бара-бара адамдық храмы жарыққа толып, қоян сәулелер айналасына шашырай бастады. Әуелі жақынды алған ұрлықшы сәулелер бірте-бірте үлкейіп, тұтас қазаққа жетті. Конфуций, Толстой секілді өзін жетілдірудің Хантәңіріне шыққан жалғыз адам осылайша тұтас елге, жағасы құрақ көлге айналды. Біз оны сол үшін де жақсы көретін шығармыз, мүмкін.