Аймақтар • 15 Тамыз, 2024

Өндірісті өңірдің оң істері

72 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды об­лысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Президент Теміртау қаласындағы «Qarmet» металлургиялық комбинатын аралап көріп, №3 домна пешінің жұмысы­мен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі.

Өндірісті өңірдің оң істері

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

«Qarmet»-тің қажырлы қадамы

«Qarmet» акционерлік қо­ғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жо­ба­лар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард дол­лардан астам қаржы қарасты­рылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.

Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөн­деу жұ­мыстарын жүргізіп жа­тыр. Биылғы жаңғырту бағдар­ла­масына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған «Тазалық» бағдарламасына сәй­кес 120 санитарлық-тұр­мыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады.

гш

Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын бас­шылығы бүгінде мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйе­сін, сондай-ақ кристалдандыр­ғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті. Келесі жылы басқару және гидравлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары атқарылмақ.

Андрей Лаврентьевтің айтуынша, іске асырылып жатқан жобалар комбинат жұмысын тұрақтандырып, компания­ның «5-9-5» бағдарламасының орын­далуына болжам жасауға мүмкіндік берді. Қабылданған стратегияға сәйкес, кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 мил­­лион тонна болат шыға­руды, 9 миллион тонна көмір және 5 мил­лион тонна темір рудасы кон­цен­­тратын өндіруді жос­­пар­лап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсет­кіш­­термен салыстырған­да, ор­та есеппен 66 пайыз өсімді қамта­масыз етеді.

Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қорша­ған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қал­пына келтіріледі.

Президент өнеркәсіп қауіп­сіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсар­ту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.

– Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда ай­тар­лықтай жақсарған. Бі­рақ мұ­нымен шектелуге бол­май­ды. Ең басты міндет – «Qarmet» кәсіп­ор­нының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұ­мыс басталып кетті. Одан ха­бар­дармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі кезде «Qarmet» ак­ционерлік қоғамында 34 мың­нан астам жұмысшы еңбек етеді. Металлургиялық комби­наттың өндірістік қуаты жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге жетеді. Былтыр кә­сіп­­орын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қы­тай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түрікменстан, Грузия, Әзер­­байжан және Ауғанстан ел­де­ріне экспортталды.

Бұдан соң Мемлекет басшысы «Qarmet» Креативті технологиялар орталығын аралап көрді. Аталған орталық металлургтер қаласының белсенді әрі шығармашыл жастарының басын қосатын орынға айналды.

Президентке «Qarmet» акцио­нер­лік қоғамының профиль­дік емес активтерді басқару жө­нін­дегі директоры Алмас Сира­нов ор­талықта роботты техника, ав­томоделдеу, ұшқышсыз басқа­рылатын дрондар секция­лары, бағдарламалау, блогер­лер, журналистика, документалис­тика мек­тептері, подкаст студиясы және басқа да шығармашылық бағыт­тағы үйірмелер ашылғанын жет­кізді. Оның айтуынша, орта­лық тек металлургиялық комби­нат­тың ғана емес, Теміртау қала­сының көрнекті нысанына айналады. Мұнда жастар кәсіби бағдар алып, өздерінің инженерлік дағ­ды­ларын шыңдайды.

Президент кәсіпорын жұмыс­шыларымен және ардагер­лері­мен, сондай-ақ кәсіподақ өкіл­де­рі­мен әңгімелесу барысында ең­бек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін атап өтті. Бұл ретте мем­лекет тарапынан олардың әл-ауқа­тын жақсарту үшін барлық жағ­­дай жасалып жатқанын жеткізді.

 

Кеншілер қауіпсіздігі – басты назарда

Сондай-ақ Президент «Qarmet» ак­ционерлік қоғамының дис­пет­черлік-талдау орталығын аралап көрді. Компанияның бас директоры Вадим Басин Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмір өндірісі бөлімшесін дамыту жөнінде баяндады.

Атап айтқанда, былтыр кө­мір тек 3 шахтадан өндірілсе, ен­ді Президент тапсырмасына сай қысқа мерзім ішінде бар­лық 8 шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Президент шахтерлердің өнді­рістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған тың ша­ралармен танысты. Дис­пет­черлер нақты уақыт режі­мінде барлық шахтадағы ахуалды бақылап, газ деңгейіне тал­дау жүр­­гізе алады. Бұдан бө­лек, кен­ші­­лердің жұмысын үйлес­тіріп, олар­­мен бейнебайла­ныс орнатады. Сонымен қатар орталықта жүйе­­дегі қауіпсіздік бақыланып, өндірістік көрсеткіштер мен үде­ріс­тердің орындалу барысына мониторинг жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін барлық 8 шахтадағы кеншілердің жүрген жері мен денсаулық жағдайын нақты анықтайтын қондырғы жүйесі орнатылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Саран» шахтасында, 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кәсіпорын жұмысшыларды жаңа alarmphone құрылғысымен жабдықтаған. Қорғаныс деңгейі аса жоғары гаджетте қызметкермен жедел байланысуға арналған смартфон функциясы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев кенші­лерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қыз­метінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.

 

«Кәусар» – креативті даму орталығы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­рағанды қаласының Пришахтинск шағын ауданында таяуда ғана ашылған «Кәусар» оқушылар са­райының қызметімен де танысты.

дж

Мемлекет басшысына мұн­дағы 13 үйірме мен секцияға 1 600 бала қатысатыны жайында мәлімет берілді. Оқушылар игілігі үшін орталықта Hi-tech цех, шығармашылық шеберхана, хореография залы, ART-студия, дыбыс жазу, телевидение және фото студиялары, VR-архитектура және WEB-дизайн кабинеттері, Intellectum-студия, Интернет заттары кабинеті, роботты техника және техникалық шығармашылық зертханасы, STEM-зертхана, музыкалық студия, экологиялық орталық, спорт және ойын алаңдары ашылған.

Жалпы ауданы 3,3 мың шаршы метр болатын ғимарат сапа­­лы қосымша білім алуға қажет­ті құралдармен толықтай жабдық­талған.

Мемлекет басшысы жас ұр­пақ­тың шығармашылық және креа­тивті дамуының мәні зор екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізуге баса мән беретінін атап өтті. Президент оқушыларды осы маңызды бастамаға белсенді түрде атсалысуға шақырды.

 

Тұрмыстық техника зауытын аралады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапа­ры одан әрі қарай Саран қала­­сында жалғасты. Президент мұн­да тұрмыстық және электр техни­касын шығаратын «Silk Road Electronics» кәсіпорнына барды. Жал­пы ауданы 61 мың шаршы метр­ден астам өндіріс бұрынғы «Қара­ғандырезинатехника» зауы­тының аумағында орналасқан. Жо­ба­ның құны – 25 миллиард теңге.

Президентке «Meridian Company» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің техникалық директоры Александр Критский кәсіпорындағы өндіріс үдерісі туралы айтты.

Зауыт жыл басынан бері тұр­мыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйым­дарын сататын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіп­орында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

«Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясының басқар­ма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында «Samsung» брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді.

Президентке қазіргі таңда зауыт­­та Қарағанды, Саран, Шах­тинск және Абай қалала­ры­ның 232 тұрғыны жұмысқа орналас­тырылғаны туралы мәлімет бе­ріл­ді. Зауыттың өндірістік қуаты толығымен іске қосылған кезде жұмысшылар саны 1 200 адамға дейін ұлғаяды.

 

Өнімі көп кәсіпорын

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласындағы кө­лік дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауытын аралап көрді. Президентке кәсіпорынның өндіріс циклы мен даму келешегі таныстырылды.

д

Мемлекет басшысына «Тат­нефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов пен зауыт директо­ры Радий Бурганов құрылыс-мон­­таж жұмыстары аяқталып, тех­но­логиялық құрал-жабдықтар толықтай жеткізілгенін айтты. 234 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған зауытта өнімнің сериялық өндірісі басталды. Өткен айда «KamaTyresKZ» 30 мың дөңгелек шығарған. Зауыт алғашқы жылы өнім көлемін 1 мил­лионға дейін жеткізе алады.

Президентке дөңгелек құрас­тыратын цехтар мен өндіріс же­лілері таныстырылды. Зауыт­тың құрал-жабдығы Латвия, Ита­лия, Португалия, Жапониядан және тағы да басқа елдерден әкелін­ген. Жалпы, кәсіпорында 800-ге жуық технологиялық құрылғы орнатылған.

3ауыт 2027 жылға қарай 3,5 миллион дөңгелек шығарады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде кәсіпорында 590 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Келешекте қыз­меткер саны 1 125 адамға дейін көбейеді. Өндіріс жұмыс­шылары «Татнефть» компания­лар тобының дөңгелек шыға­ратын кәсіпорындарында оқу-тәжірибеден өткен.

Зауыт өнімі «Attar» брендімен танылады және халықаралық стандарттарға сай сертификат иеленген. Отандық дөңгелектер шілде айынан Қазақстан мен шет мемлекеттердің нарығында сатыла бастады. Биыл елімізде құрастырылатын «JAC» маркалы автомобильдер конвейерден «Attar» дөңгелектерімен шығады.

 

Ауылды дамыту басымдығы

Мемлекет басшысы Қараған­ды облысына жұмыс сапары ая­сында Нұра ауданы, Шахтер ау­­лындағы бірқатар әлеуметтік ны­санды аралап көрді. Қасым-Жо­март Тоқаевқа ауылдағы дене шы­нықтыру-сауықтыру кешені таныс­тырылды. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол, үстел тен­нисі, қазақ күресі секциялары және жаттығу залы бар. Кешенде Мұзбел, Егінді және Байтуған ауылдарының балалары да спортпен шұғылданады.

щз

Президент жүзу бассейнін және жақында жөндеуден өткен жер­гілікті Мәдениет үйін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Шах­терское» ЖШС директоры Георгий Прокоп бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі аясында түрлі жобаларды жүзеге асы­руға үлес қосқанын атап өтті. Сон­дай-ақ оның ауданда спортты, мә­дениетті және өнерді дамытуға қол­дау көрсетіп келе жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Шах­тер аулының Үрмелі аспаптар халық оркестрінің ұжымы­мен әңгімелесіп, оларға шығар­машы­лық табыс тіледі. Президент өңір­­лерде спорт және мәдениет жо­­баларын іске асыру маңызды еке­ніне назар аударды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұра ауданы, Шахтер аулы­ның еңбеккерлерімен жүздесіп, әңгімелесті.

«Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Георгий Прокоп ауыл ша­руа­шылығы кәсіпорынында 245 жергілікті тұрғын жұмыс істей­тінін айтты. Шаруашылық негі­зінен дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ картоп егумен айналысады. Директордың айтуынша, агробірлестіктің техникалық паркінде «John Deere», «Buhler», «CLASS», «Lovol», «Valtra», «РСМ», «Acros» маркалы зама­науи шын­жыр табанды және доңға­лақ­ты тракторлар, астық жинайтын ком­байндар бар. Бүгінде шаруа­лар егін жинау науқанына сақадай сай.

Жергілікті тұрғындар Пре­зидентке ауылда жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ауылды дамытуға және шаруаларды қолдауға айрықша мән беретінін атап өтті.