Мирас • 20 Тамыз, 2024

Саматтың садақтары

193 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Садақ ату – халқымыздың қанына сіңген өнер. «Садақ пен қазақ» егіз ұғымға теңеліп, ежелден ұлтымыздың бес қаруының бірі саналған. Кешегі кеңестік кезеңде бұл қымбат мұрамыз көмескіленгенімен, қазір садақшылық өнер қайта жанданып келеді. Жастар арасында да осы жауынгерлік өнерге ынталылар қатары артқан. «Әр мектепте садақ үйірмелері болса екен...» деген де пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл өнерді өрлету үшін алдымен оның сапасы мен бағасы да тұтынушыға қолайлы болғаны дұрыс дейді садақ ісімен айналысатындар. Алайда дайын садақтар сырт елдерден келетіндіктен, оның нарықтағы бағасы да қымбаттау.

Саматтың садақтары

«Ел іші — өнер кеніші» демек­ші, қолдау болса, садақ жасау ісін отандық шеберлер де ілгері­летер еді. Теміржол бойын­дағы Шоқысу бекетінің тұрғыны Самат Жорғабаевтың шағын шебер­ханасындағы садақ жасау ісін көріп, біз осындай ой түйдік. Ердің жасы елуге таяған, қолы ұсынақты жігіт аулындағы Шоқысу негізгі орта мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс істейді. Жастайынан үйіне құрал-сайман жиған ол қазір ауыл-аймаққа ағаштан түйін түйген шебер ретінде де белгілі. Әрбір жасаған бұйымын ұлттық нақышта безендіріп, дәстүрлі ою-өрнекті ағашқа ұқыптылықпен таңбалаған туындылары көрер көзге тартымды.

ро

Абай атамыз: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» демей ме? Аядай ауылдағы менің есімімді әйгілеген бойымдағы осы азғантай өнерім деп есептеймін. Ауылдың күнделікті тірлігінен босағанда шеберханама асығу үйреншікті әдетіме айналды. Тапсырыс ретіне қарай ағаш­тан оюланған тостағандар, қо­нақ күтуге арналған заманауи үстелдер, бесіктер, қазақтың ұлт­тық асы — ет салатын ағаш астау табақтарын жасаймын. Кейінгі уақытта көшпелі халқымыздың иығынан түспеген қасиетті қару — садақ әзірлеуге бекіндім. Негізінен қаруға тән әр бұйымды жасайтын ісмердің оны қолдану тәсілінен де хабары болғаны жақсы. Оны іштей сезініп, жан дүниеңмен жасасаң, міне, сол кезде туындың таза шығады. Халқымыз дәстүр­лі садақ жасау ісіне асқан ұқып­ты­­лық­пен қараған, оның көркем­дік си­патына, этноайыру белгі­сіне, қару ретіндегі айбарына айрық­ша мән берген. Кешегі кезде бұл қару­дың насихатталуына тос­қауыл қойылуымен бірге, оны да­йын­дау ісі де елімізде ұмытыла бастаған.

«Осыдан үш жыл бұрын аудан орталығында Құрбан айт мерекесі тойланып, оның орта тұсында әуесқойлар арасында садақ ату сайысы ұйымдастырылды. Садақ атуға ниетті әрбір ойыншыға үш оқтан беріледі екен. Мен де бағымды сынап көрейін деп жас­тармен жағаласып, суырылып ортаға шықтым, алайда санаулы оғым «теректен де, бұтақтан да» алшақтап айдалаға лақты. Сол шарадан ауылыма намыстанып қайттым. Түбі осы садақ атуды үйренемін деп өзіме жолай серт бердім. Содан садақ іздейін деп әлеуметтік желіні ақтарсам, еліміздегі садақтардың көбі тапсырыспен шетелдерден келеді екен. Бағалары да шарықтап тұр, қолжетімдісінің өзі — 50, 60 мың теңге, сапасына қарай бағасы одан сәл төмендері де бар. Ал жақсы ағаштан жасалған түрік, Мажар және көрші Ресей елінде жасалғандарының бағасы 250, 300 мың теңгеден бастап жоғарылай беретініне көзім жетті. Садақтың негізгі құрылымы ағаш қой, неге өзім жасап көрмеске деп, оның жасалу жолын іздей бастадым», дейді шебер.

пр

Дегенмен оның осы «үйре­немін», «садақты өзім жасап аламын» деген талабы зая кетпеп­ті, қазір Самат садақ атудан кәдім­гідей тәжірибе жинақтаған. Аудан орталығында өтетін садақшылар сайысына аулынан шәкірт ерте келіп, талай мәрте топ жарды. Төріне ілінген жылы лебіз жазыл­ған мадақтамалар мен диплом­дар Саматты алда да жеңістерге жетелейтініне кәміл сенесің.

Енді оның алғашқы садағын қалай жасағанына ойысайық. Бәріміздің де қалта телефонымызда күнделікті тірлігімізге, жасап жүрген жұмысымызға сай кеңесетін, жақын пікірлес адамдарымыз болады емес пе? Сол секілді Саматтың ұялы телефонында еліміз бойынша құрамына 250 адам топтастырылған «Өзі­міздің шеберлер» атты чат бар екен. Сұрастырса, бұл топтағылар да садақтың жасалу жолын нақты білмейтін болып шығады. Көп ізденген Сәкең ақыры садақ істеуді ютуб каналдан үйренеді.

– Бір байқағаным, елімізде садақ жасайтын шеберлер саусақ­пен санарлық екеніне анық көзім жетті. Содан өз бетімше әрекеттенуге тура келді, қайың мен қарағашты қолданып, ең бі­рін­ші арнайы ұстайтын тұтқасы бар еуропалық үлгідегі садақ жасап шығардым. Дәстүрлі садақты жа­сау­ға кез келген ағаштың жара­май­тынын кейіннен білдім.

«Осы ретте маған Алматы облысының Ұзынағаш ауданында тұратын Қытай елінен келген қандасымыз Жалын Қабылан есімді азаматтың көмегі көп тиді. Ол – жас болса да, он саусағынан өнер тамған ұста жігіт. Екеумізді табыстырған да осы — ісмерлік жолдағы ізденісіміз. Жалын 2018 жылы Шымкент қаласында оқып жүрген студент кезінде мен оған арнайы барып, ағашқа ою салу, ағаштан қашап табақ жасаудың жолдарын үйренген едім. Қытай тілін жетік білетіндіктен, садақ дайындауға қолданылатын шыны талшықты ағаштарды, өзге де шеберханама қажетті құрал-жабдықтарды осы Жалын арқылы алдыртамын. Садақ оқтарын қарағай, қайың ағашынан жасаймын, жебесі мен қанаты да Қытай елінен келеді. Садақ оғының өзі: масағы, қанаты, сабы, жебе басы, ұшы, қыры, ысқырғышы, ұңғысы деп бірнеше бөліктен тұрады. Жалпы, садақ құрылымын жатқа білуді өз міндетім санап, қолым босағанда белгілі ғалым Қалиолла Ахметжанның авторлығымен шыққан «Жараған темір кигендер» (Алматы, «Жазушы», 1970) атты батырлардың қару-жарағы, әскери өнері және салт-дәстүрлер мазмұнындағы кітабына жиі үңілемін», дейді ол.

Самат тұратын тоқсан түтіні бар Шоқысу бекеті – аудан орта­лығы Шалқардан жырақтау орна­ласқан мекен. Дегенмен ұлттық өнерді жоғары бағалайтын ауыл азаматы аймақтағы садақшы­лармен ұдайы тығыз байланыста жүреді.

– Самат Сұлтанмұратұлын са­­­дақ­­­шылық қырынан жақсы бі­ле­­мін. Оның жасаған туынды­ла­рын да көрдім, ыңғайлы, өзге елдерде жасалатын садақтар­дан айыр­машылығы жоқ. Бірақ мы­наны білуіміз қажет, садақ әуес­қойлық немесе алыс қашықтыққа бел­гіленген сайыстарға қолда­ны­латын болып бөлінеді. Сондай-ақ қолданушының қуат-күшіне байланысты үлкен-кіші, ұзын-қысқа түрлері тағы бар. Адырнасы берік, иіні ұзын садақпен жақын нысанды да көздей алмауың мүм­кін. Бұл ретте Саматтың қолы­нан шыққан садақтар жақын қашық­тықты көз­деуге, осы өнерді алғаш үйрену­шілерге өте ыңғайлы әрі ба­ға­сы да қолайлы, – дейді Ақтөбе об­лыстық «Jaujurek» дәстүрлі са­дақ ату федерациясы қоғамдық бір­ле­с­тігінің президенті Сәндігүл Әленова.

Қазір Саматтың дайындаған садақтары 20-25 мың теңгеге бағаланған. «Өнер сатылмайды, бағаланады» демекші, оның қол еңбегін бағалап, еліміздің әр өңірінен тапсырыс беретіндер бар. Шебердің туындысы уатсап желісінде, Olx.kz хабарлама тақтасында жарнамаланады.

Ұлттық рух пен патриоттық сезімді қоғамға бабаларынан мирас болған қолөнерімен сіңіруді мақсат еткен ауыл шеберінің қадамы көпке үлгі.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН

 

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы