Тағзым • 16 Тамыз, 2024

Халық қаһарманы Мәскеуде ұлықталды

99 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Мәскеу төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есін­де» атты авторлық әндер кеші өтті.

Халық қаһарманы Мәскеуде ұлықталды

Қазақстанның Ресей Федера­циясындағы елшілігі, «Халық­тар достығы мен ұлттық мәде­ниеттердің дамуын қолдай­тын «Астана» қорының» ұйым­дас­тыруымен өткен іс-шара­ның бас­ты мақсаты – Халық қаһарманы, қазақтың аты аңыз­ға айналған тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Дос­па­­нованың ерлігін ұлықтау.

Авторлық әндер кешіне жи­налған көрерменнің қарасы қа­лың болды. Олардың басым бө­лігі – кезінде түрлі жағ­даймен Ре­сей­ге қоныс аударған, тағдыр-та­лайы­мен сол жақта қалған қазақ­тар. Мәскеуде білім алып жүрген жас­тарымыз да осы кештің басы-қасы­нан табылды. Көрші елде тұ­рып жатқан қырғыз, өзбек, татар, қа­ра­қалпақ секілді өзге этнос өкіл­дері де аталған концертті ұйып тыңдады.

Сахна шымылдығын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әнімен ашқан Сәуле Стаханшылқызы осынау кештің маңызы ерекше екеніне тоқталды.

– Біз бейбіт күнді сыйлап кеткен, Жеңіс күнін жақындатқан, фашизмге қарсы жан аямай соғысқан әрбір жауынгерге қарыздармыз. Мәскеу төріндегі бүгінгі кеш – сол батыр-бабаларымызға арналған тағзым кеші болмақ, – деді әнші, композитор.

Бұдан соң көрер­мендерге Хиуаз Доспанова туралы ша­ғын бейнефильм көрсеті­ліп, даңқты ұшқыштың құрметі­не арналған Сәуле Жанпейісова­ның «Хиуаз» әнінің тұсауы кесіл­ді. Әннің сөзін жазған ақын Нұр­сұлтан Мықтыбай кешке арнайы қатысып қана қоймай, атал­ған кештің тізгінін ұстады. Әнді Хиуаз Қайырқызының жер­лесі әрі композитордың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының 4-курс студенті, Абай атындағы мем­лекеттік опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрға­лиұлы орындады.

– Қан майданда жаумен алысып, талай мәрте өлім аузынан аман қалған Хиуаз апамызға арналған ән осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық мерейтойына орай шыққан болатын. Бірақ халыққа ұсынудың сәті бүгін түсіп отыр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жезтаңдай әнші кеште халық әндері, Абай, Мұхит, Ға­ри­фолла шығармаларынан бөлек, Пушкин мен Есениннің «Татья­наның хаты»,  «Қара шәлі» секілді өзі әнін жазған атақты туындыларды орындап, орыс, қырғыз, ноғай тілдерінде ән шырқады. Мәскеулік көрермен «Жан әке», «Фариза – жыр биік», «Көк нөсер», «Тұғыр» секілді авторлық әндерін жылы қабылдап, қошемет танытты. Сондай-ақ Ресейде тұратын Қа­­зақстанның еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері Татьяна Пол­­тавская, Ресейде тұратын және бі­лім алып жатқан Гүлнар Қос­­па­қо­­ва, Гүлбану Мұратова, Дина­ра Сей­тешева, Гүлсәуле Үділбекова, Ақ­бермет Айнақұлова, Гүлжанар Би­мұғамбетова, Еркін Саяжан, Ас­хат Оралбеков, Абзал Тастанбек, Айжамал Асқарова өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.

Мәскеуде басталған іс-шара артынша Халық қаһарманының кіндік қаны тамған туған жерінде жалғасты. Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылының мәдениет үйінде қазақ­тың «қанатты қызына» арналған «Хиуаз» әні орындалған сәтте зал толы көрермен орындарынан тік тұрып, ыстық ықыласын білдірді.

 

Айдын ӘБДІХАЛЫҚ 

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00