Абай • 13 Тамыз, 2024

Ұлттың рухани темірқазығы

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай күніне орай онкүндікте Астана қаласында әдеби әрі рухани шаралар әр тұста көрініс бергені белгілі. Абай шығармаларын үлгі етуді мұрат тұтқан аудан әкімдіктері бастап, білім, мәдениет салалары мекемелері ұйымдастырған 70-тен астам іс-шараның ішінде атаулысы «Журналистер» саябағында «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» атты әдеби кеш өтті. Онда Абай тағылымы бүгінгі күнмен ұштастырылып, өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Ұлттың рухани темірқазығы

Суреттерді түсірген – Сұлтан СЕЙІТ

«Бүгінгі жастар не үйрену керек дегенге келсек, Абай даналығының мәнін бірауыз сөзге сыйдыруға болады, бұл – ұлтты бақытты ету. Ұлтты ба­қытты етудің үлкен кілті – ең­бек пен өнер. Өнерге Абай технологияны, техниканы да сыйдырған. Қазіргі жасанды интеллект, IT-технология бәрі де – Абайдың бізге аманаттап кеткен міндеттері. Біз оны ұмытпауымыз керек», деді академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Елорданың Байқоңыр ауда­нының әкімдігі, Астана қаласы Білім басқармасы, Абай Құнан­бай­ұлы атындағы №87 мектеп-гим­назиясы ұйымдастарған кешке қаламгерлер, ғалымдар, ұс­таздар мен оқушылар қатыс­ты. Абайтанушы, «Бала Абай» жобасының авторы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы биыл ұлы Абайдың, оның балалары Мағауия мен Ақылбайдың дүниеден өткеніне 120 жыл толып отыр­ға­нын айта келе, осы жылды «Абай жылы» деп атауға болатынын салмақтады.

ва

«Құнанбайдың 220 жылдығын биыл Семей жері, Абай елі жақсылап өткізді. Біз Абайды ғана емес, Абайдың айналасын да тануымыз керек. Абай шығармашылығын, Абайдың өмірін білгеніміз өте дұрыс деп ойлаймын. Өлеңдері мен қара сөздерін ғана жаттаумен тоқтап қалмауымыз керек. Бүгінгі күнге Алаш арыстары жеткізген Абай шығармашылығындағы ұлтты тәрбиелеу идеясын ұғынуымыз қажет. Мағжан Жұмабайұлы «Педагогика» еңбегінде даныш­пан Абай осылай айтқан деп Абай­ды мысалға жиі тартады. Ұлт руханиятының, ұлт құнды­лы­ғы­ның, салт-дәс­тү­рі­міздің, бүкіл бойымыз­дағы, қанымыздағы құндылығының кілті Абайда», дейді Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Арқалы ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы: «Биыл Абайдың өмірден өтке­ніне 120 жыл. Оның заманынан алыстаған сайын рухына жақындай береміз. Абай айтқан асыл қасиеттердің барлығы қазақ баласының бойынан табылса, Алаш баласы адаспайды деп ойлаймын. Өйткені Алаш зиялыларының өзі Абайдың ақыл-ойын өздеріне темірқазық қылды», деді.

Сонымен қатар «Журна­лис­тер» аллеясымен қатар орна­лас­қан «Қаламгерлер» аллея­сында «Абай – руханияттың алтын қазығы» әдеби-саз­ды кеш те көрерменнің көзайы­мы­на айналды. Астана қаласы Орталықтандырылған кітап­ха­на­лар жүйесі ұйымдас­тырған іс-шараны академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен ақын, Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы ашып берді. Кеш барысында абайтанушылар Қалибек Алтыбаев пен Алмахан Мұхаметқалиқызы жиналғандарды Абай әлеміне жетеледі. «Тіл-қазына» орта­лы­ғы­ның қызметкерлері, ақындар Жарқынбек Жұмаділұлы, Біржан Ахмер, Арман Шеризат қатысып, ұлы Абайдың және өздерінің өлеңдерін оқыды. Абай әндері әуелеп, «Әлемдік ойдың алыбы» көрмесі ұйым­дас­тырылды. Әдеби-сазды кешке белсенді атсалысқандарға Орталықтандырылған кітап­ха­налар жүйесінің алғыс хаттары табысталды.