Талантты оқушылардың желді жан-жақтан ұстайтын генератор жобасы қолданысқа енсе, өндіріске әрі ауылдағы шаруашылыққа тиімді тұсы көп болмақ.
– Инновациялық генераторымыз қазақтың киіз үйі іспетті. Конус пішінінің арқасында желді жан-жақтан ұстайды. Ауылдық жерде, әсіресе елдің солтүстігінде қатты жел тұрса, ескі магистралдық желілер істен шығып қалады. Біздің жоба жеке сектор мен ауылдық елді мекендерде электр энергиясының үзілу мәселесін шешуге бағытталған. Сол табиғи құбылысты пайдалы механизмге бағыттауды көздедік. Жобаны бұрыннан бар көп жүзді ротордың негізінде жасадық. Бізде «жел диірменінің» бірнеше нұсқасы болды. Төртбұрыш, дөңгелек тәріздес түрлерінің барлығын тәжірибеден өткіздік. Тиімділігін желдің жылдамдығына байланысты қозғалысына қарай есептедік, – дейді команданың білікті инженері Санжар Сәрсембаев.
Жас ғалымдар статистикалық мәліметтерге қол жеткізіп, тиімділігін де есептеп қойыпты. Жалпы, еліміздегі желдің орташа жылдамдығы қалыпты жағдайда секундына 6 метрге дейін жетеді екен. Демек еліміздің жел-энергетикалық әлеуеті жылына 929 млрд КВт-ты құрайды дейді олар. Жас озаттар сол себепті биікте соғатын жел энергиясын пайдалану қажеттігін растап отыр.
Оған қажетті қондырғылар арқылы станса құрып, жел қуатынан өндірілетін электр энергиясын шаруашылықта, жылыжайда кәдеге жаратуға әбден болады. Осылайша, электр қуатының тапшылығын азайта берсек дейді.
– Чемпионатқа әлемнің 20 елінен 700-ден астам оқушы қатысты. Жарты жылдан астам уақыт дайындалсақ та, үшкүндік жарыс біз үшін өте қызықты өтті. Алғашында қобалжыдық. Бірақ ішкі қорқынышты жеңіп, қабілетімізді көрсете алдық. Роботтар ойынында көшбасшылар қатарынан көріндік, – дейді қатысушылардың бірі Акбар Ермеков.
Оқушылар жобаларын, ең алдымен, металлургия кәсіпорнының инженерлеріне таныстырған. Инженерлер де, мемлекеттік университеттегі ғалымдар да оң баға беріпті.
Елімізден барған үздік оқушылар жарыс кезінде «MIT», «Boston University» және «Harvard» секілді беделді оқу орындарының инженерлік факультеттеріне барып, профессорлармен танысып шыққан.
Жоба жетекшілері жел мен күн, су энергиясы секілді сарқылмайтын энергия көздерін қолданысқа енгізуді әлі де маңызды деп айтып отыр. Әсіресе жел энергиясы табиғат балансын сақтауда аса тиімді көрінеді. Енді озат оқушыларымыз жаңа жобаларын жеке кәсіпкерлердің назарына ұсынбақшы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да осыны көздейді: ең алдымен экологияны жақсарту керек деген ұстанымға негізделген. Ал «Жасыл» экономиканы дамытудағы басымдықтардың бірі – жаңғырмалы энергия көздері. Жас ғалымдарымыздың жобасы осыны мақсат етеді.
Қарағанды облысы