Кино • 19 Тамыз, 2024

«Шырмауық» қалай түсіріліп жатыр?

816 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығының қолдауымен көптеген жаңа фильм түсіріліп жатыр. Әрине, түрлі тақырып, сапа да әртүрлі. Оның ішінде үлкен экран­ға шықпай тұрып халықаралық додаларда бақ сынап, үздік атан­ған­дары да жетерлік. Мәселен, өткен жылы питчингте топ жарған жобаның бірі – «Шырмауық». Режиссері әрі сценарий ав­торы Азамат Шарғынның дебюттік фильмі бүгінде түсірілім жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Шырмауық» қалай түсіріліп жатыр?

Осы орайда түсірілім алаңын­да­ғы ахуал­ды білуге режис­серге ха­бар­ла­сып, кинокартина туралы бір­шама мағұлмат алдық. Кино­өндірістегі бұрыннан құлаққа шалынып жүрген бірқатар мәсе­ленің де барын аңдап қалдық. Әл­қис­са.

Әлеуметтік драма жанрын­дағы жаңа фильм жыл басында Мәдениет және ақпарат министр­лігінің тапсырысымен, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясынан өндіріске жіберілген. Көк­темде дайындық кезеңі өт­кізі­ліп, түсірілім шілде айында Алматы облысында басталып, Жамбыл облысы Мыңарал елді мекенінде жалғасты. Ол жақта жиыр­ма күн­­нен­ аса жұмыс істеп, қазір Алма­ты облысында түсіріліп жатыр. Ре­жиссердің айтуынша, тү­сірі­лім жұмыстары тамыздың со­ңы­на дейін аяқталады.

Жалпы, аталған фильм – қара­пайым отбасының өмірі негізінде, жылдар бойы қасиетті саналып келген отбасылық құндылықтың жоғалуын, адам баласының рухани азуын суреттейді. Авторлық-ин­теллектуалдық бағыттағы туындыда адамзатқа ортақ құндылықтар ұлттық менталитет тұрғысынан сарапқа салынады.

апр

Режиссер дебюттік туындысы­ның түсірілім тобына тәжірибелі ма­мандарды шақыруға тырысқан. Атап айтсақ, фильмнің атқарушы продюсері – «Біржан сал», «Ата­жұрт», «Әкем екеуіміз» және «NETFLIX» платформасы түсір­ген «Марко Поло», «Шаман» жо­ба­­лары­ның продюсері, білікті маман Ардагер Сантыбаев. Қоюшы опе­раторы – «Дала қас­қы­ры», «Жамбыл – жаңа дәуір» фильм­дерін түсірген, 2014 жылы APSA,   2021 жылы AFA «Ең үз­дік операторлық  жұмыс» аталы­мының номинанты, «Оскар» кино­академиясының мүшесі Еркінбек Пітірәлиев. Көркемдік жетекшісі – «Оралман», «Боран» фильмдерінің режиссері, өз ісінің кәсіби шебері Сәбит Құрманбек.

Фильмнің басты рөлдерінде Алма­­хан Кенжебекова, Лаура Сәби­това, Нұрлан Әбілов және Раяна Қуат ойнайды. Режиссердің ай­туын­­ша, кастингте мақсатты түрде таны­мал емес, киноға көп түс­пеген, бірақ кәсіби актерлерді алуға тырысқан.

«Кино – ұжымдық жұмыс әрі бас­тан-аяқ шығармашылық үде­рістен тұратындықтан, дайын­дық, түсірілім кезеңдерінде қи­ын­­­­­­шылық туындамай тұр­май­­­ды.­ Мә­­селе көбіне қаржы­ның уа­қы­тын­­да түс­пеуі, шығар­машылық-
қаржылық есеп­тер­дің ұзақ қабыл­дануынан шығып жатады. Бұл бізді де айналып өткен жоқ. Ал­ғашқы екі кезеңнің есебі тап­сырылғанымен қаржының екін­ші бөлігі белгісіз себеппен кеші­гіп жатыр. Қаржыға жауаптылар заң жүзінде әрбір ісімізге құ­жат­тай есеп талап еткенімен, өзде­ріне келгенде ауызша жауаппен құтылады. Жауапты заңды түрде қағаз жүзінде талап етсең, әртүрлі сылтау айтып, соңын құм­ға сіңген судай қылады. Әрине, бұл киноның сапасына әсер етпей қоймайды. Себебі түсірілім то­бындағы мамандардың да отбасы, жеке қаржылай мәселелері бар», дейді режиссер Азамат Шарғын.

Иә, қазақ киноөндірісіндегі есеп-қисап жөнінде бұған дейінгі фильм авторларынан да естіп қалып едік. Аталған мәселе әлі де өзекті екеніне кезекті рет көз жеткіздік.

Киноөндіріс саласы әлемде ғаламат табыс көзіне айналғалы қашан? Десек те киноның жалғыз ақиқат анықтамасы, ол – өнер. Жалғыз шарты – көркемдік. Бірақ киноны да әркім әртүрлі мақсатта түсіретіні тағы бар. Мәсе­лен, материалдық мақсаттағы фильм­дердің табиғаты да соған сай болады. Ал рухани тұрғыда түсірілген туындылардың діттегені бөлек.

«Киноны кәсіп көріп, оны тауар қылып, нарықты зерделеп, қандай өнім жақсы өтетінін зерттеп, кино түсіретін техниканы жыл сайын дамытуға арнайы қаржы бөліп, сол іспен кәсіби айналысатын әлемде түрлі алпауыт компаниялар бар. Мысал ретінде бір ғана Голливудты айтсақ жеткілікті. Лос-Анжелестің ол ауданында ондаған ірі кинокомпания бар. Олар үшін кино – тауар. Жақсы сатылу үшін, тауарына аты әлемдік брендке айналған әйгілі жұлдыздарды жапсырады. Оған қоса, тауарды алдын ала жарнамалауды, сатуды шебер меңгерген», дейді режиссер.

ыв

Сондай-ақ ол рухани мақсатта түсірілетін киноға, ең алдымен өнер деп қарау керек екенін атап өтті.

«Бұл мақсаттағылар өз шығар­масымен адам болмысына әсер еткісі келеді. Ойландырғысы келеді. Әлдебір сұраққа жауап іздейді. Адамды терең ойлануға, пікірлесуге шақырады. Адам баласының қоғаммен, отбасымен, Құдаймен байланысын сөз етеді. Философиялық астарға баса назар аударады. Табыс, касса жинау, екі-үш есе пайда табуды көздемейді. Тек туындыдағы ой көпшілікке жетсе дейді, яғни әдебиет сияқты руханиятқа қызмет етеді», деді ол.

Иә, мемлекет киноға қаржы бөлгенімен, оның жарнамасы мен прокаты «Кино туралы» заңда нақтыланбаған.

«Мысалы, фильм дайын бол­ған соң, оның толық құқы тапсырыс берушіге тиесілі, бірақ жар­нама мен прокатқа қаржы қарастырылмағандықтан олар онымен айналыспайды. Ал тапсырыс алып, түсірген заңды тұлға фильм құқы өзіне тиесілі болмағандық­тан, еш жерге рұқсатсыз апарып көрсетіп, жарнама жасап, сата алмайды. Осындай қарама-қай­шылықтарды тездетіп түзеу керек. Сала даму үшін «Кино туралы» заңға өзгеріс керек. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени корпусы мен Киногерлер одағы біріге жұмыс тобын құрып, заңды кемеліне келтірмесе, мәселе жылдан-жылға күрделене береді», дейді А.Шарғын.   

Фильмнің продюсері Ардагер Сантыбаевтың айтуынша, кино­кар­тинаның жалпы бюджеті – 240 000 000 теңге. Бұған 12% ҚҚС салығы мен «Қазақфильмнің» 15% жалпы студиялық шы­ғын­дары кіреді, яғни үштен бір бөлігі бюджеттен алынады.

«Фильмнің прокатына дейін «А» класс пен басқа дәрежедегі халықаралық кинофестивальдарға қатысатынымызға сенімдіміз. Киноның сценарийлік және визуалды әлеуеті мол. Осын­дай тақы­рыптағы туындыларды еуропа­лық кәсіби киномамандар жоғары бағалайды. Фильмнің прокатын фестивальдардан кейін жоспарлаймыз. Осы орайда түсірілім жұ­мыстарына атсалысып, қол­дау көрсеткен Жамбыл облысы Мойын­­құм ауданындағы Мыңарал тұр­ғындарына және әкімі Тілеш Аманжоловқа ерекше алғыс айтамыз», дейді продюсер.

Байқағанымыздай, түсірілім тобының сондай бір өнерге деген жанашырлығымен жасалып жатқан көркем туындыны көруге асықпыз.