«Вайтомо оттары» деп аталатын үңгірде бірде-бір электр шамы жоқ, бірақ жап-жарық. Мұндағы жалғыз жарық көзі – тірі шамдардың қызметін атқаратын ұсақ масалар. Туристер Вайтомо оттары үңгіріне барудың ең жақсы уақыты желтоқсаннан наурызға дейінгі мерзім екенін ескеруі керек.
Кристалдар кереметі
2000 жылы ашылған Мексикадағы үңгірден биіктігі 15 метр, қалыңдығы 3 метр болатын бұрын-соңды кездеспеген ең үлкен кристалдар табылды.
Үңгір Найка таулы қалашығының астында, 300 метр тереңдікте орналасқан. Алып кристалдар минералды гипстен түзілген. Бұл жер туристер үшін жабық. Өйткені ондағы температура +58 цельсий градуста, ал ылғалдылық тоқсан бес пайызға дейін жетеді. Зерттеушілер үңгірге кірерде арнайы тыныс алу жабдығы бар, жылудан қорғайтын костюм киеді. Соның өзінде ол жерде тек 10 минут қана тұруға мүмкіндік бар.
Әнші үңгір
Төрткүл дүниенің туристерін тәнті еткен Стаффа аралы Шотланд жағалауына табан тіреген. Оның сырт келбеті ерекшеленбейді, бірақ ішкі көрінісі тамсандырмай қоймайды. Арал сан алуан архитектуралық пейзажға ие. Себебі бұл аралда Фингал үңгірі орналасқан.
Үңгірдің ұзындығы – 75 метр, ені – 14 метр, биіктігі – 20 метр. Оның өзгешелігі – акустикасында. Үн бүкіл үңгірге тарап, дыбыс толқыны базальт бағанасына соқтығысады. Келуші құлақ құрышын қандырған әсем әуенді беймәлім музыкант орындап жатыр деп ойлауы мүмкін. Сондай-ақ үңгірдің алтыбұрышты базальт бағандарынан тұратын ішкі қабырғалары ерекше көрініске ие. Тіпті кейбір келушілер оларды адамның күшімен салынған деп санайды екен. Бірақ бұл – табиғаттың жаратылысы.