Аймақтар • 15 Тамыз, 2024

Бағдаршамға жауапты кәсіпорын

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Research and Development Solutions-RDS» – өңіріміздегі бағдаршамға жауапты бірден-бір кәсіпорын. Шах­тинск, Теміртау, Қарағанды, Саран қалаларына орнатылып жатқан жол реттілігін реттейтін бағ­дар бағаналарын өзіміздің жергілікті кәсіпорын шыға­ратыны қуантады.

Бағдаршамға жауапты кәсіпорын

Компания жол қозғалы­сын басқарудың заманауи тех­ни­калық құралдарын енгізу ар­­қы­лы жолдағы қозғалыс қауіп­сіздігін жақсартуды көз­дейді.

«Карагандаавто­транс­сиг­нал» ЖШС тарихы 1971 жыл­дан­ бастау алады. Сол жылы өз жұмысын «Гордор­строй» бас­қармасына қарасты учас­кеден бастады. 1977 жылы Қа­рағанды облысының ма­мандандырылған монтаж­дау-жөндеу басқармасы не­гізінде қайта құрылды. 1988 жылы СМЭУ Қазақ КСР ІІМ Мемлекеттік автоинспекция­сы Бас басқармасының «Қа­з­­­ав­то­транссигнал» респуб­ли­калық тресінің құрамына ен­ді. 1993 жылы трест «Авто­транс­сигнал» АҚ болып қайта құрылды. Оның құрамына Қарағандыдағы бөлімшесі ретінде қосылды.

1999 жылы 31 наурызда ак­­ционерлік қоғам мүлкі­нің, құ­­қықтары мен міндет­тері­нің­ бір бөлігін бөлу арқы­лы «Ав­т­­о­транссигнал» ЖАҚ қай­та­ құ­ру жо­лымен «Қараған­ды­­авто­­транс­сигнал» атанса, 2004 жыл­дың шілдесінде ЖАҚ «Қа­ра­ған­дыавтотранссигнал» ЖШС бо­лып қайта құрылды. Содан бері «Research and De­ve­lopment Solutions – RDS» деген атаумен Қарағанды облы­сындағы кө­лік қозғалысын ұйым­дастыру секілді маңызды салаға әбден ма­манданған кәсіпорынға айналды.

«Кәсіпорында 50-ге жуық жұмыскер бар. Көбі жол қоз­ға­лысы қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін салада көп жылдық еңбек тә­жі­рибесі бар, біліктілігі, білімі жо­­ғары кәсіби мамандар. Өрле­ген өндірістік әлеуеттің арқасын­да компаниямыз жоға­ры бизнес стандарттарын қа­лып­тасты­рып, инновациялық шешімдер мен технологиялар енгізуді ынталанды­­ра отырып, саланы дамытуға үлес қосып келеді. Біздің компания тұтынушылардың қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін көрсетілетін жұмыстар мен қызметтерді үздіксіз жаңартып отырады», дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Нұржан Самитов.

Қазіргі орнатылып жатқан бағдаршамдар шетелдікі. Бірақ оған қажетті қосалқы бөл­шек­тер, арнайы жабдықтар жер­гі­лікті кәсіпорындардан сатып алынады. Отандық өндіріс орындарымен келісімшарт жа­салған. Мәселен, Майқұдық­та­ғы «Энергосистемы ЭЛТО», Сарандағы «Kazcentr­ele­c­trop­ro­vod», «Өрнек НС» ЖШС, «Ұлар МК», РСУ, «Агродор» компания­ларымен тығыз байланыста.

Компания интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу және­ техникалық қамтамасыз ету­мен қатар жол белгілеріне ар­нал­ған тіректерді де жасайды. Бұл мақсатта отандық ком­па­ниялардың өнімдерін пайда­ла­нады. Бағдаршамдарды ор­натып, оны күтіп ұстау, авто­мат­тандырылған қозғалысты басқару жүйесін енгізіп, техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету – кәсіп­орынның негізгі міндеті.

Мұнымен қоса, осы ұйым­ның құзыретіне кері санақ таблосы, арнайы дизайндағы жол белгілері мен билбордтар,­ жасан­ды жол бұдырлары, жол жие­гін­дегі металл қоршауларды жет­кізу және орнату қызметі кіреді. Шамамен бір-екі жыл бұ­рын кәсіпорын көру қабілеті на­шар жаяу жүргіншілер үшін ды­быс­тық белгі беру құрылғысын енгізген еді.

«Келісімшарт негізінде 162 бағдаршамды күтіп ұстауды міндетімізге алдық. Дегенмен Қарағанды қаласы бойынша 200-дей бағдаршамға жауаптымыз. Бүгінде облыс орталығында жаяу жүргіншілер өтетін жерлерге 518 арнайы дыбыстық белгі беру құрылғысымен жабдықталған әлеуметтік бағдаршам мектеп, аурухана маңайына орнатылды», дейді кәсіпорынның бағдаршам шаруашылығы бөлімінің басшысы Владимир Плотов.

Жарты ғасырлық тарихы бар кәсіпорын облыстың жол полициясымен тығыз байланыс орнатқан. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бо­йынша жұмыстың барлық түрін атқаруды жалғастыра бермек.

Айта кетерлік жайт, мекемеде бос жұмыс орындары бар. Жүргізуші, электржөндеуші, дәнекерлеуші мамандарға есігі ашық.

 

Қарағанды облысы