Игі істің бастамашысы – ақын Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, басылымның түр-тұрпаты өзгеріп, халықаралық мәртебе алып, қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көріп отыр. Яғни «Әлем әдебиеті» – «Dünya Edebiyatı» – «World literature» – «Мировая литература» журналының жаңалығы да, басты ерекшелігі де осында. Нақтылап айтсақ, әлем әдебиетінің ең озық үлгілері қазақ тіліне тәржімеленіп, ал қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары түрік, ағылшын және орыс тілдерінде шетелдік оқырмандарға ұсынылады.
Айта кетейік, әдеби журналдың бас директоры, Редакциялық алқа төрағасы – Ұлықбек Есдәулет, бас редакторы – Ержан Алаштуған. Төрт тілде жарық көрген жаңа санында Мақтымқұлы, Шарль Бодлер, Олжас Сүлейменов, Хусто Хорхе Падрон, Шандор Петефи, Хемингуэй, басқа да әлем авторларының шығармалары жарияланды.
«Бұл журналда бүгіннен бастап екі ғалам ұшырасып-ұштасып, ұласып-тоғысады: қазақ әдебиеті және әлем әдебиеті! Шалқар теңіз бен ұлы мұхит! Бөгде тілдер, бөлек тарихи дәуірлер, өзге мәдениет, өзінше әдеби мектептер, мүлде ұқсамайтын ұлттық ерекшелік, басқа дүниетаным болғанымен, бір-бірімен үндесетін пернелері де мол. Тек бірінен біріне көркемдігін жоғалтпай, бояуын жұтатпай, деңгейін түсірмей, мән-мағынасын сақтап, шеберлікпен аудара білу керек. Шынтуайтына келгенде, қолыңыздағы журнал дүние жүзі әдебиеттерінің арасындағы асыл арнаға, берік байланыс арқауына, өлмейтін өткелге, айнымас алтын көпірге айналары анық. Қазақ оқырманы да, әлем оқырманы да әр нөмір сайын жаңа олжаға кенелетіні сөзсіз», дейді Ұлықбек Есдәулет.
Айта кетейік, журнал үш айда екі рет (45 күнде бір нөмір) шығады. Басылымның alemadebieti.kz электронды сайты да іске қосылады. Әдебиет арнасына қайта қосылған басылымның оқырманы көп болсын дейміз.