«Таза орман» деп аталған акцияға еріктілер, спортшылар, «Жасыл ел» жасағының жас сарбаздары қатысты.
Шахтинск орман алқабының ауданы 722 гектарды құрайды. Бұл қала тұрғындарының демалуға және спортпен шұғылдануға арналған сүйікті орны. Дегенмен, өзінен қалған қалдықты тазалап жүру мәдениеті екінің біріне бұйырмағаны көбімізді қынжылтады.
Қала, оған жақын кент, ауыл жастарының бастамасымен орманға ағаш егу, қоқыс-қалдықтан тазарту жұмыстары бойынша акциялар жиі өтеді.
«Орман – дала байлығы. Бүгін жастармен бірге жалындап жүріп жап-жасыл аймағымызды тазарттық. Акцияның негізгі мақсаты да сол. Сонымен қатар, ортаның табиғатқа деген жанашырлығын арттыру», дейді Шахтинск қаласы Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Алексей Варзаев.
Шахтинск қаласында «Таза Қазақстан» акциясына 100-ден аса еңбек ұжымы мен 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. 15 мың тоннадан аса қалдық сыртқа шығарылып, саябақ, алаң, ескерткіштер аумағы тазартылды. Мыңнан көп көшет егілді.