Саяси науқанға ауданның 4698 тұрғыны қатысып, таңдауын жасаған. Сайлауда басым дауысқа ие болған Абылай Аманжолов ауданның жаңа басшысы болып сайланды.
– Бұл сайлауда үш кандидат өздерінің үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Барлығына бірдей мүмкіндік берілді. Сайлау комиссияларына да арыз-шағым түскен жоқ. Ақтоғай ауданында әкім сайлауына байланысты 38 сайлау учаскесі талапқа сай жұмыс істеді. Заң бұзушылық тіркелген жоқ. Аудан бойынша сайлау учаскелеріне барлығы 10 213 адам тіркелген. Сайлау қорытындысына сүйенсек, 2997 сайлаушы Абылай Аманжоловқа дауыс берген. Ал оның бәсекелестері Қайрат Нөкеш пен Орал Стыбаев 1424 және 59 дауыс жинады. Мұнымен қоса, «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 60», дейді ауданның аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбеков.
Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлау нәтижесі мейлінше маңызды дейді комиссия төрағасы.
«Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Екінші жағынан халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады. Егер сайланған әкімнің жұмысына көңілі толмаса, халық оған мәслихат арқылы сенімсіздік білдіреді. Мәслихаттың құрамы да бұрынғыдай партия тізімімен емес, ауыл, аудан, қала деңгейінде толықтай мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл – жергілікті белсенділерге, туған жерінің дамуына үлесімді қосамын деген азаматтарға жол ашады. Бұл – тікелей сайлаудың артықшылықтары. Әкім мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершіліктің артуына және жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер етеді», дейді әкім сайлауының ел ішіндегі саяси рөлі жөнінде Жанболат Райымбеков.
Сонымен, аудандағы саяси дода мәресіне жетті. Халық таңдау жасаған әкім бағдарламасында шешімін табуға тиіс мәселе жетерлік.
«Халықтың сенімі – ең құнды. Жерлестерімнің қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Осы додада маған қарсылас болған әріптестеріме құрметім жоғары. Сайлауға қатысқан барша жерлестеріме алғысымды айтамын. Науқанға атсалысқан штаб мүшелеріне, сенімді өкілдерім мен байқаушыларға ризашылығымды білдіремін. Ел мен жерге қалтқысыз қызмет етеміз», дейді жаңа әкім.
Ақтоғайға қызмет ету – Халыққа қызмет ету. Ел сеніміне селкеу түсірмей, аудан халқының әл-ауқатын арттыру – енді жаңа әкімге жүк.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы