Өйткені ол бәрін ақылмен шешіп, ақыл күшімен бағамдайды, оған теріс келгенді ойға тамызық етпейді. Ал иррационалист – әлгі қара мысықты жүрегімен сезініп, жаман ырымға балап, басқа жолмен өтуді мақұл көретін адамдар. Яғни ирранационалистер – табиғат құбылыстарын, дүниені, болмысты, ақиқатты жүрекпен, интуициямен қабылдап, сезінуді алға шығарып, ақыл күшінің Жаратушыны тануға әлсіз екенін айтатын, сезімді, түйсікті, қиялды дүниетанымның негізі деп есептейтін рационализмге қарама-қарсы таным жүйесі.
Расында, дүниені ақылмен тану мүмкін бе?
«Ақылмен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр,
Мұтакәллимин, мантиқин
Бекер босқа езедүр».
Абай дүниетанымы шығыстық ілімге жақын болғандықтан, жүрек культын алға қояды. «Алла Тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі, өлшеулімен өлшеусізді біліп болмайды» дейді бірде. Шын мәнінде, ұлттық дүниетанымымызда әлемді ақылмен танудан гөрі жүрекпен тану, жүрек көзін ашу маңызды. Әрине, ақыл күшін жоққа шығармаймыз, бірақ ақыл барлық тылсымды ашуға, сезінуге күші жете бермейді. Ал жүрек – шексіз қазына мекені, әрі Құдайдың назары түсетін орын. Мәулана Румидің барлық жерден таппаған ақиқатты жүрегімнен таптым дегені сондықтан болар.