Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) қосылған мемлекеттер адамның негізгі құқықтарына қатысты қағидаттарды, оның ішінде 1970 жылы қабылданған ең төменгі жалақы туралы конвенцияны сақтауға тиіс. Яғни бұл конвенция экономикалық қызметтің барлық саласын және жұмысшылардың бүкіл санатын қамтитын ең төменгі еңбекақы сомасын айқындайды. Қазір құжатты 54 ел ратификациялаған. Ал бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде бұл тізімде тек Армения мен Әзербайжан бар. Еңбек министрлігі заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейтініне, керісінше, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етіп, ең төмен жалақының әділ деңгейін орнатуға мүмкіндік беретініне сенімді. Бұл бағытта құжат халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етіп, еліміздің шын мәнінде осы саладағы әлемдік нормаларды ұстанатынын ресми түрде растайды.
131-конвенцияға сәйкес, оны қабылдайтын ел ЕТЖ айқындау кезінде қызметкерлер мен олардың отбасыларының қажеттіліктерін, жалақының жалпы деңгейін, елдегі өмір сүру құнын және басқа да маңызды факторларды ескеруге міндетті. ЕТЖ заң күшіне ие және төмендетуге жатпайды. Бұл ережені қолданбау жауапты тұлғаларға санкциялар салуға әкеп соғады. Баптың 1-тармағының ережелері сақталған жағдайда ұжымдық келіссөздер жүргізу еркіндігі толық құрметтеледі. Конвенцияның негізгі ережелерінің бірі – ЕТЖ белгілеу үдерісіне барлық мүдделі тарапты тарту. Олардың қатарына жұмыс берушілердің, қызметкерлердің өкілдері, сондай-ақ еңбек экономикасы саласында танылған құзыреті бар тәуелсіз сарапшылар кіреді. Бұл тәсіл мәселені неғұрлым тең және әділ шешуді қамтамасыз етеді.
ЕТЖ анықтау тәсілдері ел экономикасының, еңбек нарығының ерекшеліктеріне және басқа факторларға байланысты. Қазіргі кезде әлемдік тәжірибе ЕТЖ-нің дұрыстығын бағалау үшін әртүрлі көрсеткіштерді пайдаланады. Ең көп тараған Кейц индексін (ЕТЖ-нің елдегі орташа жалақыға пайыздық қатынасы) Халықаралық еңбек ұйымы ел үкіметтеріне 50 пайыз деңгейінде ұстауды ұсынады. Сонымен қатар көптеген әлеуметтік бағдарланған елдер бұл көрсеткішті ұлғайтып та жатыр. Мысалы, кейбір Еуроодақ елдерінде Кейтц индексі 60-70 пайызға дейін жетсе, Латын Америкасында 88 пайыздан асады. Бізде 85 мың теңгені құрайтын ЕТЖ-ға Кейц индексін қолдансақ, ол шамамен 30 пайызды көрсетеді екен. Халықаралық құжатты қабылдаумен ЕТЖ сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейі негізінде емес, жүйелік стандарттарды басшылыққа ала отырып айқындалады. Демек, еліміз 131-конвенцияға қосылып, Кейц индексі орташа жалақының кемінде 50 пайызын құрайтын болса, онда орташа жалақы шын мәнінде қанша болуы керектігін есептеу оңай. Осы жылдың басында жалақының медиандық мәні 259 463 теңгені құрады. Яғни конвенция қабылданса, республикамызда ең төменгі жалақы айтарлықтай өсіп, 130 мың теңге мәніне теңеседі.
ЕТЖ көрсеткішінің өсуі халық табысының артуына айтарлықтай серпін береді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл өсім жалдамалы жұмыс істейтін кем дегенде 2 миллион адамның және бюджеттік ұйымдардың жұмысшыларының кірісіне оң әсер етеді.