Аналогті хабар таратудың артықшылығы
Жаңа буын цифрлық телевизиясы сигналдың жоғары жылдамдығын қамтамасыз етіп, көрерменге көптеген жаңа мүмкіндік ашады. Енді пайдаланушылар көп арнаны жақсы сапада көреді. Оның ішінде жақсартылған сурет пен дыбыс сапасы, мультимедиялық қосымшалар, радио, электрондық хабарлар бағдарламасы, субтитр тілін таңдау бар. Мұның аналогті телевизиядан айырмашылығы көп. Мысалы, цифрлық сигнал кедергіге төзімді әрі ең шалғай елді мекендерде де көрерменге шуыл мен бұрмалаусыз беріледі. Бұл – осы өңірлердің тұрғындары іркілістер және сурет пен дыбыс сапасының төмендігін ұмытады деген сөз.
ЦЭТВ-ға көшу – елімізде телевизияны дамытудың жаңа бағытын ашады. Цифрландыру шағын елді мекендерде көп телеарна қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аналогті форматтағы 2-3 арнаның орнына 15 арнаға дейін қабылдайды. Облыс орталықтарында көрермендерге 30 арна қолжетімді болады. Бұл ретте оларды жіберу үшін қажетті электр энергиясын тұтыну айтарлықтай азаяды.
Бұл қадам барлық азаматтың өмір сүру сапасы мен ақпараттық қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Осы жоспар іске асса, елді цифрландырудың жалпы стратегиясының бір бөлігі орындалмақ. Аналогті телевизиядан ажыратылып, цифрлық эфирлік телевизияға ауысатын елді мекендердің толық тізімін «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының сайтынан оқи аласыз.
Аналогті хабар таратудың артықшылығы көп. Телевизия ақпарат берудің маңызды құралы мен әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, сапасы маңызды. Дамыған елдерде телевизияны цифрландыру қоғам мен заманауи технологиялардың даму динамикасын көрсететін техникалық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси мәселеге айналған. Біз де сол көштен қалмауымыз керек.
Технология дамуындағы маңызды кезең
Аналогті хабар тарату кезінде кескін мен дыбысты жіберу үшін аналогті электр сигналы қолданылады және бір жиілікке бір арна бекітіледі. Цифрлық хабар таратуды, керісінше, сигнал беру жылдамдығы жоғары, жаңа буын телевизиясымен танылады. Оның көптеген артықшылығы бар. Әуелі арналар саны көбейе түседі. Шағын елді мекендерде арналар саны 3-тен 15-ке дейін, ал облыс орталықтарында 30-ға дейін артады. Екіншіден, сурет пен дыбыстың сапасы жақсарады. Қосымша қызметтері де көп. Түймені бір басып экранға шығарылатын электрондық хабарлар бағдарламасы (EPG) бар. Субтитрлар тілін таңдаудан бөлек, мультимедиялық қосымшалар мен радио іске қосылады.
Отандастарымыз отандық телеарналарды цифрлық сапада және абоненттік төлемсіз көре алады. Телеарналарды көру екі тілде – қазақ және орыс тілінде қарастырылған. 2025 жылға қарай Қазақстан халқының кемінде 98 пайызын цифрлық эфирлік телевизиямен қамтуды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл қадам телесигналдың сапасын жақсартып қана қоймай, халықты ақпараттық және мәдени байыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. ЦЭТВ-ға көшу – трансляция сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар елдің технологиялық дамуындағы маңызды кезең.