Фото: turaninfo.kz
Ынтымақтастықтың жаңа тетіктері елдегі жас буынның әлеуетін арттыруға, жаһан жұртына ортақ өткір мәселелерде бірлесе қамдануға ықпал етеді. Бастысы – әлемге этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда отандық бірегей тәжірибе ұсынылады.
«Бүгінде жастар қанатының халықаралық қызметін дамыту қоғамдық дипломатияның элементі саналады. Таяуда Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевпен кездесіп, осы мәселені жан-жақты талқыладық. Бұл өзара қадам еліміз жастарының халықаралық мәдени, ғылыми және білім бағдарламаларына қатысуына, жаңашылдыққа бастайды деп сенеміз. Әрі бұл ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық диалогті дамыту бағдарламаларына тартуға мүмкіндік береді. Бастама ҚХА-ның 30 жылдығына орайластырылған», деді «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.
Бағдарласақ, ЮНЕСКО жобаларының басым көпшілігі жастар белсенділігін дамытуды көздейді. Мәселен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттердің ұйымның штаб-пәтеріндегі тағылымдамаларға, жастар форумы секілді түрлі халықаралық іс-шараға қатысу мүмкіндігі бар. Тіпті орталықтың мәдени жобаларын іске асыруға сеп бола алады. Оның бірі – жас зерттеушілерге гранттар үлестіретін «Жібек жолы» жобасы.
«Былтыр маусым айында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінің жастар жобалары секциясының басшылығымен алғашқы кездесуді өткіздік. Бұл өзара ынтымақтастық аясындағы жобаларды белгілеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өңірлік бюросымен байланыс орнатылды. Бұған қоса «Ассамблея жастары» ұйымының серіктесі Ұлттық Дельфий комитетіне ЮНЕСКО Клубы мәртебесін беру талқыланды. Өткен жылы креативті жастарды қолдау мақсатында «Жастар жалыны» Folk&Art performance» жобасын бастадық. Онда түрлі этнос өкілдері отандық сазгерлердің классикалық шығармаларын ұсынды. Жас таланттарға халықаралық конкурстарға қатысу және Қазақстанның мәдениетін шетелде таныстыру үшін ұйымның гранттары табысталды», деді Т.Жұмырбаев.
«Ассамблея жастары» ұйымы ел жастарының әлемдік деңгейдегі әлеуетін арттырып келеді. Германия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Франциядағы іс-шараларға белсенді қатысып, мәдениетаралық коммуникацияны, түрлі әлеуметтік жобаны ілгерілетуде бастамашы болып жүр.
«Мамыр айында Берлинге ресми іссапармен бардық. Ұйымның халықаралық қызметін дамыту мақсатында Германияның қоғамдық ұйымдары өкілдерімен бірқатар кездесу өтті. Онда жастар саясаты саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ Берлин федералдық жері Өкілдер палатасының мүшесі Катарина Сенгемен жүздестік. Қазақстан мен Германия жастарына ортақ мәселелер, жобалар турасында әңгімелестік. Іссапар аясында Қазақстаннан алғаш рет жастар істері бойынша Еуропалық басқарушы комитет бюросының құрамына сайландым. Бұл жетістік Қазақстан мен Еуропа жастарының интеграциясын күшейтуге жол ашады. Ұйым Орталық Азияның жастар қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайтуға да ерекше назар аударады. Аймақ мемлекеттерімен мәдени, тарихи, білім саласы бойынша бірлескен жобаларымыз бар. Қыркүйек айында Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар лагері аясында Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан жастар ұйымдары өкілдерімен басқосамыз», деді ҚХА мүшесі Уәлихан Бахретдинов.
Жастар экономиканың дамуына, еліміздің әлеуметтік саласы мен мәдени өміріне белсенді үлес қосып келеді. Олар түрлі инновация мен жаңғыртуға жауапкершілік арқалап, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр.