Өнер • 22 Тамыз, 2024

Ояту

418 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Музыкатанушы емеспіз. Тарихынан да аз-кем хабарымыз болмаса, толық біле бермейміз. Біз тек тыңдарманбыз. Сұлу қыздың қабағын керім қылып кергеніндей, езу тартқанындай әсерге қалдыратын әндерге ғашықпыз. Ал ондай әндерді нақышына келтіріп орындайтындардың алдында бас иеміз. Ән жүректің тербелісінен туады. Өзге жүректерді осы тербеліс жиілігіне салады. Сондай тербеліс тудыра алатын Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркен – күллі қазақ даласының баға жетпес қазынасы.

Ояту

Нотаға ноқталанбаған әншілер

Қазақта саусақ бүгіп үздіктер қатарына қосар Арқа мектебінің өкілдері бар. Жүрек көздері ояу әншілер. Қайрат Байбосын ағамыздан бері тартсақ ән тарихын зерттеп жүрген, әрі әнші, әрі сазгер, Мәдидің «Қаракесек» әнін өзі шығарғандай бүкіл болмысымен түйсініп айтатын Ерлан Төлеутай, қоржынына қазақ әнін қотарып алған Рамазан Стамғазиев, Керекуде жатып, бүкіл қазақ даласына дауысын есіткен, таудан аққан тас бұлақтай Ербол Айтбаев, ән аманатын арқалап, Абай әндеріне текстологиялық талдау жасап, әнге ғылыми көзбен қарайтын ғажап әнші, ғаламат ұстаз Еркін Шүкімән, көмейі бүлкілдеп, салған әні қыр асатын, өзі де ғажап сазгер Гүлмира Сарина… Бұл қатарға тағы біраз әншілерді қосуға болады. Саян Бөдесовке дейін. Әйтсе де бұның бәрі бір-бір тақырып.

по

Құдай о бастан біздің Қара­ғандыға талантты жұптап береді. Ән әлемінде Мейірхан Адамбек пен Жақсыкелді Кемаловтың дос­тығы елге аңыз болып қалды. Рымтай Бөдесов пен Саламат Қазақбаевтың сыйластығы бөлек әңгіме. Құрмаш Ыбышев пен Ержан Базарбек ағаларымыз да бір анадан туғандай. Енді Сержан мен Дәуренбек егіз қозыдай қатар жүр. Домбыраның қос ішегіндей. Екеуі қосылып салған «Сарыарқа» құлағымыздың дабы­лын әлі де солқылдатып тұр. Жеке шығармашылығы да жаныңды білте шамның сәулесіндей дірілдетеді. Ақан серінің «Маңмаңгері» мен Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әнін Дәуренбектей орындаған адам көргеніміз жоқ. «Сайра, бұлбұлды» салғанда Дәукең өзі бұлбұлға айналып сала береді. Ән ішінен бұлбұлды анық байқайсыз. «Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда» дегенде, құлагер көз алдыңызға келеді һәм сұлу мүсінімен алдыңыздан ойқастап шығады. Ал Біржан салдың «Айтбайын» Сержандай зәу көкке шырқаған адам тағы аз. Сәтмағанбеттің «Қанат талдысына» салғанда бозторғай биікке заулап шығып, қанатын дірілдете қағып тұрғандай әсер қалдырады. Әнге сендіру деген осы. Секеңнің «Балқадиша» әнін Әміреден тура алып, тура сол бояуымен жеткізгені – бөлек әңгіме. Әнде артық тербеліс болмауы керек. Кейбір кәсіпқой һәм әуесқой әншілер дауыс әлеуеті жетпейтін әнге ұрынып, мелизмге салып, жасанды діріл қосып, «айыбын» жасыратынын байқап қаламыз. Онысымен ән­нің табиғатын бұзатынын өзде­рі сезбесе керек. Артық бояу айқұлақтанып көрініп тұрады. Біздің кейіпкерлер бастысы осыдан ада. Дауыс әлеуеттері де, ішкі қуаттары да жеткілікті. Сөйте тұра, артық айқай да жоқ. «Өзінде бармен көзге ұруға» ұмтылмайды. Жүректерімен әлдилеп, көмейімен бипаздап, тілімен аялап ұшырады әнді. Олар салған ән гүлге көбелек қонғандай нәзік, қаршыға құс жемтігіне құлдилағандай қаһарлы. Екеуі де даланың төлтума әншілері. Нотаға ноқталанбаған. Еркін.

 

Жүректі жұбату

…Таң алдында тереземіздің түбінен құс сайрайды. Бұл ғажап күйді бәріңіздің де есті­гендеріңізге сенімдіміз (көз алдыма нота дәптеріне қонған бозторғай елестейді осы сәтте). Ал оның неге таң алдында сайрайтынына зер салып, зерделегеніміз шамалы. Тақауда кездейсоқ мәлім болды. Бір ғылыми журналдан оқып, қайран қалдық. Ән — құстардың тіршілік алдындағы миссиясы, аманаты екен. Құс құйқылжыған әнімен тіршілік атаулыны оятады. Құс дауысын естіген жапырақ, гүл, өсімдік атау­лы ұйқысынан оянып, қауызын ашады, жапырағын жаяды. Жаңа күн, жаңа тіршілік басталады. Құстардың ән салу жиілігі кейбір классикалық музыкаларда да кездеседі. Американың Айова штатының бір шаруақор жігіті осы сырды біліп, өзінің жүгері алқабына дауыс зорайтқышпен музыка тыңдататын болыпты. Әуелгіде жерлестері жүгеріге ән тыңдатқанын жындылыққа балапты. Ал күздегі қамба толы астықты көріп, қайран қалыпты деседі. Әнші құстардың негізгі миссиясы осы. Ал осыған сүйеніп біздің де хас әншілердің миссиясы адамзаттың жүрегін ояту десек ше? Құстың бәрі құйқылжыта ән салмайтыны секілді, адамзаттың бәрі әнші емес. Құдай құмбыл жаратып, назары түскен санау­лыларға ғана жүктепті бұл ама­натты. Оның ішінде де жү­рек жұбататындары шамалы. Жо­ғарыда айтқанымыздай, саусақ­пен санап аларлық. Сержан мен Дәуренбек есімі осы тізімнің бел ортасында. Жүрек жұбатып, көкірек көзімізді ашып, өлуге шақ қалған рухымызды оятып жүрген саңлақтар санатынан.

 

Метафизика

Құранда «сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік, бір-бір­леріңді танысын деп» дейді. Ал ұлттар мен ұлыстардың өзін­дік бір ерекшелігі, ешкімге ұқса­майтын болмысы болса керек-ті. Қарағандыда той-томалақта әнші атанып жүрген бір жігіт бар. Біреуді асқақтату үшін біреуді төмендетейік дегендік емес. Өзгенің жүрегін ояту тұрмақ, өз жүрегі оянбаған (өз сөзім). Ән айтқанда айқайлап, шабуылға шыға беретіні ұнамсыз. Тіпті құлағыңа түрпі. Оның айыбы «Музыканың ғажабы нотаның тізбегінде емес, сол ноталар ара­сындағы үнсіздікте» деген Мо­царт­тың ұлы қағидасын ескер­мейтіндігінде. Бұл және басты айыбы емес. Бастысы қазақтың Мәди Бәпиұлының «сиын­дым бабам Қазыбек аруа­ғы­на» де­ге­нін «сиындым құдіретті бір Аллаға» деп өзгертіп айтып жүр­ге­нінде. Кейінгі кезде осын­дай жаман үрдіс әдебиетте де кең етек жайды. Қазтуған, Шал­киіз­дердің қаншама сөзі бұрмаланды. Ұлттық мұраға қол салу – нағыз надандық. Алла адамзаттың бәрін араб қылып жаратамын десе, әу баста-ақ жаратар еді. «Ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» деген соң, әр ұлттың өз мәдениеті, дәстүрі болады. Сол ұлттық колоритті сақтау парыз. Алла жаратқанды араб империализмі бұзып жатқанын түсінетін сана жоқ. Классикалық әншілердің негізгі миссиясының бірі – қазақтың әнін ұрпаққа аман-есен табыстау. Әлгі ән­ші­сымақ секілді «бидғат» қо­сып, әнді бұрмалап жеткізу емес. Қолайыңа келмесе, әнді қорламаған жөн. Өткен шаққа дін керегі жоқ, өйткені ол – өлілер әлемі. Дін осы шақ пен болашаққа ғана керек. Мұндайға бес уақыт намазын түгендеп жүрген Сержан Мұсайын да барған жоқ. Себебі өз миссиясын біледі. Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың әндерін Жүсіп­бектен, Әміреден қалай алды, солай орындап жүр. Әнге келген адамға жанкештілік керек. Құлағы керең Бетховеннің сым­ның бір шетін тісіне, бір шетін роялға байлап, тербелісті тісімен сезіп, ішкі құлаққа жеткізіп, ұлы дүниелер туғызғанындай. Немесе әні үшін ауышқа баланып, аяқ-қолы байланған Біржанның ән салғанындай. Біз бір дүниені түсінуіміз керек. Ғылымда метафизика деген термин бар. Ол материалдық заттың рухани көшірмесі (мысалы, сіз отырған орындықтың көзге көрінбейтін сәулесі). Қазақтың классикалық әні – ұлттың метафизикасы. Яғни ұлт болмысының сәулесі. Тағы да Құранға сүйенсек, о дүниеде адамның он екі мүшесі куәлік береді. Тәңірінің аманатын қалай орындағаның туралы. Бұл да метафизиканың бір көрінісі. Сол секілді ауыздан шыққан әуеннің өз ғұмыры болады.

 

Тербеліс

Әлемнің барлығы тербелістен (вибрация) тұрады. Адамның терісін кесіп, тініне үңілсеңіз, оның ішінде атом бар. Атомның ішінде нұр (энергия) бар. Сол нұр үнемі тербеліп тұрады. Бұл менің ойлап тапқаным емес, ғылым жаңалығы. Ал дауыс ше? Жалпы, біз дауысты есіту жайын­да иллюзиялық көзқараста жүрміз. Дауыс ауыздан шыққан бетте тұтас ести салатындай көрі­неді. Ал шындығына келгенде дыбыс құлағымыздағы барабанға соғылады да, барабан артындағы балға іспетті сүйек ішкі құлақты соққылап, сол тербеліс су толы ұлутасқа жетіп, одан шыққан тербеліс жүйке арқылы миға дабыл (сигнал) ретінде жетеді. Ол миға шифр ретінде келіп, ми оны шешіп, біз еститін дауысқа айналдырады (кемелердің SOS сигналын жібергенін һәм шифрды шешкенін елестетіңіз). Бұл дегеніңіз – тұтас бір үдеріс. Бұл тербеліс атом ішіндегі нұрға да әсері бар. Қазақ «сөз сүйектен өтеді» дейді. Ғалымдар сөздің адам ДНҚ-сын өзгертетінін дәлелдеді. Ал ән дегеніміз – сөздің кемелденген түрі.

Дауысты естуіңіздің өзі осынша күрделі. Ал ырғақты дауыс­тан сөздің сүйегін бөліп алып түсінуіңіз қандай ғажап құбылыс? Күнделікті күйкі тір­лікте жаныңызға қажеті шама­лы қаншама сөз естисіз. Миға көп-көрім салмақ болса керек. Ал енді «сұлу салған ән сыңайлы» (Ерлан Жүніс) әнді есту қан­дай ғанибет? Миыңыз сүйсіне қорытары анық. Жанымыз рақат­танатыны сол шығар. Сержан Мұсайынның биік, Дәуренбек Әркеннің майда қоңыр дауысы қосылып құлағымыздың дабылын соққанын, сол тербеліс әлі қан тамырымызда айналып жүргенін жоғарыда айттық қой. Бұл сүйсіну жадымызға біржола жатталып, мөрленіп қалғалы қашан?

Қайбір жылы Қадырғали Көбентай ағаға қоңырау шалдым. Ән жинағын сұрадым. Мен үшін Қадекең – күрделі сөзге ән жазатын сирек кездесетін талантты сазгер. Сөйтсем, осы күнге дейін Қадырғали ағаның бірде-бір ән жинағы шықпапты. Дәл осы кеп Сержан Мұсайын ағамның да басында бар. Меніңше, Сержан Мұсайын бір ұлы сәтін күтіп жүрген секілді. Әнші де жараулы ат секілді. Өз шабысын, аяқ алысын біледі. Ұстазы Мейірхан Адамбек (тие берсін) ағамыз ән жинағында он беске тарта ғана ән қалдырыпты. Елеп, екшеп, жанының үзігіндей қылып шырқаған. Ол он бес әнді енді ешкім де қайталай алмайтындай, құрыштан құйғандай қаптап, қалыптап тастаған. Секеңнің де күткені осы секілді. Дәуренбек Әркен ағамыздың да бұл тұр­ғыдан талғамы биік. Жүрегі қа­былдаған әнді ғана айтады. Бұл – енді ұстаздың үлгісі.

Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркен ағаларым туралы бөлек-бөлек мақала жазсам болар еді. Бірақ мен екеуін бөліп қарай алмадым. Екеуінің есімі аталса «Сарыарқа» әні шырқалып, бір ғажап тербеліс құлақ дабылымды соққылап, миым сол әуеннің шифрын сүйсіне шешіп жатады. Ол екеуі Қарағандының музыкалық портреті десем, артық емес.

 

Поэтикалық шегініс

 Орындықтың метафизикалық сәулесі болатыны секілді ұлттың да болмысының сәулесі болады. Ол қазақ әні. «Айтбай», «Маңмаңгер», «Гауһартас», «Сырғақты», «Майдақоңыр», «Қара­кесек», «Балқадиша», «Шай­танкөл», тағысын тағы. Бұл әндерді тыңдаған адамдардың жүрегі, миы, атомдары бір ғажап ырғақ­пен тербеліп тұрады. Ұлттың осынша байлығын жүре­гінің төрт қалтасына толтыра сақтап, ұлы тойдың сарқытындай үлестіріп жүрген әншілер Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркеннің ән сапары ұзақ болғай.

 

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

«Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты