Тағзым • 15 Тамыз, 2024

Батыр қабірінің топырағы туған жеріне жеткізілді

156 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының батыры Әйткеш Ибраевтың Белоруссиядағы зиратынан алынған топырағы 80 жылдан кейін туған жеріне әкелініп, анасы Жамал Жұманбаеваның қабіріне қойылды. Іс-шараға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, әскери қызметкерлер жиналды.

Батыр қабірінің топырағы туған жеріне жеткізілді

Кеңес Одағының батыры Әйткеш Ибраев жерленген зираттан алынған топырақты павлодарлық Александр Щитов бастаған «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшелері Арман Мұқанов пен Сергей Дерксен Белоруссиядан туған жеріне жеткізді. Бұл игілікті іске жазушы, отставкадағы полковник, Семей қаласы ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі Шаймардан Қалиақпаров бастамашы болғанын айта кеткен жөн.

Жалпы, Қазақстаннан Екінші дүние­жүзілік соғысқа 1 миллион 200 мыңға жуық адам шақырылса, 178 мың қазақстандық жауынгер кеңес армиясының қатарында болған. Тек бұрынғы Семей облысының өзінен майдан даласына 106 267 сарбаз аттанса, оның 44 985-і ерлікпен қаза тапты. Солардың бірі – Әйткеш Ибраев.

Әйткеш Абайұлы 1924 жылы 12 қыр­күйекте Жаңасемей ауданының Қызыл­құйған аулында дүниеге келген. 1942 жылы 7 қыркүйекте Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Саратов облысы Балаково қаласына эвакуацияланған Симферополь пулемет-минометшілер әскери училищесіне оқуға жіберілген. 1942 жылдың маусым айынан бастап сержант Ә.Ыбраев Солтүстік-Батыс майданы 380-атқыштар дивизиясының 1264-атқыштар полкі құрамында қару командирі ретінде ұрысқа кірісті. Ол 2-Беларусь майданына, Брянск, Калинин аумағын, Орел, Мәскеу қалаларын азат етуге қатысқан.

1944 жылдың тамыз айында Беларусь жерін азат етуде старшина Әйткеш Ибраев бастаған взвод асқан ерлік көрсетті. Жауын­гер­лері Могилев облысы Шеметово-Пикалин маңындағы ұрыста 192 неміс сол­даты мен офицерін, 19 брондалған автокөлікті, 55 қару-жарақ тиелген көлікті, танкке қарсы атылатын 6 зеңбірек пен 12 пулемет орнын жойған. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Әйткеш Ибраевқа Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді. Сонымен қатар екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен және ІІ дәрежелі «Отан» орденімен марапатталған. Ол 1944 жылы 20 шілдеде Польша шекарасында қаза тапқан.

Әйткеш Ибраевтың өмір жолы мен ерлік істерін «Курск шайқасының қаһар­маны», «Әйткеш батыр», «Ер есімі ел есінде» кітаптарына арқау еткен жазушы, отставкадағы полковник Шаймардан Ақмарұлы алғаш болып сөз кезегін алып, батыр туралы естеліктерімен бөлісті.

– Келер жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын атап өтеміз. Осы мереке аясында бүгін 80 жылдан кейін Кеңес Одағының батыры Әйткеш Ибраевтың Белоруссиядағы зиратынан алынған топырағын туған жеріне әкеліп, анасы Жамал Жұманбаева апамыздың қабіріне қойғалы тұрмыз. Жамал ана­мыз­дың ұлын бір көруге зар болып, сағыныштан жүрегі қарс айырылғанын өз көзіммен көрдім. Әйткеш Ибраевтың артында ұрпағы қалмағандықтан, осы игі бастаманы өзіміз қолға алдық. Соғыста қаза тапқан отандастарымызды іздеу жолында тер төгіп келе жатқан павлодарлық Александр Щитов бастаған «Майдан жолы» іздестіру жасағына алғысым шексіз, – деді Шаймардан Ақмарұлы.

Батырдың ерлігін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында 1974 жылы Баженово аулындағы мектепке, 1998 жылы Семей қаласындағы Карл Маркс көшесіне Әйткеш Ибраевтың есімі берілді. Ал 2001 жылы Баженово аулындағы мектепке кеуде мүсіні қойылды.

– Бүгін біз өзімізге жүктелген үлкен миссияны орындадық. Абай облысынан «Майдан жолы» іздестіру жасағынан үш адам Белоруссияның Гродненская облысындағы Свислочь қаласына барып, Кеңес Одағының батыры Әйткеш Ибраев жерленген зираттан бір уыс топырақ алып, туған жеріне жеткізіп отырмыз. Мен, Арман Мұқанов, Ернұр Кубенов және Сергей Дерксен – бәріміз Бородулиха ауданының тұрғынымыз, тарих пәнінің мұғалімдеріміз. «Майдан жолы» жасағы Павлодарда 15 жыл бұрын құрылған еді. Енді Абай облысында да осындай іздестіру жасағын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте бізге облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, өзіміздің Новопокровка аулынан майдан даласында 226 сарбаз қаза тапса, оның 136-сы хабар-ошарсыз кеткен. Сондықтан әлі атқарар жұмыс көп, – дейді Новопокровка орта мектебінің директоры, «Майдан жолы» іздестіру жасағының бөлімше командирі Арман Мұқанов.

Әскери қызметкерлер қасиетті топы­рақ­ты салтанатты түрде табыстаған соң, жиналғандар соғыста қаза тапқан жауын­гер­лерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шарада Абай облысы Қорғаныс істері департаменті басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, подполковник Қанат Шәріпханов және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев та сөз алып, бұл игі істің келер ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті. Осыдан соң Әйткеш Ибраев пен анасы Жамал Жұманбаеваның және майданда қаза болған жерлестеріміздің рухына құран бағышталды.

 

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ 

Семей қаласы

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00