Саяхатқа шығатын адам өзі ат басын тірейтін елдің ас мәзірін де алдын ала зерттеп алатыны белгілі. Осы орайда отандық гастротуризмнің келешегі қалай қалыптасып жатыр деген сауал туындайды. Дегенмен мына қызықты қараңыз, ТМД-дағы Туроператорлар қауымдастығының мәліметінше, кешегі кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан елдердің ішінде ең арзан бағыт Беларусь болса, ең қымбаты Қазақстан екен. Ендеше, елімізде азық-түлік қымбат па, қонақүй қымбат па, әлде сервистік қызметтің құны шарықтап тұр ма?
Сонымен, биыл отандық туризмнің Меккесі болуға ұмтылумен келе жатқан Алматы гастротуризмінің келешегін талқылаған жиынға Нидерланд, Қатар, Индонезия, Оңтүстік Корея, Бельгия сияқты бірқатар елден 30-дан аса сарапшы қатысты. Айтқандай, осынау басқосуға Леонид Парфенов, Нұрлан Смағұлов, Асқар Байтасов сынды тұлғалар, Michelin, The World’s 50 Best Restaurants өкілдері, Араб заманауи өнер мұражайы (Қатар мұражайлары), «Целинный» заманауи мәдениет орталығы және Алматы өнер мұражайы да мүдделілік танытты.
Өз кезегінде «Almaty Crossroads» конференциясы эмоционалды әрі әлеуметтік маңызды өзгерістерді қалыптастыруда арнайы кеңістік құруды көздейді. Жиында «Неге адамдар өзге ұлттық тағамдарды татып көруге, жаңа елдерді аралау үшін мыңдаған шақырым жол жүруге дайын?», «Қай қалада тұрған және туристер қабылдаған жақсы?», «Алматыны қалай көрікті ете түсуге болады?» деген секілді өзектілігі жойылмайтын тақырыптар қозғалды. Урбанистика, гастрономия, өнер, бизнес пен қонақжайлылық салаларының сарапшылары осы тектес өзге де тақырыптарды жеті пікірталас алаңында талқылады.
Осы жиында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров маңызды біраз мәліметті алға тартты.
«Алматыға кейінгі бір жылда 2 миллионнан аса турист келсе, оның 540 мыңы – шетелдіктер. Олардың шамамен жартысы Алматыға арнайы гастрономиялық туризм үшін келеді. Туризм экономикалық тұрғыдан қала үшін маңызды салаға айналып отыр. Тек салықтан өткен жылы 72 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды, яғни 160 млн доллар. Өсім 64%-ды құрады. Бұл біз үшін өте маңызды. Туризм саласында 80 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Алматыда 100-ден аса этнос өкілдері тұратындықтан, бұл мәдени және гастрономиялық алуандықты қамтамасыз етіп тұр», деді Ә.Әбдіқадыров.
Ас мәзірлерін дәріптеуге ұмтылған «Almaty Crossroads» конференциясы өтіп жатқанда, дәм тартқандарға қаланың таңдаулы мейрамханаларынан The World’s 50 Best Restaurants and Michelin жұлдызды аспаздар әзірлеген гастрономиялық кешкі астар бұйырды. Фестивальдық кешкі астар алғаш рет мейрамханалардан тыс, қаланың танымал орындарында ұйымдастырылды. Әлбетте, мұндай іс-шаралар Алматының гастрономиялық алуандығын жарнамалап, турист тартуға септесетіні сөзсіз.
Туризмді табыс көзіне айналдыруға ұмтылған елдердің бәрі де қол қусырып қарап жатқан жоқ. Мәселен, биыл еліміздің талантты жас аспаздары Татарстанда шеберліктерін көрсетті. Қазақстан делегациясының Ислам елдері жас аспаздарының (Young Chefs International 2024) халықаралық турниріне дайындығы туралы Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының жетекшісі Гүлнар Қатыбаева баяндай отырып: «Бұл жарыс бес жылдан бері Татарстанда өтіп келеді. Қызықты іс-шараға Малайзия, Сауд Арабиясы, Қатар, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ливан, Марокко елдері қатысып, әлемдік деңгейдегі танымал аспаздар мұрындық болып жүр. Қазақстан өз дәмі мен тәжірибесін ұсына алатын қатысушы ғана емес, сонымен қатар қазылар алқасының да құрамына кіреді», деді.
Бармағынан бал тамған жас аспаздарымыз бәсекелестерін несімен таңдай қақтырды деген сауалға Қазақстан делегациясының өкілдері: «Ұлттық мәзірлерімізді еларалық деңгейде көрсету мүмкіндігіне ие болғанымызды мақтан тұта отырып, аспаздарымыздың қоспалары аз қазақ асханасының бірегейлігі мен байлығын көрсете білгеніне қуанамыз», деді.
Татарстандағы турнирде еліміздің абыройы үшін жас әрі талантты аспаз Руслан Ибрагимов пен Алматы технологиялық университетінің 3-курс студенті Мерей Жексеналы барын салды. Сонда Мерей «Жастық және көрегендік» атты атаулы сыйлықпен марапатталды.
Бір жағынан, мұндай жарыстарда көзге түскен жас аспаздардың шеберлігін шыңдайтын орта ғана емес, аспаздар қауымдастықтарымен достық байланысты бекемдеудің, ынтымақтастық орнатудың тамаша бір әдісі деп қабылдаған жөн.
Мерей Жексеналыны жарысқа дайындаған Руслан Ибрагимов қазақ асханасының өзіндік орны бар екенін, шетелдік әріптестері үнемі жергілікті сүт өнімдерінен жасалған мәзірлерді сұрайтынын айта келе: «Бізде керемет сүт өнімдері бар, шикізат сапасы жоғары деңгейде. Алдағы 5-6 жылда жаһандық деңгейде таныла түсеміз деп ойлаймын», деді.
Сонымен қатар ол ұлттық тағам түрлерінің дәмін қалай байыта түсуге болатынын айтып берді.
«Мен – өз елімнің патриотымын. Әлеуметтік желіде шағын блогімде еліміздің табиғаты мен тағам дайындаудың дәстүрлі әдістері туралы жазып отырамын. Дәстүрлі әдістер дегенде, қазақ елі түркі халықтары сияқты көшпелі халық болғанын қаперде ұстаймыз. Бізде ас пісірудің жалғыз әдісі – қуыру, қайнату, бұқтыру және қазанда дайындау. Мен дайындайтын барлық ас мәзірінің дені отқа пісіріледі. Яғни наннан бастап бәрін отқа пісіремін. Сонымен қатар ұлттық тағамдар, соның ішінде көже дайындаудың, ет асудың айырмашылығы жөнінде баяндап, түсіндіріп отырамын. Тума табиғатымыздан, өз өнімдеріміз бен айналадағы адамдарымыздан шабыт аламын. Елімізде көптеген этнос өкілі тұрады, әрқайсысының аздаған құпиясын, ас әзірлеудің технологиялық аспектілерін алуға болады. Мұның бәрін қазақ гастрономиясына бейімдесеңіз, ғаламат дәм шығады», деді Р.Ибрагимов.
Осы орайда Алматы технологиялық университетінің Тамақ өнімдері технологиясы кафедрасының меңгерушісі Айгүл Таеваның пайымын алға тартуға болады.
«Біздің бөлімде оқитын аспаздар мен технологиялық инженерлердің айырмашылығы – тағам химиясы мен термиялық өңдеу кезіндегі биохимиялық үдерістердің іргелі білімдері бар. Болашақ технолог, аспаздар оқитын инженерлік құрамдас бөлік пен инженерлік пәндер үлкен мәнге ие десек, бұл – аспаздық жабдықтар, технологиялық процестерді автоматтандыру мен тағы басқасы. Өнімдерімізді халықаралық нарыққа шығару үшін тағам өнімдерінің сапасы жоғары, қауіпсіздігі халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Біздің студенттер осы бағыттарда заманауи білім алып жатыр», деді А.Таева.
Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының жетекшісі Гүлнар Қатыбаева жоғарыдағыдай турнир жастар арасында аспаздықты кеңінен насихаттау, мамандықтың беделін арттыру мақсатында да өткізілетінін атап өтті.
«Турнир идеясы Татарстанның Қазан қаласында пайда болған. Былтыр да осы турнирге қатысып, қалай өткенін көрдік. Жарыстың ұйымдастырылуы жақсы, бірақ біздің елмен салыстыруға келмейді. Бізде мұндай турнирлерге қатысу өте қиын, оларда жеңілдетілген. Елімізде халықаралық туринирлерге қатысу үшін үлкен дайындықтан өту қажет. Татарстандағы турнирді ұйымдастыруда мемлекет кең қолдау көрсетеді. Осы жағынан Татарстан тәжірибесін алуға болады деп ойлаймын. Мүмкін, турнирден көргенімізді баяндай берсек, бізде де тағам саласына назар аударылып, гастротуризмнің дамуына қолдау күшейе түседі деп үмітттенемін», деді Г.Қатыбаева.
Қысқасы, елімізде гастротуризмді дамытудың алғышарттары бар. Құнарлы да дәмі тіл үйірген табиғи тағамдарынан дәм тату үшін ұшақтың да қанаты талатын елдерден келетін туристер қатары пайда бола бастағаны қуантады. Қазақстанға табаны тиген туристердің төбесі көкпен тілдескен тау баурайында асылған ет, жерге көмілген қарынбүрме, шоққа қақталған кәуап, қаймақ, тары қосылған шай сияқты ұлттық тағамдарымыз туралы естеліктерін естігенде мерейіміз тасып, ықылым замандарда көшпелілер мың түрлі ас мәзірін әзірлей білгенін алға тартамыз. Әлбетте, қазақ мейрамханаларындағы ас мәзірінде ұйғыр, орыс, қытай, өзбек асханаларының да ықпалы жоқ емес. Қалай десек те, қанша елді аралап, талай жерден дәм татсақ та, қазақтың байлығы дастарқаны екенін түйсіне бересің.
АЛМАТЫ