Білім • 19 Тамыз, 2024

Тамыздағы ҰБТ: Талапкерлердің 52%-ы шекті балл жинады

91 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 мыңнан астам адам тамыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Шекті балды 52% талапкер жинады. Орташа балл − 54, ең жоғары балл – 128 болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҰТО-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тамыздағы ҰБТ: Талапкерлердің 52%-ы шекті балл жинады

Фото: gov.kz

ҰТО баспасөз қызметі қолайлы жағдай жасаудың арқасында тамыздағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 100 талапкер қатысқанын атап өтті.

ҰБТ өткізу кезеңінде 77 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 44 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 33 адам шығарылған. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

«2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады», делінген хабарламада.

Айта кетейік, ЖОО-да оқуын ақылы негізде мамандығы бойынша жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл ретте қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Сонымен қатар 2024-2025 жылғы оқу жылына арналған білім грантын иеленбеген талапкерлердің грант иегері атануы үшін қосымша мүмкіндіктер жөнінде ақпарат ұсыну мақсатында арнайы Call-орталығы жұмыс істейді.