Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Көп ата-ана, әсіресе цифрлық жаңашылдықтардан хабарсыз ересектер немесе телефонның тілін толық түсінбейтін егде жастағы жандар «Телефондағы баланы бақылауға бола ма?» деген сұрақты жиі қояды. Олар көбіне үйдегі кішкентайлардың смартфонды рұқсатсыз алатынын немесе еріксіз беруге мәжбүрлейтінін айтады, сондайда балалар кейбір қажетсіз интернет ресурстарға кіріп кетеді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап табу үшін ата-аналар мен жоғарыдағы мәселе мазалап жүрген оқырмандарға баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары туралы пайдалы ақпаратты ұсынамыз.
Ата-аналардың арасында смартфондағы «Ата-ана бақылауы» деп аталатын функцияның барын білмейтіндер жиі кездеседі. Шын мәнінде бұл – баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең бастапқы әрі тиімді жолы. Аталған функция Android және iOS операциялық жүйелерінде бар. Дәл осы функция арқылы баланың қарайтын контентін, гаджетті қолдану уақытын шектеуге, қайда жүргенін білуге болады. Тарқатып айтсақ, «Ата-ана бақылауының» көмегімен жағымсыз сайттар мен қосымшаларды бұғаттауға, кілт сөздермен іздеу тапсырмаларын сүзгіден өткізуге, интернеттегі уақытты шектеуге, спам, вирус және алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында әлеуметтік желілер мен хат алмасуды бақылауға, құрылғының (баланың) геолокациясын көруге мүмкіндік бар.
Осы мәселеге орай Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға кеңестер кешенін ұсынды.
Баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары жөніндегі кеңестің алғашқысы 0-5 жастағы балалардың ата-аналарына арналған.
Мұнда ата-аналарға:
- «Бала пайдаланатын үйдегі барлық құрылғы мен балалар планшетіне ата-ана бақылауы қызметін орнатыңыз;
- Балаңызға өз аккаунтыңызға байланған бөлек есептік жазба құрыңыз;
- Гаджеттерді қолдану ережесін бекітіңіз. Балаңыздың құрылғыларды қонақ бөлмесі сияқты ортақ бөлмелерде қолдануын құптайтыныңызды білдіріңіз;
- Балаңыздың құрылғысына қауіпсіз қосымшалар жүктеп беріңіз. Балаларды түрлі қосымшаны өз бетінше жүктеуден сақтап, онлайн сауда жасау мүмкіндігін өшіріп қойыңыз;
- Браузерде немесе басты экранда позитивті бастапқы бет жасаңыз. Бұл бала үшін қолайлы ресурстар (YouTube Kids, білімдік ойындар); экран бала күтуші емес, балаңыздың цифрлық ортасын саналы да, саламатты етіңіз», делінген.
Ал министрлік 6-10 жастағы балалардың ата-аналарына ұсынған кеңес «Алғашқы смартфон» деп аталыпты. Мұнда балаға жаңа смартфон әпергенде әуелі оны баптап беруді ескерткен. Оны баламен бірге жасауды ұсынған. Мысалы, телефонға кұпиясөзді баламен бірге орнату, геолокация және іздеу функцияларын қосу секілді әрекеттерді бірлесе орындауға болады. Сонымен қатар осы жастағы балалардың ата-аналарына баланың смартфонындағы ата-ана бақылауы сервисін қолданып, онлайн белсенділігін, жүрген жолын бақылауға, жағымсыз контентті шектеуге кеңес берген.
Осыған қоса кеңесте: «Балаңыз үй компьютерін қолданып, сабақ оқу барысында ата-анасына және отбасының басқа мүшелеріне арналған контентке тап болмауын қадағалаңыз. Гаджеттерді үйде, мектепте, демалыс кезінде т.б. қолдану ережелерін жасаңыз. Интернетті қайда, қашан, қанша уақыт қолдануға, өзі туралы қандай ақпаратты бөлісуге болатынын белгілеп беріңіз. Өзіңіздің жеке құрылғыларыңыз бен есептік жазбаларыңызды, мобильді банкинг .қосымшаларын құпиясөзбен қорғаңыз, балаңыз бұл деректерді кездейсоқ немесе әдейі колданып жүрмесін», делінген.
11-13 жастағы балалардың ата-аналарына арналған кеңеске «Әлеуметтік желідегі алғашқы аккаунт» деген тақырып таңдалыпты. Кеңестер легіне келсек, мұнда ата-аналарға әлеуметтік желі нормалары мен ережелерін елеусіз қалдырмауды, өйткені танымал платформалардың көбінде 13 жастан бастап қана тіркелуге рұқсат етілгені ескертілген. Ал егер бала әлеуметтік желіні қолдана бастаса, оның аккаунтын ата-ананың есептік жазбасына байлауды ұсынған. Себебі бұл бала аккаунтының, жеке хабарламаларының баптауларын реттеуге, геобелгілерді алып тастауға көмектеседі. Аталған жастағы балалардың ата-аналарына: «Жасөспіріммен оның онлайн өмірі туралы әңгімелесіңіз. Оның қандай сайттарға кіретінін, қандай ойындар ойнайтынын, кіммен қандай платформаларда сөйлесетінін біліңіз. Балаңызға онлайн абыройдың не екенін және жөн-жосықсыз белсенділіктің қалайша цифрлық ортада жағымсыз із қалдыратынын, онлайн этикеттің маңыздылығын түсіндіріңіз. Буллинг, қорлайтын, намысқа тиетін хабарламалар, өсек-аяң шынайы өмірде де мәселе туындатуы мүмкін. Балада сыни ойлау мен медиасауатты дамытуға көмектесіңіз. Фейктер мен айла-шарғыларды ажыратуды үйретіңіз. Желіде кейбір адамдар фейк парақшамен отыратынын айтыңыз. Балаңызға сіздің рұқсатыңызсыз ешбір виртуалды танысымен кездесуге, өзі және басқа адамдар туралы жеке мәліметтерді жариялауға болмайтынын айтыңыз», делінген.
14+ жастағы балалардың ата-аналарына кеңес «Азырақ бақылау – көбірек сенім» деп аталған. Бұл жастағы балалардың ата-аналарына да бәріне айтылғандай, ата-ана бақылауы функциясын қолдануды ұсынған, тек балаңыз есейген сайын оның кұрылғыларындағы өзіңіз баптайтын параметрлерді азайтуға болатынын ескерткен. Осыған қоса: «Балаңызға цифрлық сауаттылықты және цифрлық тәртіпті үйретіңіз. Желідегі сексуалды жарнама мен кибербуллинг қаупі туралы айтып беріңіз. Балаңыз қолданатын әлеуметтік желілердің нұсқаулықтарын бірге зерттеңіз. Әлеуметтік желінің алгоритмдері оның түрлі мәселелердегі көзқарасына қалай ықпал ете алатынын айтып беріңіз. Балаңызға желідегі жеке деректерді, оның ішінде банк картасының деректерін, аккаунт кұпиясөздерін қорғауға көмектесіңіз. Жария етуге болмайтын мәліметтердің нақты тізімін (үйдің, мектептің, ата-анасының жұмыс орнының және басқаларының мекен жайын) жасаңыз. Балалардың көруіне тыйым салынған және жағымсыз контент туралы, оларды неліктен көруге болмайтынын айтып беріңіз. Заманауи технологиялар шынайы ақпараттан ажырата алмайтын фейктер жасай алатынын түсіндіріңіз. Виртуалды достармен танысу ережелерін кұрыңыз (анонимдермен сөйлеспеу, жеке деректерді жария етпеу, ата-ананың рұқсатынсыз ешкіммен кездеспеу және басқалары). Балаңыздың виртуалды және шынайы өмірі туралы сөйлесіңіз. Сенімге құрылған жаймашуақ қатынаста болыңыз. Пайдалы істерді, демалысты және ойын-сауықты мөлшерлей білуді үйретіңіз», делінген.
Оқырмандар байқаса, Комитеттің кеңестер кешенінің біріншісі 0-5 жастағы балалардың ата-аналарына арналған. Иә, бесіктен белі шықпаған балаға да «Телефонсыз тамақ ішпейді» деп смартфон беріп қоятындарды көзіміз көріп жүргендіктен, 0-5 жастағы балалардың ата-аналарына да жоғарыдағыдай кеңестің керегі анық. Алайда біз газетіміздің 2024 жылғы 23 сәуірдегі нөмірінде жарияланған «Телефонға телінген тәрбие» атты көлемді материалымызда кеңінен тарқатып жазғанымыздай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен ұсынымына сәйкес 2 жасқа дейінгі балаларға экран алдында уақыт өткізуге мүлде болмайтынын еске салғымыз келеді. Ал 2-6 жасар балалардың экран алдында өткізетін уақыты күніне 1 сағаттан аспауға тиіс. 7-12 жас аралығындағы балалар экран алдында 2 сағаттан артық отырмауы керек. Әр 20-30 минут сайын көзді демалдырып, қимылды ойын немесе іс-әрекетке алмастыру керек.