Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазіргі кезде Ұлытау облысы бойынша 50 балабақша, 49 шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарға орналасу үшін кезекте тұрған бала саны облыс бойынша – 4 249. Нақтырақ айтқанда, Жезқазғанда – 1790, Сәтбаевта – 1853, Қаражалда – 338, Жаңаарқа ауданында – 184, Ұлытау ауданында – 84 бала. «Аймақтық жол картасы» бойынша мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту биыл 1080 орынды құрауға тиіс еді. Бірақ бұл жоспардың орындалмайтыны байқалып тұр. Рас, биыл Жәйрем кентінде 115 орындық «Ажар» бөбекжайы ашылды және мұнда 50 орындық 5 жастағы балаларға арналған даярлық тобы жұмыс істейтін болады. Жыл соңына дейін Сәтбаев қаласында 320 орындық, Жезқазған қаласында 320 орындық бөбекжай ашу мүмкіндігі бар. Жұмыс атқарып жатқан мектепке дейінгі білім ұйымдарында қосымша топтар ашу, жекеменшік бөбекжайларда 130 орын ашылады. Бірақ бәрібір 145 орынның ашылмай қалуы мүмкін. Дегенмен былтырға қарағанда ілгерілеушілік бар. Өйткені өткен жылы 1495 орын ашу жоспарланып, содан тек 356 орын ғана ашылған еді.
Биыл облыстағы 2 балабақшада ағымдағы және 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталады. Ал енді осы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтердің сапалық деңгейі қандай?
Облыс бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 1004 педагог еңбек етеді екен. Өкініштісі сол, осылардың 52,4%-ының , яғни 526 педагогтің санаты жоқ көрінеді. Педагогтердің кәсіби біліктілік үлесі де көңіл көншітпейді, бар болғаны 13,6%-ды құрайды, яғни облыс бойынша барлығы «педагог-зерттеуші» – 9, «педагог-сарапшы» – 27, «педагог-модератор» – 225, жоғары санат – 31, бірінші санат – 70, екінші санат 116 педагог бар. Нақ қазіргі уақыттағы облыс бойынша мектепке дейінгі мекемелердегі еңбек етіп жүрген педагогтердің сапалық деңгейі осындай. Негізі қалыптасқан норма бойынша бұл салада әлі 116 педагог жетіспейді. Алдағы уақытта облыста жаңадан 2 бөбекжай ашу көзделіп отыр. Ал бұларға 88 педагог керек. Сонда тек мектепке дейінгі мекемелерге 200-дің үстінде педагог жетіспейді екен. Ал мектептердегі жағдай қандай?
Облыс бойынша барлығы 87 мектеп бар, мұның біреуі ғана – жекеменшік, қалғандары – мемлекеттік. Бұларда барлығы 3791 педагог жұмыс істеп жүр. Осы жеткілікті ме? Жоқ. Жетіспейтін педагог саны – 267. Мұның 196-сы –қазақтілді, 71-і – орыстілді.
Сапалық деңгейін айтпағанның өзінде облыс бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне – 204, мектептерге 267 педагог жетіспейтіні – дабыл қағарлықтай жағдай. Мұндай тығырыққа қалай тірелдік және бұдан шығатын жол қандай?
Облыстағы білім саласындағы жағдайды аймақтың жалпы дамуынан бөле қарауға болмайды. 1997 жылы Жезқазған облысы таратылған соң, мұндағы қай сала болсын құлдырауға бет түзеді. Білікті мамандар, соның ішінде Жезқазған университетінің де оқытушылар құрамының басым бөлігі басқа жақтарға қоныс аударды. Жезқазған педагогикалық колледжі негізінен мектепке дейінгі және бастауыш сынып мұғалімдерін ғана даярлады. «Қазіргі бала жоғары оқу орнын таңдамайды, оқитын қаласын таңдайды» деген түсінік бар. Бұл шындықтан алшақ емес. Жастар «жайлы жер іздеп кетті деп жазғыра көрме қарттарым» демекші, «тұйық қала» Жезқазғанда қалғысы келмеді, ірі-ірі қалаларда оқығанды қалады. Жоғары оқу орнын бітірген соң туған жерге некен-саяғы ғана кері оралды. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің грант ұтып алуы да қиындап кетті. 2008-2010 жылдары сол кездегі Жезқазған қаласының әкімі Қанат Балмағамбетов өңір жастарын аймақта алып қалу және Жезқазған университетіне қолдау көрсету мақсатында алғаш рет қала әкімінің грантын тағайындады. Бірақ бұл да мәселені түпкілікті оңалта алмады. Жезқазғаннан сыртқа кету де, көшу де тоқтамады.
Ұлытау облысы құрылған соң жағдай оңынан өзгеретініне үміт те, сенім де мол болды. Бірақ уақыт басқа салаларды айтпағанның өзінде, білім саласындағы түйіндердің тарқай қоймағанын көрсетіп отыр. Әсіресе болашақ педагогтерді облыстағы университетте оқытуды қамтамасыз ету, жастарды тарту күрделі мәселеге айналды. Бұл мақсатта облыс әкімдігі 2023 жылы 90 грант тағайындады. Бірақ сол грантты пайдаланғандар саусақпен санарлық қана болыпты. Себеп? Мұны Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры Ә.Тәкішев:
– Өйткені облыс әкімінің гранты кеш жарияланады. Бұл уақытта жастар басқа жақтағы жоғары оқу орындарына түсіп кетеді. Грантты жыл басында жарияласа, жағдай басқаша болар ма еді? – деп түсіндіреді.
Облыс басшылығы биыл да Жезқазған университеті үшін арнайы 80 грант тағайындады.
– Бұл грантты тағайындау кезінде ЖезУ-дың мүмкіндігі ескерілмеген. Өйткені 80 грант тағайындалған мамандықтардың біздің университетте 37-сі ғана бар. Сол мамандықтар бойынша да грантты пайдалану толықтай болар-болмасы неғайбіл. Өйткені тамыздың бас кезінде барлық жоғары оқу орнына грант бөлу аяқталды. Жастарымыздың көпшілігі басқа қалалардағы жоғары оқу орындарын таңдап, солардың грантын жеңіп алды. Облыс әкімінің грантын жыл басында жариялау керек, – дейді Ә.Тәкішев.
Ректордың сөзі бір қарағанда дұрыс. «Облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы жылдың бас кезінде нақтыланып, бекітіліп қоюы керек» деген сөзбен келісуге болады. Бірақ...
Байқауымызша, облыстық билік пен Жезқазған университеті арасында тығыз байланыс жоқ та секілді. Әйтпесе облыс орталығындағы жалғыз университетте қандай мамандықтар оқытылатынын ескеру, грантты соған қарай белгілеу соншалықты қиын шаруа ма? Немесе ректор да өз тарапынан «қандай мамандықтарға, қанша грант, қашан бөлінеді?» деген тәрізді сұрақтармен облыс басшылығының табалдырығын тоздырып, мәселені күнілгері шешіп алмас па? Содан соң жыл бойына әрбір мектепке барып, жас түлектермен дүркін-дүркін кездесу өткізіп, оларға жергілікті жерде оқудың артықшылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе тағы болмайды емес пе? Өкінішке қарай, мұндай ілкімділік байқала қоймайды. Бұл мәселенің бір түйінді тұсы десек, сырттан мамандар тарту да өте қиын.
– Биыл еліміздің педагогтер даярлайтын 6 жоғары оқу орнына барып, түлектермен кездестік, оларды облысқа шақырдық. Қызығушылық танытқандар бола қойған жоқ. Ал келіп, көріп, жағдаймен танысқан бірді-екілі жастар келгісі келмеді. Олар «пәтер тауып беріңіздер» деген өтініш айтты. Егер олар ауылды жерлерге баратын болса «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама шеңберінде азды-көпті көмек көрсетуге болады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өңірлердегі қалалы жерлерге медицина саласына жас мамандар келетін болса, оларға тиісті заң аясында жан-жақты көмек көрсетіледі. Ал педагог мамандарына мұндай қамқорлық көрсету қарастырылмаған. Осы жағы түсініксіз, – дейді Ұлытау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Төребеков. «Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» дегесін не сорым?» демекші, өңірлерге тек Ұлытау облысы ғана емес, жас педагог мамандарды тартудың қиыншылығын біле тұра, қамқорлықтан қағыс қалдыру оларды кеудеден итергенмен бірдей емес пе?
Облыстағы білім саласында қатардағы педагогтер ғана емес, басшылық құрам да жеткіліксіз.
Сәтбаев қаласындағы «Қарлығаш», «Қызыл Телпек», «Балдәурен», «Күншуақ», «Ертегі», Қаражал қаласындағы «Балбөбек», Жаңаарқа ауданындағы «Еркетай», Ұлытау ауданындағы «Айгөлек», «Балдәурен», барлығы 10 балабақшада – меңгеруші, Жезқазғанның – 2, Сәтбаевтың – 1, Қаражалдың – 1, Ұлытау ауданының –2, Жаңаарқа ауданының 3 мектебінің директоры жоқ. Басшы болмаған жерде қалыпты жұмыс болмайды. Мамандармен қамтамасыз етудегі зәруліктің бір ұшы басшылық құрамның жетіспеушілігімен тығыз байланысты болуы да мүмкін.
Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталады. Бізге мәлім болғанындай, Ұлытау облысы бойынша жаңа оқу жылында 1-сыныпқа ауылдық мектептерге – 900, қала мектептеріне – 3375 , барлығы 4 275 бала қабылданады деп жоспарланған болса, қазірдің өзінде 4010 бала қабылданды. Осының арасынан 3281 бала қазақ сыныптарын таңдаған екен. Бұл – өте сүйінші сұрарлық статистика, қуанарлық жағдай.
Ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, білімі – үлкендердің мойнындағы аманат, солардың міндеті. Елімізде педагог мәртебесін көтеру мақсатында біршама қадам жасалды, іргелі шаруалар қолға алынды. Дегенмен әлі де қордаланған мәселелер жоқ емес.
Жыл сайын еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарын қаншама жас бітіріп шығады? Олар қайда жұмысқа орналасады? Осындай сұрақтар жөнінде сараптама жасап, тиісті қорытынды шығарып, диплом алушы жастарды педагог мамандар жетіспейтін өңірлерге бағыттайтын жоба жасалып, қолға алынса, бәлкім, бұл мәселені жеңілдете түсер ме еді?
2022 жылғы 13 маусымда ел Үкіметі №390 «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы» Қаулы қабылдады. Мұнда жас мамандарды емес, үздік педагогтерді тиісті қолдау көрсету арқылы мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге бағыттау туралы көрсетілген. Қаулыда бағдарламаның 2022 жылғы 1 қыркүйектен 2027 жылғы 25 мамырға дейінгі уақытты қамтитыны жазулы тұр. Демек бағдарлама әлі орындалу үстінде. Ұлытау облысындағы педагог тапшылығын азайтуға бұл бағдарламаның септігі тиіп қалмас па екен?
Ұлытау облысы