Аймақтар • 14 Тамыз, 2024

Қызанды шөл қысып тұр

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызан мен Ақшымырау – Маңғыстау өңірінде ең шетте, облыс орталығынан – 300, аудан орталығынан 110 шақырым қашықта жатқан ауылдар. Бүгінде осы ауылдардың халқы жергілікті әкімдер мен су мекемелері басшыларынан қайыр болмағаннан кейін Қашаған жырлағандай «Адыра қалғыр аспаннан, жауын сұрауда құдайлап».

Қызанды шөл қысып тұр

Су тапшылығы – ауылдарда жыл сайын айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Алдыңғы жылы да осы мәселе қайта көтеріліп, аудандық, облыстық газеттерге «Су жоқ, шу көп» деген мақала жазып, аудан әкімінің сол кездегі орынбасары Абзал Сарбалаев елді мекендерге су жеткізуді реттеп берген еді. Былтыр судан тапшылық болған жоқ. Ал биыл нағыз 40 күн шілдеде қарапайым халық «балапан басына, тұрымтай тұсынданың» күйін кешіп, әркім табылған көлігіне пластмасса ыдыс артып, жан-жаққа қаңғып кетті.

Қызан, Ақшымырау суын аудан­ ­­орталығы Шетпедегі «Дария» мекемесіне қосқаннан кейін су тапшылығы қайта өршіп кетті. Күнара 2 сағаттай су жібереді, онда да тек түске дейін. Екі сағатта 200 литр су ала алмаймыз. Өйткені берілген суы тамшылап қана ағады. 110 шақырым жердегі мекемеге қосқанда «Дария» ғана пайда көріп отырған шығар. Ал шырылдаған халық суға жарымай, сергелдеңмен күн өткізіп жүр.

Ауыл арасында жеке 4 тонналық көлікпен 1500 теңгеге суды сатып беретіндер де бар. Ал ауданда су тапшы болса, бұл «байлық» қайдан табылады? Сонда бұлар қолдан ақша жасап, халықты шөлдету арқылы пайда таппақ па? Су алу үшін ауылдарға облыс әкімдері мен орынбасарларын шақырып тұру керек сияқты. Себебі күнде тамшылап, жылап ағатын су әкім қаралар келгенде парлап кетеді.

Ғылым мен техникамыз дамып келеді деп жиі мақтанамыз. Сөйте тұра ХХІ ғасырда өмір сүре отырып әлі күнге дейін ауыл халқы жаңбыр суы мен қар суына, қала берді құдық суына тәуелді бо­лып отырғаны жанға б­атады.

 

Жеткіншек ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,

ардагер ұстаз

 

Маңғыстау облысы