Аймақтар • 16 Тамыз, 2024

Орны бөлек оңалту орталықтары

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әрбір сәби бақытты өмір сүруге құқылы. Тағдырдың тауқыметін кешсе де, жақсылықтан күдер үзбеуі керек. Осы ретте Жетісу өңірінде балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде бір мезгілде 500-дей бала ем ала алады. Оларға білікті мамандар қызмет көрсетеді. Заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтанған нысандар талай балаға кешенді қолдау көрсетіп, денсаулығын оңалтуға сеп болып отыр.

Орны бөлек оңалту орталықтары

Ерекше күтімді қа­жет ететін бала­лар­ға сауықтыру орталықтары ауа­дай қажет. Мәселен, мұнда пси­хо­неврологиялық патологиясы, тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жас­тан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. АВА терапия­сы, емдік массаж, дене­шы­нық­ты­ру, су рәсімдері және тиімді оңалтуға қажетті басқа да әдістер қолда­ны­ла­ды. Осындай нысан­ның бірі Үшарал қаласында орна­лас­қан «Жансая» күн­дізгі орта­лық 50 орынға ар­налған.

Орталық ашылғанға дейін Алакөл ауданында мүгедектігі бар балаларға арналған мұндай оңалту нысаны болған жоқ. Ата-аналар өз қаражатына балаларын Алматы, Астана қалаларына оңалтуға апарып жүрген. «Жансая» ор­та­лығы ашылғаннан ке­йін қазір мәселе жергілікті жерде шешімін тауып, орта­лық балаларға тегін қызмет көрсетіп жатыр.

Әлеуметтік нысанға ке­луші ата-аналардың бірі, Үшарал қаласының тұр­ғыны Айгүл Каримова қызы Әминаның осы оңалту орта­­лығынан ем шараларын алып жүргеніне екі жылға жуықтағанын айтады.

«Балам орталыққа алғаш келген кезде жүр­мей­­тін, қазір жүреді. Мұнда бі­лікті мамандар жұмыс іс­тейді. Олардың қыз­мет­те­ріне ризамын, алғы­сым шексіз. Бұл жерде қызым емдік денешынықтыру, еңбек, музыка сабақтарына қатысады, массаж алады, баламен логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Мұндай ке­шенді ем шаралары балам­ның денсаулығына оң әсе­рін тигізіп отыр», дейді А.Каримова.

Облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қармасының мәлі­ме­ті­не қарағанда, мұнда «Имитрон» серуен­деу тренажері, нейро-орто­педиялық оңалтуға арнал­ған комбинезон, қа­дам­дық тренажер, тірек рамасы, физиотерапиялық құралдар сияқты оңал­ту жабдықтарымен қам­тыл­ған. 50 орынға арналған «Жансая» орталығы 2022 жылдың тамыз айында ашылған. Орталықта 57 адам жұмыс істейді.

Қазір орталықта 35 бала оңал­тудан өтіп жатыр. Ал об­лыстағы жалпы саны 6 оңалту орталығында 380 бала ар­найы әлеуметтік қыз­­мет алады.

Айта кетейік, жалпы 6 бала­ларды оңалту орталы­ғы­ның бесеуі Жетісу облысы құрылғаннан кейін ашылды.

 

Жетісу облысы