Зерде • 15 Тамыз, 2024

Еленбеген ерлік

174 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Ер есімі – ел есінде» дейміз. Бірақ ерлігі лайықты еленбегендіктен, ерлердің ел есінде қалмағаны көп. Соның бірін бізге жақында редакциямызға хабарласқан оқырманымыз баяндап берді. Әңгімесін тыңдағанда үнсіз қалдық. «Ерлік лайықты бағасын алмай қалса, қандай қиын!» деп күрсіндік.

Еленбеген ерлік

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан аталарымыздың ерлігі туралы көп дерек әлі де толық ашылған жоқ. 2007 жылдан бастап КСРО, қазіргі Ресей қорғаныс министрлігінің Орта­лық мұрағат құжаттарынан «Жоғар­ғы құпия» грифі алынғаннан бері біраз дерекке қолымыз жетті. Міне, осы құжат­тар­дан бұрынғы Семей облысының Жарма ауданындағы Ақжал ауылдық кеңесінен аттанған Жылқыайдаров Зейнел Жылқыайдар­ұлы­ның қайсар ерлік көрсет­кені үшін «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылып, белгісіз себептермен басқа марапат алғаны анықталыпты. Неге? Әңгімені әріден бастайық.

Кеңес Одағының батыры атағы берілмей қалған жауынгердің жиен немересі Бейбіт Жансейітовтің айтуынша, Зейнел Жылқыайдарұлы 1912 жылы жоғарыда аталған Ақжал ауылдық кеңесіне қарасты Персковой селосында туған. Қара қылды қақ жарған әділдігімен айналасына беделді болған оның әкесі Жылқыайдар кеңес өкіметі орнап, орталықтандырып жатқанда басы-қасында жүрген екен. Ержетіп қалған ұлы Зейнел екі тілге бірдей жетік, әкесінің сенімді көмекшісі, ауыл жастары комсомол ұйымының хатшысы болды. Зейнел 1937 жылы Нүрзия есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, 1 жылдан кейін тұңғышы Күланда дүниеге келді. Аумалы-төкпелі заманнан ел енді есін жинап жатқанда соғыс басталды. Соғыстың алғашқы жылдары тылға да бас көтерер адамдар керек еді. Майданға қажетті азық-түлік, оларды дер кезінде жинап жеткізу, комсомол ұйымының хатшысы Зейнелдің де жауапкершілігінде болды.

– Сол батырдың жалғыз тұяғы Күләнда – менің анам. Анам өзінің әкесі туралы: «Әкем соғысқа аттанғанда 4 жаста екенмін. Оң-солымды танымаған баламын ғой, түр-түсі есімде жоқ. Шешемнің айтуынша, мені керемет жақсы көріпті. Майданға сұранып бірнеше рет өтініш жазған. Бір жолы аудан орталығына әскери комиссариатқа барғанда естелікке фотосуретке түсіппіз, өкініштісі, отбасымен түскен фото сақталмапты. Бұл 1941 жылғы қазан айы болса керек. Әйтеуір, дәтке қуат, жеке фотосы қалыпты», деп еске алғаны бар. Ақыры жазған өтініші қабылданып, 1942 жылы 12 қаңтарда майданға аттан­ған Зейнел Семей қаласындағы үш айлық оқу-жаттығу курсынан өтіп, 1942 жылы 1-Украина майданының 121-атқыштар дивизиясының 342-гвардиялық атқыш­тар полкіне түседі. 1942-1943 жылдары Батыс Украинаны неміс-фашист басқыншыларынан азат етеді. Зейнелдің көзсіз ерлігін бағалаған полктің партия ұйымы 1943 жылы мүшелікке үміткер етіп қабылдайды, – деді қаһарманның іздеушісі Б.Жансейітов.

Кейіпкеріміз көрсеткен құжаттарда атасы З.Жылқыайдарұлының Львов облысының Старые броды селосын азат етуде өз қаруымен 3 немісті өлтіріп, 2 рет жараланғаны жазылған. Осы ерлігінің құрметіне «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталған. Бұл уақытта кеңес әскерінің жауынгерлері қанды ұрыстармен Батыс Украинаны жаудан азат етіп, Польшаның шекарасына таяп қалған еді. Ұрыста мергендігімен, өжеттігімен көзге түсіп, жалғыз өзі 16-дан аса фашисті өлтіріп, тағы жараланған З.Жылқыайдарұлы «Ерлігі үшін» меда­лі­мен марапатталады. Госпитальден шыққаннан кейін ол өзінің бөлімшесіне қайта оралғанда гвардия кіші сержанты, пулеметшілер ротасы бөлімшесі командирінің орынбасары болды. Осыдан соң 1945 жылы 17 қаңтарда Польшаның астанасы Варшаваны, 23-24 қаңтарда «Освенцим» азап лагерін азат етуге қатысты.

– Атамыздың ерлігін шешесінің аузынан естіген қызы біздің анамыз Күланданың айтқандары арқылы ғана жадымызға түйіп өстік. Ол бізге бала болғандықтан, көп нәрсені есте сақтай алмағанын, әйтеуір шешесінің қуанып «Міне, хат келді, әкең – нағыз батыр. Ол медаль алыпты, жуықта соғыс та бітеді. Сені сұрайды, көзің тура әкеңе тартқан, бәрін жазамын» деген сөздері ойында қалғанын айтатын. 1945 жылы 27 қаңтарда, кіші сержант Жылқыайдарұлының да пулеметшілер бөлімшесіне Одер өзенін кесіп өтіп, арғы жағалауға бекінуді бұйырды. Қарша бораған оқ пен снарядтан, бомбалардан аман-есен өтіп, өзеннің батыс жағалауына табан тірепті. Сол кезде атам арғы бетке шыққан жауынгерлердің басын қосып, пулеметпен жаудың атыс нүктелерін жоя бастайды. Сөйтіп, басқа да бөлімдердің өзеннен өтіп, плацдарм жасауына мүмкіндік туғызады. Дәл осы жанқиярлық ерлігі үшін Жылқыайдарұлы Зейнел Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған, – деді батырдың немересі.

Іздеушісі бізге көрсеткен құжат мәтінін қаз-қалпында келтірсек: «Одним из первых форсировал реку Одер и огнем своего пулемета 27 января 1945 года прикрывал форсирование реки другим подразделениям, что обеспечило захват плацдарма на западном берегу Одер. За мужество и героизм проявленные в боях с немецкими захватчиками достоен правительственной наград звания «Героя советского союза», деп жазылған және аталған ең жоғары атаққа лайық деп, гвардия полковнигі мен генерал-майоры, дивизия командирі секілді міндетті әскери шенділердің бәрі қол қойған.

М.Жансейітовтің айтуынша, атасы Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған қанды шайқастан кейін алдағы ұрысқа – Төменгі Силезия операциясына кіріскен. 1-Украина майданының шабуылы 8 ақпан күні таңертең басталған екен. Алғашқы екі күнде жаудың қорғаныс шебін бұзып өтіп, 60 шақырым алға жылжып, кейін жаудың қатты қарсылығына тап болып, қиян-кескі ұрыстарға ұласқан. Осындай қантөгіс ұрыстардың бірінде 13 ақпан күні гвардия кіші сержанты Зейнел Жылқыайдарұлы ерлікпен қаза тапты. Тарихта төменгі Силезия шабуылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ірі операциялардың бірі ретінде аталады. Бұл шабуылдың нәтижесінде кеңестер батысқа қарай 150 шақырымға жылжып, немістер өндірістік жағынан маңызды аймақтан айырылды.

– Анам Күланда әкесінің дүниеден өткенін бала бейнемен қабылдаған. Бірде бізге бұл туралы: «Еміс-еміс есімде, үйде көп адам жиналды. Атам да, апам да, бәрі жылап-сықтап жатыр. Түк түсінбей қарап тұрған мені көргенде шешем құшақтап, айғайлап жылай берді. Сол күні әкемнен «қара қағаз» келіпті. Бұл 1945 жылдың 18 сәуірі еді. Жеңіске бір айға да жетпейтін уақыт қалған. Ал қолымызда қалғаны – сарғыш тартқан фотосы мен №0111 санды әкемнің ерлікпен қаза тапқаны туралы хабарлама», деп еді. Гвардия кіші сержанты Зейнел Жылқыайдарұлы 1945 жылы 13 сәуірде Германияда, Жоғарғы Силезиядағы Полохово деген жерде «Бауырластар» зиратында жерленген. Ал Кеңес Одағының батырына ұсынылған қағазы барлық деңгейден өтіп, 1-Украин майданының штабына жеткенде, ерекше комитеттің 3-бөлімшесінің бастығы Саженконың 1945 жылы 30 сәуірдегі бұйрығымен ІІІ дәрежелі Б.Хмельницкии орденімен марапатталыпты, – деді М.Жансейітов.

2019 жылы белгілі саясаттанушы, мемлекет қайраткері Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаhармандар» атты кітабы шыққан еді. Осы еңбекте (188, 189, 190-беттерінде) Зейнел Жылқыайдарұлының да ерлігі туралы жазылған. Өкінішке қарай, батырдың насихатталған бұл ерлігін әке-шешесі де, жұбайы Нүрзия да, артында қалған жалғыз қызы Күланда да білген жоқ. Тәубе, батырдың қызы Күланда әжеден тараған ұрпақтары – Әуелбек, Бейбіт, Мақсат, Мұрат, Дәулет пен Айнагүл аталарының ерлігін кейінгі немере-шөберелеріне жеткізіп отырады.

– «Ерлік ұмытылмайды» дейміз. Ендеше, неге Зейнелдің туып-өскен жері Жарма ауданы Калбатау аулындағы Жеңіс саябағында ескерткіш тақта жоқ? Батырдың құрметіне өз ауданында көше аты да берілмеген. Отанының бостандығы жолында шейіт болған батыр бұған лайық емес пе? Аудан әкімдігі Жаңаөзен аулының бір шетіндегі Заречный көшесін атамның атына ауыстырып берген. Ал сіз соның 8 үй ғана тұратын қып-қысқа көше екенін білесіз бе? Аудан орталығынан бір көшені неге қимайды? Мен тура қақ ортасындағы басты көшені де сұраған жоқпын, тым болмаса шетіндегі біріне есімі берілсе, аудан көлемінде аты ұлықталды деп көңіліміз сейілер еді. Атамның туған жері Жарма ауданының орталығынан бір көшенің атын беруді сұрап, талай есікті қаққанмын. Аудан әкіміне мектептің атын беруді де сұрап хат жазғанмын. Пойыз тоқтайтын, түрме салынған бір стансадағы мектепке атамыздың атын бермекші болды, бірақ ономастикалық комиссия оны да өткізбей тастады. Соның себебін сұрағанымда облысқа, республикалық ономастикалық комиссияға сілтеп, жылы жауып жіберді. Осы мәселені қозғап, әкери комиссариатта, ардагерлер кеңесі төрағасының қабылдауында, аудандық «Қалба тынысы» газетінің редакциясына бардым. Барлық деректі қалдырдым, бірақ әзірге тиісті шешімі табылмай тұр. 2022 жылы Берік Әбдіғалиұлының кітабындағы 100-ден аса соғыс ардагерінің 3-еуіне, 2023 жылы тағы 3-еуіне «Халық қаһарманы» атағы берілді. Батырларды бөліп-жаруға бола ма? Әділдік пен ақиқатты іздеймін, – деп кейіді батырдың немересі Б.Жансейітов.

Редакциямызға назын айтып келген жанның көкейдегі сауалына жауабын іздеп «Ұмытылған қаhармандар» кітабының авторы Берік Әбдіғалиұлына хабарластық. Оның айтуынша, Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанымен, ала алмағандар өте көп. Себебі соғыстың ортасы мен соңына қарай ерлік жасағандар көбейгендіктен, бәріне бірдей беру мүмкін болмаған.

– Бұл жерде туған жеріне, ұлтына қатысты емес, болмаса бір саяси себебі я астары жоқ. Ұсыныстар тым көп болғандықтан, кейінірек шектей бастаған, ең үлкен атақты бермесе де, орден таққан. Бізде тіпті Кеңес Одағының батыры атағына бір емес, екі рет ұсынылып, ала алмаған қазақтар бар. «Ұмытылған қаhармандар» кітабына енген ерлердің үшеуіне «Халық қаһарманы» атағы берілді. 200 адамның бәріне бергізуді көздеген жоқпыз, өйткені барлығына сол атақты бергенмен, мәселе шешілмейді. Мәселе батырларды ұлықтауда болып тұр. Аталған кітабымыз – атақ беруді міндеттейтін әкімшілік жоба емес, таза тарихи тұрғыда зерттеліп жазылған ғылыми еңбек. Мұны шығарудағы мақсатымыз да осы – қаһармандарды ұмыттырмау. Сол себепті ғылыми еңбекке енгендердің ерлігі еленсін, ұрпақтары табылсын, батырлардың есімі ұлықталсын, насихатталсын, белгі қойылсын, мектеп, көшенің аты берілсін деп «Amanat» партиясы арқылы барлық өңірге арнайы хатпен ұсыныс бергенбіз. Әрі қарай жұмыс – жергілікті атқарушы органдардың құзырында, – деп жауап берді тарихшы.

Мәселенің мәнісін білмек болып, біз Абай облысының Қоғамдық даму басқармасына хат жаздық. Абай облысына қарасты Жарма ауданы әкімінің орынбасары Раиым Жолдаспекұлынан: «Ерлер есімін есте сақтау мақсатында Жарма ауданының орталығы Қалбатау аулындағы «Даңқ» аллеясында Кеңес Одағының батыры, «Даңқ» орденінің толық иегері және Халық қаһарманы атағына ие болған жерлестердің кеудемүсіндері (бюст) қойылған», деген жауап алдық.

Осы хаттың мәтінін, әкімдіктен жеткен жауапты оқырманымызға оқып бергенімізде, батырдың немересі Б.Жансейітов: «Сонда үлкен атақтың иелері ғана насихаттауға лайық па?», деді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін халықпыз ғой, атасының рухы шат болсын деп жүгіріп жүрген жанға жүрегің елжірейді. 10 жылдай осы шаруаның көңілге медеу боларлық шешімін шығарта алмай шапқылаған оқырманымыздың 60-ты алқымдаса да атасы туралы әр дерек, әр цифрды жадына сақтап алғанына таңырқасақ, бір жағы жанашырлық деп қабылдадық. Ол бүгінде жергілікті атқарушы органдардан күдер үзе бастапты. Біз де үміт үзбеуін сұрадық...